Атырау, 4 мамыр 13:38
 ашықВ Атырау +11
$ 444.14
€ 477.05
₽ 4.85

Коронавирус: 2020 жылдың ауыр шілдесі қайталануда

Сурет Бейнежазба
2 560 просмотра

- Бүгінде облыстағы ахуал пессимистік сценарий бойынша дамып келеді, соған сәйкес орташа тәуліктегі сырқаттану көрсеткіші 290 жағдайға тең. Былтыр шілденің бірінші жартысында ауру үдеп, күніне 250-300 жағдай тіркелсе, 9 шілдеде 658 жағдай расталды. 15 шілдеден кейін азая бастады. Биыл осы жағдай қайталануда. Қазір ауру көбейіп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігінің болжамына сәйкес, аурудың үдемелі кезеңі тамыз айында болады деп күтілуде, - деп хабарлайды «АЖ» тілшісіне Атырау облысының бас санитар дәрігері Мәдениет ТАНАУОВ.

Жағдай шынымен де күрделі: Атырау қаласында ауру көбейіп барады, Жылыой ауданында соңғы екі күнде, тиісінше, 11 және 26 жағдай, Құрманғазы ауданында 17 және 20 жағдай тіркелді, қалған аудандарда күн сайын 5-6 жағдайдан анықталуда. Жүргізілген зерттеуге сәйкес, шілде айында науқастардың 48,7%-ы қоғамдық орындарға және түрлі іс-шараларға барғаннан кейін ауырған, 24%-ы науқастармен тығыз байланыста болған, 19%-ы қоғамдық көлікпен жүргенде, 1,8 %- Астрахань-Атырау көлік өткелінде жұқтырған. Жас ерекшелігі құрамы да өзгерді: былтыр жасы келген адамдар басым болса, биыл ауру «жасарды»: 30-39 жаста - 20%, 40-49 жаста - 15,7%, 50-59 жаста - 14,8%, 60 жастан асқан - 13%, 14 жасқа дейінгі балалар - 12%. Соңғы аптада коронавирус инфекциясынан 4 адам қайтыс болды.

Былтыр ауру жұқтырудың 70-80%-ы Теңізде болса, бүгінде ол жақта жағдай тұрақталды, бұл екпе алғандардың саны көп болуына байланысты. Онда күн сайын 40 мыңға жуық адам жұмыс істейді, оның 30 мыңы вакцина алғандар, бұл көрсеткіш үнемі өсіп отырады. Нәтижесінде кен орындарында ауру жұқтыру саны күн сайын 10-нан аспайды және оның көп бөлігі ауысым жұмысшыларының келуімен сәйкес келеді.

Мәдениет Танауов

- Атырауда аурудың көбеюі қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтамаумен байланысты. Екінші фактор – вируленттілігі жоғары Дельта штаммының пайда болуы. Оның таралуы көп нәрсені түбегейлі өзгертті, аурудың барысына да әсер етті. Бұл анағұрлым ауыр және сауықаннан кейін де дұрыс оңалту қажет бола ма деп қорқамын. Маусымда ауру жұқтырған 100 адамның 70%-ы симптомсыз ауырса, бүгінде, керісінше, пациенттердің көпшілігі түрлі ауру белгілеріне шағымданады. Ең алдымен бұл неврологиялық көріністер және диарея, - дейді М.Танауов.

Өзіңізді және жақындарыңызды аурудан қорғау үшін бас санитар дәрігер вакцина алуға кеңес береді. Вакцина алуға тиесілі облыстың 230 мың тұрғынының бүгінде 118 201-і бірінші компонентті, 63 537-сі екінші компонентті алды.

Былтыр Атырау облысында аурудың үдемелі кезеңі шілденің бірінші жартысына сәйкес келді. 5 шілдеде екі апталық қатаң карантин жарияланды. Көшелер бос қалып, бірақ дәріханалар жанында ұзын-сонар кезек пайда болды. Адамдар түннен бастап кезекке жазылды, бірақ келесі күні кешке дейін дәріханаға кіре алмады.

Емханалар пациенттерді жоспарлы қабылдауды және балаларға «әдеттегі» екпе салуды тоқтатты, ауруханалар тек шұғыл жағдайда қабылдады. Биыл жағдай қайталануда, ауру жұқтырғандар саны үнемі өсіп жатқаны байқалады: үш күн бұрын олардың саны 256 болса, кеше 290, ал бүгін 334-ке жетті. Бұл  күндері емхана, аурухана және дәріханалар қалай жұмыс істеуде? Міне, бірнеше мысал.


ЕМХАНАЛАР

- Емханалар толық жұмыс істемейді. Мобильді топ ауруы асқынған созылмалы аурулары бар науқастардың үйіне барады, ал қалған жағдайда шақырту жедел медициналық жәрдем қызметіне жолданады. Біз «таза» және «лас» деген екі кіреберіс ұйымдастырдық. Біріншісі - пациенттерді жазылу бойынша, екіншісі – дене қызуы көтерілген науқастарды шұғыл қабылдайды. Біздің мамандар үй карантинінде ауру жұқтырған пациенттердің жағдайын күнделікті бақылап отырады, - дейді Еркінқала дәрігерлік амбулаториясының директоры Еркін САБИРОВ.

Бұл амбулаторияға Балықшы мен Ракушадан 3800 науқас тіркелген. 1-сыныпқа баратын балалар мен бір жасқа дейінгі сәбилер үшін жоспарлы медициналық тексеру ғана қалдырылды. Коронавирус вакцинасын да осы жерден алуға болады. Е.Сабировтың айтуынша, жақында амбулаторияда «Спутник V» вакцинасын алған ең жасы үлкен науқас - 72 жаста. Ер адамның созылмалы жүрек-қан тамырлары ауруы бар, асқазан-ішек жолдары ауырады, бірақ қазір жағдайы қанағаттанарлық, бұл оған вакцина алуға мүмкіндік берді. Ол вакцинаны өз еркімен, отбасы мүшелері қатты сырқаттанғаннан кейін алуға шешім қабылдаған. 

 

АУРУХАНАЛАР

Әсіресе, былтыр облыстық ауруханаға оңай соқпады - көктемде ол карантин мен дезинфекция үшін жабылды, содан кейін стационарға жоспарланған науқастардан бас тартып, кейбір бөлімдерді жауып, ол кереуеттерді ковидпен ауырғандарға беруге тура келді. 2020 жылдың 14 сәуірінен бастап стационар күшейтілген режимде жұмыс істеді. 40 орынға арналған КВИ бөлімі ашылды, жоспарлы қабылдау тоқтатылды. Көп ұзамай, 40 орынға тағы кереуеттер қосылды, ал шілдеде стационар 400 орындық жұқпалы аурулар ауруханасы ретінде жұмыс істеді. Көп бөлім жабылды, хирургия мен гинекология бөлімдері теміржол ауруханасына, ал терапия бөлімі жеке емханаға көшті. Аурухана карантин режимінде 5 ай жұмыс істеді. Жағдай тек жаздың аяғында тұрақталды, 10 қыркүйекте аурухана негізгі қызметін жалғастырды.

- Біз бүгін де ковидке шалдыққан науқастар үшін артық орындар дайындадық, қажет болған жағдайда 230 орынға дейін кеңейте аламыз, бірақ бұған жетпес деп үміттенемін, - дейді облыстық аурухананың директоры Ербол ИМАНҒАЛИЕВ. Ковидке шалдыққандарды емдеу үшін жұқпалы аурулар ауруханасы мен модульді аурухана, кардиология орталығы және фтизиопульманологиялық орталық жұмылдырылды. Әзірге олар науқастар легін игеріп жатыр, бұл облыстық ауруханаға әдеттегіше жұмыс істеуге мүмкіндік беріп отыр.

 

ДӘРІХАНАЛАР

- Жағдай тұрақты, өткен жаздағыдай дүрлігіс жоқ. Бәлкім, бұл ауруханалар мен емханаларда қажетті дәрі-дәрмектердің болуына байланысты шығар. Біз қажетті дәрі-дәрмектің бір айлық қорын сақтаймыз, бірақ енді көп көлемде сатып алуды жоспарламаймыз, - дейді «Семейное» дәріханалар желісінің директоры Сұңқар МӘЛІКҰЛЫ. Өйткені, коронавирусты емдеу хаттамасының бірнеше рет өзгеруі дәріхана иелерін дәрі-дәрмекті көп мөлшерде сатып алуға мәжбүр етті. Ол былай болды. Бір отбасында бірнеше адам ауырды. Емдеу курсы, әдетте, 14 күнге, күніне екі инъекциядан есептелген. Нәтижесінде үш адамнан тұратын отбасына 84 доза дәрі-дәрмек пен сондай мөлшерде шприц қажет болды. Осы есеппен сатып алынды. Ал емдеу хаттамасындағы келесі өзгеріс тапшы тауар шығындарын текке кетірді - олар мұндай көлемде енді қажет болмады. Тұрақты сұранысқа ие кең қолданылатын дәрі-дәрмек - антибиотиктер (цефазолин, цефамед), антикоагулянттар, поливитаминдер, В тобындағы витаминдер, С және Д дәрумендері. Бұдан басқа, кварцты шамдар, санитайзер мен дезинфекциялаушы төсеніштер жақсы сатылуда. Санитар дәрігерлер барлық кәсіпорындар мен мекемелерді, сауда және демалыс нысандарын осылармен жарақтауды міндеттеді.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

13 шілде 2021, 17:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.