Атырау, 11 қазан 11:22
 ашықВ Атырау +18
$ 490.84
€ 536.88
₽ 5.04

Жанды жабырқатқан жағажай

Сурет Бейнежазба
2 916 просмотра

Атырауда екі аптадан бері аптап ыстық болып тұр. Адамдар әдеттегіше суға шомылып, салқындап алғанды жақсы көреді. Алайда біздің жағажайлардың келбеті керемет емес.

Әрине, WhatsApp-та таралған бейнежазбадағыдай емес: онда шомылған иттер үстерін еріне сілкіп, жағалаудың балшығын кешіп, судан шығып жатыр. Кадр сыртындағы әйел дауысы бұл Жилгородоктағы жағажай дейді. Дегенмен де, соңғы жылдарғы «AЖ» тігіндісін парақтап шығып, біздің жағажайымыз бірнеше жыл қатарынан жазғы маусымға дайын бола алмай келеді деген қорытындыға келдім. Фототілші екеуміз ерінбестен қажетті ақпаратты алдын ала жинап алып, жағажайларды тексеруге шықтық.

Атырауда ресми алты жағажай бар, олардың бәрі 10 жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға берілген. ДСК маңындағы жағажай 2019 жылы «Евразия» ЖШС, Жилгородок жағажайы мен Қ.Мәмекұлы көшесінің аумағындағы жағажай 2020 жылы «Номад» ЖК-не берілді, Балықшы тұрғын үй массивінің аумағындағы жағажай 2020 жылы «Евразия» кәсіпкерлікті қолдау орталығы» ЖШС-не берілді. Жилгородок аумағындағы жаңа жағажай (көлік және жаяу жүргіншілер көпірінің арасында) 2020 жылы «LUCH» ЖК-не, Мечников көпірі маңындағы жағажай да 2020 жылы кәсіпкерге берілді. Биыл барлық жағажай тегін жұмыс істейді.

- Олардың үшеуі – ДСК маңындағы және Жилгородоктағы екеуі өз жұмысын бастады. Whatsapp-та жүрген бейнежазба бұрынғы. Қазір аумаққа құм төгілді, суға қоршау жасалды, құтқарушылар кезекшілік етеді, бәрі қалыпты режимде. Көп кешікпей аумағында аквапаркі бар тағы бір жағажай ашылады деп күтілуде. Оны ұстауға бюджеттен ақша бөлінбейді, бәрін кәсіпкерлер өз есебінен жасайды - деді маған қалалық әкімдікте.

Біздің кәсіпкерлердің ақшасы аз ба, әлде  олар қаржы жұмсағысы келмей ме, бірақ нәтижесі көңіл көншітпейді. Аумақта құтқарушыларға арналған мұнаралар, киім ауыстыратын кабина мен дәретханалар бар. Біздің жұмыс күнінде көргеніміз осы. Құм көп емес, көп бөлігі жағалауда, ағаш жатақтар да, жағажай шатырлары да жоқ. 

Жағажай қызметкерлерінің айтуынша, демалыс күндері бұл жерде тіршілік қайнайды екен. Кейде, меніңше, шектен тыс секілді. Ата-аналардың сәбилерімен бірге ешқандай құтқару жилетінсіз және шеңберсіз моторлы қайықпен су айдынында жүзіп жүргенін көргенде жағамды ұстаймын.

 - Жағажайларда жұмыс жасайтын құтқарушылар алдын-ала бізден дайындықтан өтеді. Құтқарушылардың жұмыс уақыты жұмыс берушілермен келісе отырып белгіленеді, - дейді төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Бақыт АБЛАНОВ. Жағажайларда жалға берілген қайықтар мен басқа да жүзу құралдарындағы қауіпсіздік шараларына келетін болсақ, біз оларға бақылау жасамаймыз. Біз тек оқиғаларға ғана барамыз, сонымен қатар рейд өткіземіз.

Сол жердегі құтқарушылар өздерінде барлық қажетті заттар бар екенін, үрлемелі жилеттер, соның ішінде балаларға арналған түрлері де бар екенін растайды. Ал жүзбелі құралдарды жалға беретін жеке кәсіпкерлер демалушыларды осымен қамтамасыз етуі керек. Сонда демалушылардың қауіпсіздігі олардың өз қолында болғаны. Бұл туралы құрлықта да, суда да ұмытуға болмайды.

Б.Аблановтың айтуынша, жағажай маусым басталғалы олардың қызметі әкімшілік кодекстің 364-бабы ("Тыйым салынған жерлерде шомылу") және 440-бабы ("Алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу") бойынша 50 ескерту хаттамасын шығарған. Жаз басталғалы 10 адам суға кетті, оның 4-уі балалар. Олардың барлығы тыйым салынған жерде шомылған.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суреттерді түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

29 маусым 2021, 22:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.