Атырау, 2 мамыр 17:14
 ашықВ Атырау +17
$ 442.05
€ 474.14
₽ 4.74

Гурьев соғыс жылдарында: жау қақпа алдында тұрды

Сурет
3 741 просмотра
Тазетдин Гилязетдинов 

80 жыл бұрын 1941 жылдың 22 маусымында Ұлы Отан соғысы басталды. Біз әлі күнге дейін облысымыздағы майдангерлер туралы нақты мәліметті білмейміз. Тек соғысқа 43 мыңға жуық адамның аттанғанын, 15 мыңға жуық адамның ұрыста қаза тауып, жараланып немесе тұтқында өлгенін, хабар-ошарсыз кеткенін шамалап қана айтамыз.

- 1950 жылдардың аяғында ауылымызда 60 жастағы бір әйел тұратын, бірақ 80-85 жастағыдай көрінетін. Ол қайғыдан шөгіп кеткен еді, сұм соғыс күйеуін, бес ұлы мен екі бауырын жалмады. Жалғыз ұлын, немересін қорғау үшін кейде майданға қариялар аттанатын. Сөйтіп, 1941 жылдың күзінде біздің облыстың Денгиз ауданында әскери комиссариат отбасындағы жалғыз ұл 18 жастағы жігітті соғысқа шақырады. Атасы Жұмабай Берниязов немересінің орнына соғысқа өз еркімен сұранады. Ол кезде жасы 64-те еді. 1942 жылдың наурызында Ж.Берниязов хабар-ошарсыз кетті, - деп әңгімелейді әскери тарихшы Жұмабай ДОСПАНОВ. Әкесі соғыстан аман оралғанымен, екі рет контузия алған, кейін өмір бойына оның зардабын тартты. Соғыс қасіретін көргендер қолдарынан келгенше бастан өткерген күйзелісті ұмытуға тырысты.

- Бұл көріністі ешқашан ұмытпаймын: 1960 жылы 8 жасымда алғаш рет әкеме еріп, облыс орталығындағы колхоз базарына бардым. Ал ол жерде...Көрген нәрсемнен тілім байланып қала жаздады, тіпті есімнен тануға шақ қалды. Базарға кірер ауыз соғыс мүгедектеріне толы екен. Әр қадам сайын отырғандар, тұрғандар, құлап-сүрінгендер, жатқандар, теңселген жандар. Әйелдер ағаш арбамен аяғы жоқ адамдарды алып бара жатыр. Жан түршігерлік айқай-шу, балағат сөздер; аналары мен балалары жылап жүр; мас адамдар төбелесіп, бір-бірін қолдарына түскен нәрсемен аяусыз ұрып жатыр. Жекпе-жек күрестегідей, бет-ауыздары қан-қан, көздері ашылмастай ісіп кеткен. Сол кезде бір аяғы жоқтар немесе қолдары жоқтардың әскери тәсілдерді қолданып, күшті төбелесіп жатқандарын байқадым. Әкем олардың бұрынғы барлаушылар екенін айтты. Неліктен екені белгісіз, милиционерлер өте аз болды. Қоғамдық тәртіп бұзушыларды тәртіпке сала алмайтын. Содан кейін төрт жыл бойы қалаға барудан бас тарттым, - деп әңгімелейді Ж.Доспанов.

1980 жылдарға дейін Махамбет ауданының Сорочинка ауылында соғыс мүгедектеріне арналған интернат үйі жұмыс істеді. Аулада Сталин ескерткіші тұрды. «Жеке басқа табынушылықпен» айыпталғаннан кейін, Кремль бұрынғы көсемнің бүкіл ескерткішін алып тастауға шешім қабылдаған кезде Сорочинскідегі майдангер мүгедектер тәулік бойы кезекшілікке тұрып, оны қорғап қалды.

ЖАЯУ ӘСКЕР УЧИЛИЩЕСІ, ГОСПИТАЛЬДАР, РЕЗЕРВИСТЕР

1942 жылы 23 тамызда Вермахт әскерлерінің Сталинград облысының аумағына кіруіне байланысты КСРО Мемлекеттік қорғаныс комитеті мен КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумы өз қаулысымен Гурьев облысын Қазақ КСР-дегі майдан түбіндегі жалғыз облыс деп жариялады. Бір аптадан кейін, 1 қыркүйекте облыстық қорғаныс комитеті құрылды. Облыстың еуропалық бөлігінде түнгі 23-тен таңғы 5-ке дейін көшелер мен орынжайларда жарық жағуға қатаң тыйым салынды.

1942 жылғы 26 ақпандағы №0106 КСРО Қорғаныс халық комиссариаты бас басқармасының бұйрығымен Гурьев әскери-жаяу әскер училищесі ашылды. Өз кезегінде Гурьев облыстық атқару комитеті 1942 жылғы 2 наурыздағы №102 шешімімен оқу үшін, казарма, асхана үшін ғимараттар және бүкіл қару-жарақтан ату үшін далалық алаңдар, сондай-ақ көкөніс пен мал өсіру үшін жер бөлді.

Училище 1942 жылдың наурызынан 1943 жылдың сәуіріне дейін жұмыс істеді, осы кезеңде 18 ротаның 6 оқу батальонында 4800 курсант оқытылды (жартысы офицер болды). Училище басшылары полковниктер Н.С. Богданов пен В.П. Старостин болды.

Училище курсанттарынан Т.Б.Гилязетдинов, И.С.Дятлов Кеңес Одағының батырлары, М.И.Белов - генерал-майор атанды, ал жерлесіміз Л.С.Таршилов 1942 жылы 19 жасында Сталинградта атқыштар батальонына басшылық етті.

Игнатий Дятлов

1942 жылдың тамызынан 1943 жылдың тамызына дейін облыста Таңдай ауылында 471-зенит-артиллерия дивизионы мен әскери дала аэродромы бар авиациялық эскадрилья болды (бір звено қалада орналасты).

Михаил Белов 

Гурьевте 5 (кейбір дерек бойынша 10-ға жуық) майдан эвакуациялық госпитальдары жұмыс істеді. 1943-1945 жылдары ол жерлерде 9 мыңнан астам адам емделді, 1%-ға жуық адам қайтыс болды. 

Леонид Таршилов 

Қалада ғана емес, аудандарда да үнемі жергілікті тыл резервистері - 16-дан 55 жасқа дейінгі болашақ майдангерлер дайындалды. 1943 жылы Бақсай, қазіргі Махамбет ауданында 230 Ворошилов атқышы, 115 кіші командир, 39 минометчик, 51 қол пулеметші, 14 медбике, 36 мерген әйел және т.б. дайындалды.

БӘРІ ДЕ МАЙДАН ҮШІН, БӘРІ ДЕ ЖЕҢІС ҮШІН

Адамдар «бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деген принциппен өмір сүрді, өйткені алдыңғы шепте олардың туыстары мен жақындары шайқасты. Кәсіпорындар мен жеке тұлғалар майданның қажеттіліктері үшін ақша жіберді. «Бақсай» қаракөл совхозының ұжымы танк колоннасын құру үшін екі жыл қатарынан 150 мың рубльден жіберіп тұрды. Ал осы шаруашылықтың директоры, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің Кавалері Зинеш Сауков (Әлемге әйгілі контратенор әнші Ерік Құрманғалиевтың нағашы атасы), жеңіл ЛА-5 жойғыш ұшағын жасауға 106 мың рубль салды.

Ол ақшаны ВКП (б) ОК Саяси бюросының мүшесі, Сыртқы сауда халық комиссары, КСРО Халық комиссарлар кеңесі төрағасының орынбасары А.И. Микоян арқылы №292 Саратов авиазауытына жолдады. 1943-1944 жылдары Бақсай ауданының Павлов (қазіргі Бейбарыс ауылы) атындағы колхоз ұжымы танк колоннасы үшін 250 мың рубль жинады, төраға К.А.Намның өзі 100 мың салды.

- Біздің еңбеккерлер жеке әскери бөлімдерге де сыйлық жасады. Мен әйгілі «Бақсай» совхозының және Бақсай ауылдық кеңесі тұрғындарының сыйлығы туралы бір ғана мысал келтірейін. 1942 жылдың қазан айының басында Ұлы Октябрь социалистік революциясының 25 жылдығына орай олар Ленинградқа 86-атқыштар дивизиясының сарбаздарына 20 атаудан астам түрлі заттар мен азық-түлік жолдады. Оның ішінде жүннен тоқылған шұлық пен қолғаптар, түйе жүннен жасалған көрпелер, қысқы тондар, балық, ірімшік, құрт және сүрленген жылқы еті болды, - дейді Ж.Доспанов.

Осы дивизия құрамында 50 шақты жерлесіміз шайқасты, оның 4-еуі офицер (арасында 330-атқыштар полкінің штаб бастығы, Сорочинка ауылының тумасы, майор Оңай Шонаев бар). Ресей Федерациясының Президенті В.В.Путиннің әкесі - қатардағы жауынгер Владимир Спиридонович те осы полкте қызмет еткен.

БАЛАЛАР ТАНК ҮШІН ҚАЛАЙ ҚАРАЖАТ ЖИНАДЫ

Газетіміз 1943 жылдың жазында Денгиз (қазіргі Құрманғазы) ауданының оқушылары танк колоннасын салуға ақша жинауды ұйғарғаны туралы жазған болатын. 1942 жылы соғыс Гурьевке жақындай түсті, жау қазақ мұнайын көздеді. Біздің даламызға фашистік диверсанттардың қонғаны туралы қауесет тарады. Ақпараттық бюроның есебін тыңдаған ересектер күннен-күнге үрейлене бастады, үйлерге қарақағаз жиі келетін болды. Ол кезде балалар ерте есейіп кетті, бүкіл үй шаруасы соларға артылды, өйткені ересектер үнемі жұмыста болды. Тіпті, балалардың әңгімесі де соғыс туралы-тұғын. Оқушылар өзара осылайша майданға өз көмегін беруді ұйғарды. Олар сабақтан кейін ауылдастарының үйлерін аралап, өз идеяларын айтып, сол үйден құр қол шықпайтын. Әрбір үй, тіпті, соңғы тиынына дейін беріп, ортақ Жеңіске жетуге өз үлесін қосты. Ал балалар оны жалпы мектеп кассасына тапсыратын. Бірнеше ай ішінде 160 мың рубль ақша жинады. Тіпті, Сталиннен алғыс жеделхат алып, оны мектеп директоры салтанатты сапта оқып берді.

«Қазақ КСР Гурьев облысы Денгиз ауданының пионерлері мен оқушылары Формула Досалиевқа, Есен Бисеновке, Қалим Қуанғалиевқа, Бәтима Мәженоваға, Вера Тарасоваға, Нина Загребинаға, Сима Спиридоноваға, Роза Пакқа, Асығали Тайпақовқа, Болат Ысқақовқа, Таңатар Досаевқа, Ораз Жіпқалиевқа, Заира Сульмановаға, Хамеден Сатқановқа, Хәкім Юсуповке, Тома Досщановаға, Соня Лұқпановаға, Жәрдем Қоспергеновке, Еркін Жантеміровке, Хасир Бисұлтановқа, Мүслима Қожаеваға, Сережа Потемкинге, Ақтағали Әбишевке, Бәти Рахметовке, Идаят Бекмурзаевқа. Пионерлер мен оқушылар атындағы танк колоннасын салуға 160 мың рубль жинаған Денгиз ауданынының пионерлері мен мектеп оқушыларына - Қызыл Әскер алғысын жолдаңыздар және оқуларына және қоғамдық жұмыстарына сәттілік тілеймін. И.Сталин». Аты-жөндеріне қарағанда, қаражат жинаған балалар түрлі ұлт өкілдерінен. Танктері фашистерді қалай құртып жатқанын елестеткен олар бір Жеңісті армандады.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суреттерді Ж.Доспанов ұсынды

22 маусым 2021, 01:04

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.