24 қаңтарда мемлекеттік органдардың өкілдері мен бизнесмендердің Облыстық кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағы ұйымдастырған кездесуі болып өтті.
ДАЙЫНБЫЗ ДЕП ЕДІ
Бүгінде екінші деңгейлі банктердің (тек біздің облыстың ғана емес) бүкіл сауда нүктелерін пос-терминалдармен қамтуға дайын еместігі анықталды. Ал олар жоқ болса, салмақты айыппұлдар салынады. Өздерінің алматылық әріптестері секілді атыраулықтар да 2014 жылға дейін мерзімді ұзартуды өтінбекші:
- Осы заң қабылданбас бұрын барлық банктер сауда нүктелерін пос-терминалдармен қамтуға дайын екендігі туралы мәліметтер алынған еді. Бірақ біз өткен аптада банк өкілдерімен жиналыс өткізіп, олардың қазір дайын еместігі анықталды, - деді кездесу кезінде Атырау облыстық Салық департаменті бастығының орынбасары Айгүл РЗАҒҰЛОВА. – Бізде 6000-дай заңды тұлғалар мен 1500 жеке кәсіпкерлер бар. Жергілікті банктердің бірде біреуі пос-терминалдардың мұндай мөлшерімен қамти алмайды.
Бизнесмендер банктің әр транзакциялар үшін алатын комиссияларын тонаушылық деп атады. Бұл «өз» карталары үшін – 1-1,5 пайыз, қалғандары үшін 2,5-4 пайыз құрайды.
- Егер жеңілдігі бар клиент келіп, кәртішкесі бойынша төлейтін болса, дүкенге қалатыны аз болмақ, - деді қалаға танымал гүл бизнесмені Георгий ЩЕРБАКОВ. –Біздің сегментте соңғы 7-8 жылда баға өсімі болған жоқ, ал тарифтер өсіп жатыр, коммуналдық қызметтер қымбат. Енді оған пос-терминалдар қосылды. 4% деген - тонау ғой. Мен 4% табыс табу үшін аянбай тер төгуім керек. Мұндай жоғары пайыздар еш жерде жоқ, Еуропада менің білуімше - 0,5 пайыз.
Мәселен, кәсіпкерлердің айтуынша, егер тауар айналымы айына 10 млн теңге құраса, осы соманың 300-400 мың теңгесін банкке беруге тура келеді. Бұл өте көп, деп есептейді олар.
Терминалдың жетіспеуі жөнінде Ұлттық банктің Атырау филиалының жетекші маманы Ғазиз ТАРИХОВ былай деді:
- Банктер шынымен де қазір барлығын қамтуға дайын емес. Сіздер өз күштеріңізбен пос-терминалдар ала аласыздар, олардың құны 60 мың теңгеден басталады. Жеткізушілер бар, мен олардың телефондарының тізімдерін алып келдім. Бірақ кейін банкпен келісім-шарт жасау керек болады. Сіздерге біреу қызмет көрсетуі тиіс қой.
- Жалпы, пос-терминалдарды сату дұрыс емес, - деп есептейді Атырау облыстық кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағының төрайымы Әлия БЕКҚОЖИЕВА. – Кәсіпкерлер екі есе шығынға қалады. Біз салық қызметіне хат дайындаудамыз. Тек біз ғана емес, басқа өңірлер бойынша да адамдар көтеріліп жатыр, өйткені банктер де, кәсіпкерлер де дайын емес.
Көпшілігі енгізілген норма банктердің өздерінің тықпалауымен жүргізіліп жатыр деген пікір білдіреді.
МОНОПОЛИСТТЕН ҚОРҚЫНЫШТЫСЫ ЖОҚ
Тарифтердің үздіксіз көтерілуі, сондай-ақ борышкерлерді жазалау шаралары түрлі саладағы кәсіпкерлердің монополистке деген наразылығын күшейтті.
- Бұрын салық қызметі мен қаржы полициясынан қорқатын едік, енді монополист пайда болды, - деді бәрінің атынан сөз алған Әлия Бекқожиева «ҚазТрансГазАймақ» АҚ жергілікті филиалының өкіліне қарап. Айтылған пікірлердің бірі мынадай еді:
- Мына «ҚазТрансГазАймақ» алқымымызға пышақ тақап тұр деуге болады. Жалпы ол құқықтық мұрагер, бірнеше жылдан бері қызмет етіп келе жатқан кәсіпорынның негізінде құрылған. Неліктен ол бұрынғы кәсіпорыннан келісім-шартты алып, қайта келісім жасамады? Біздің жұмыс жасап келе жатқанымызға 10 жыл болды. Құжаттардың бәрі бірдей сақталған жоқ. Оларды ұсынбаған жағдайда «ҚазТрансГазАймақ» газ беруді тоқтатады. Бұл олар кәсіпорын жұмысын тоқтатады деген сөз.
Осыған байланысты Әлия Бекқожиева кезінде қалаға танымал кәсіпкер Зураб БОБОХИДЗЕНІҢ бизнесі жабылып қалғанын еске алды:
- Сіздер оның бизнесінің түбіне жеттіңіздер ғой, - деді ол монополисттер өкілдеріне қарап. – Оның кәсіпорнынан жарықты айырып тастағанда бір күнде 100 тонна ет бұзылып кетті. Ал сіз қақаған қыста газды тоқтатудың не екенін білесіз бе?! Егер сіздердің кесірлеріңізден біреудің бизнесі жабылар болса, мен президентке дейін барамын!
«ҚазТрансГазАймақ» АҚ Атырау филиалының сату бөлімінің бастығы Қайсар РАХМЕТОВ қорғана бастады:
- Алматыдағы бас кеңсе бізді барлығымен келісімшартты қайта жасауды талап етіп отыр. Кәсіпкерлер келмейді, біреулерінің кезінде техникалық шарттар мерзімі өтіп кеткен болса, енді біреулерінің әлдебір құжаттары жетіспейді. Бірақ біз оларға бізге келіңдер, кепілдік хаттарын жазыңыздар, біз уақыт береміз деп түсіндіреміз. Біз газды айырған уақытта ғана, бүкіл құжаттарын алып, жүгіріп келеді. Бірақ біз газды 1-2 күнге тоқтатып тастаған кезіміз болған емес.
- Бұл туралы ойларыңызға да алмаңыздар, - деді Бекқожиева. – Сіздердің бір минутқа да тоқтатуға қақыларыңыз жоқ. Тек сот шешімімен ғана болмаса.
Мұнымен, айтпақшы, қатысып отырған облыстық прокуратура өкілі де келісті.
Кәсіпкерлер олардан монополисттер, атап айтқанда «АЖЭО» АҚ талап етіп отырған алдын ала төлемнен де ығыр болып отыр. Жылу берушілер бұған өз жеткізушілерімізбен өзімізге де алдын ала төлем бойынша жұмыс істеуге тура келеді деген уәж айтып отыр.
- Өздеріңіздің айналым қаражаттарыңыз болу керек, - дейді кәсіпкерлердің бірі. – Мен де өз жеткізушілеріммен алдын ала төлем арқылы жұмыс жасаймын. Бірақ мен оны өз клиенттерімнен талап етпеймін. Монополисттің бизнесі де біздің бәріміздің бизнесіміз секілді ғой. Қожайындары бірнеше жыл дивидендтерін алмай, оларды айналым қаражатына жіберсін.
Осындай мерзімі жеткен мәселе «Су Арнасы» мен «Атырау-Жарық» тарапына да айтылды.
БАЙШОНАС БИЗНЕСІ
Залда Байшонастың бірнеше кәсіпкерлері қатысып отырды, олардың осы поселкеде өз бизнестері бар (естеріңізге салсақ, оның бүкіл тұрғындарын өткен жылдың аяғында Атырауға көшірген болатын). Олардың айтуынша, поселкелік әкім де, облыс басшылығы да оларға өтемақы тиесілі ме, егер тиесілі болса, қалай есептелетіні жөнінде әлі біркелкі жауап бере алмай отыр.
- Кезінде облыс әкімінен Байшонаста бизнес жасағандарға қатысты не болады деп сұраған едім. Ол жерде дүкендер, шаштараздар, кафе жұмыс жасап тұрды, - деп түсінік берді Әлия Бекқожиева. – Әкім оларға өтемақы төленеді деп айтқан еді.
Прокуратура өкілі байшонастықтарға арыз беруге кеңес берді. Содан соң прокурорлық тексеру жүргізілмек. Оның айтуынша, заңға сәйкес, жергілікті атқару органдары бүкіл шығындарды бағалық мөлшерде немесе жаңа ғимаратпен 100 пайыз өтеуі тиіс.
- Біз облыстық әкімдікке де, қалалық әкімдікке де өтінішпен бардық. Бізге мәселенің қаралатынын айтты, бірақ ешқандай уәде берген жоқ, - дейді байшонастық кәсіпкер әйел. – Мен өз есептеуім бойынша дүкенімнің бағасын шығардым, 642 мың теңгеге шықты. Бұл ақшаға мен қаладан өз бизнесімді жалғастыра алмаймын.
- Бұл сіздің жеп отырған наныңыз ғой, сондықтан сіздің мәселеңізді шешуі тиіс. Осындай көлемде ғимарат сұраңыз, - деп кеңес берді Бекқожиева.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА