Атырау, 27 сәуір 06:00
 ашықВ Атырау +24
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Адам құтқарып, Кустомен жұмыс жасаған тәжірибелі сүңгуір

Сурет
2 815 просмотра

Көптеген қала тұрғынының өмірін қиған, Жайықта серуендеу қайығы батып кеткен апат туралы мақала жарияланғаннан кейін, «АЖ»-ға сол оқиғада адам құтқарған батыр-сүңгуірге қатысты кейбір түзетулер айтып  Ақтау тұрғыны Роза ҚҰСПАНОВА хабарласты.  Сүңгуірдің есімі Ғабидолла Құспан емес, дұрысында Ғарифолла ҚҰСПАНОВ екен.

Розаның өзі сол кісінің келіні екен, екінші ұлының әйелі. Айтуынша, бүгінде қайын атасы өмірде жоқ, осыдан 15 жыл бұрын, 2006 жылы дүние салған.

Ғарифолла Құспанов 1935 жылы сол кездегі Гурьевте дүниеге келген. Қасірет болған 1961 жылы ол 26 жаста еді, үйленген, бір жастағы ұлы бар. 1961 жылы ол «Суға кеткендерді құтқарғаны үшін» КСРО медалімен марапатталған. Негізі орден тақса да, артық болмас еді. Оның сол кездегі іс-әрекеті келіні Роза ұсынған республикалық басылымда келтірілген. 

Құтқарушы-сүңгуір болып қызмет еткен Ғарифолла көктемгі тасқында тұна қоймаған өзеннің мұздай суына секіреді. Жанталасып, қолына іліккендердің бірін шығарып, үстіндегі киімін шешіп, соған қалдырады да кері суға секіреді. Кейін тағы бір жігіт аяғына жармасады. Оның қарысып қалған қолдарынан жағалаудан көмекке келген балықшылардың көмегімен әрең дегенде босатып, кері Жайыққа сүңгіп кетеді. Кейін құтқару стансасынан арнайы катер мен құтқарышулар көмекке келіп, біраз адам құтқарылды.

Сол қаралы күні ол қанша адамды құтқарғаны нақты белгісіз, оншақты болып қалар.

Батырдың өмірбаянына оралайық. Алматыда, кейін Мәскеуде сүңгуір-нұсқаушыларды даярлайтын жоғары мектептерді бітірген соң, кәсіптік қызметін 1958 жылы Атыраудағы ДОСААФ жанындағы әскерге шақырылатын жастарды суға жүзуге үйретуші нұсқаушылықтан бастаған. Сөйтіп 43 жыл осы салада еңбек етіп, біраз жетістікке қол жеткізді. Оны әріптестері алдыңғы қатардағы сүңгуір ретінде құрметтеп, «адмирал» деп атап кеткен.

Тағы бізбен байланысқа Ғарифолланың інісінің әйелі Масрипа ҚҰСПАНОВА шықты. 1961 жылы 10 жаста болатын.

- Ол кезде Жайықта су өте мол болды, – дейді Масрипа.Аға 1968 жылға дейін ДОСААФ-та жасады. Кейін Ақтауда теңіз сауда порты құрылысы басталып, сонда жұмысқа шақырылды. Біз Атыраудағы катер аударылып, адам шығыны болғанын кейін естідік қой. Онда да «Титаник» фильмі экранға  шыққан кезде атыраулықтардың арасында осы қасіретті апат туралы айтыла бастады!

Ол Ғарифолла ағаның өте еңбекқор, ақжарқын болғанын айтады. Оның жолдасы Зәуреш апа осы жақында ғана көз жұмған.

- Аға мен Зәуреш апа екеуі әдемі жұп болатын. Өзара сыйластығы бөлек еді. Атыраудағы достары оны «Амфибия адамы» дейтін.

Екі келіні де қайбір жылы Ақтауға мұхит айдынында зерттеу жұмыстарымен айналысатын әйгілі Кусто командасының келгенін айтады. Сол кезде Ғарифолла аға бірге теңізге шығып, бағыт-бағдар беріп отырған.

Ол бұл туралы кейін республикалық басылымға берген сұхбатында тек мамандық тұрғысынан емес, даналығын көрсетіп, өз ойын білдірген: 

- Біздің теңізбен қарым-қатынас мәдениетіміздің қалыптаспағаны өз алдына, ол туралы тым аз білеміз. Біреулер кәрі Каспийге мұнай мен қызыл балық, қара уылдырықтың қоймасы секілді қарайды. Оның тылсымын зерттеуге ғылыми талпынысты өз басым әзірге көре қойған жоқпын. Зерттейміз деп келген әйгілі Кусто командасының да тісі батпады. Меніңше Каспийдің қай тұрғыда да құпиясы көп. Теңіз астындағы ағыстар мен иірімдерде не сыр бар, бір жерде теңіз түбіндегі қайраң жағалауға қарай жалдана үйірілсе, екінші жерде теңіздің төріне қарап лықситынында, теңіз таулары мен үңгірлерінде, балдыр ормандары мен сан қилы өсімдік, жануарлар дүниесінде қандай жұмбақтар бар? Жауап жоқ».

Айнұр САПАРОВА

17 мамыр 2021, 09:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.