Атырау, 19 қараша 10:33
 бұлттыВ Атырау +5
$ 497.89
€ 525.12
₽ 5.00

Апатқа ұшыраған атыраулық «Титаниктің» 60 жылдығына орай

5 526 просмотра
"АЖ" мұрағатынан алынған сурет

Бұл трагедия 1961 жылы 2 мамырда – тура 60 жыл бұрын болды. Сол кезде «Бүкіл еңбекшілердің ынтымақтастығы күніне» орай жолаушылар катерімен Жайық бойында серуендеу арқылы мерекені атап өтетін. Оның үстіне көктемнің нағыз ортасы болатын, 1 мамыр мерекесінен кейін адамдар көңіл көтеруді жалғастырмақ болған. Өкінішке орай, бұл ондаған адамды ажал құштырған қайғылы оқиғаға ұласты.

Бұл апат туралы сол кездегі не республикалық, не одақтық, тіпті, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының бірде-біреуінде біздің елде мұндай жағдай болмайды дегендей, бір ауыз сөз айтылмады.

Алғаш рет Гурьевтегі «Титаниктің» суға батқаны туралы атыраулықтар 39 жылдан кейін - 2000 жылы 30 наурызда біздің газетімізден білді. «AЖ» газетінің қазіргі редакторы, сол кезде жас тілші Азамат МАЙТАНОВ көлемді мақала жазды. Ресми дереккөздерден, осыншама жылдан кейін ақпарат алу мүмкін болмады. Сондықтан журналист оқиғаға қатысушылар мен куәгерлердің айғақтарына сүйенді. Олардың арасында адамдарды құтқарған сол кездегі жас сүңгуір Рафал ЮЗЛЕКЕЕВ те болды. 1961 жылы ол 18 жаста еді.

 

ТОМАРЛЫҒА БЕТ АЛЫП

Кеңес дәуірінде 1 мамырды дүркіретіп атап өтіп, адамдар барынша көңіл көтеретін. Ресми шеруден кейін сауық-сайран құратын болды. Бағдарламада өзен бойымен серуенге шығу қамтылған.

1961 жылдың 2 мамырында бұрынғы соғысқа дейінгі қарауыл катері болған, кейін серуен көлігіне  айналған облыстық ДОСААФ-қа тиесілі кеме Томарлы (Теңдік) ауылына қарай жол тартты. Әрі кеткенде 30 адамға арналған шағын кемеде 70-тен астам жолаушы болған. Штурвалда ДОСААФ төрағасы, тәжірибелі өзен қызметкері, капитан Беляков тұрған.

Жақсы серуеннен соң, сол күні кешке катер бортында ән айтылып, би биленіп, кеме қалаға оралады.

Рафал Абрафикович Юзлекеевтің айтуынша, ол кешке қарай судан құтқару станциясына кезекшілікке шыққан. Жол бойында көп адам мінген катердің аударылғаны туралы әңгімелерді құлағы шалып қалады. Оның әріптестерінің бәрі жағалауда жүр екен. Солармен бірге қайықпен оқиға орнына жақындағанда, жергілікті балықшылар қолдан келгенше адамдарды құтқарып жатқан еді. 

"АЖ" мұрағатынан алынған сурет

МҰЗДЫ ТАУ ЕМЕС, ӨЗЕН МҮЙІСІ

Шамадан тыс салмақ түскен катер едәуір жылдамдықпен өзеннің Бұқар беті бойымен Баутин көшесіне қарсы мүйіске соғылды. Тергеу анықтағандай, бұл шамамен сағат 17:00-де болған. Күшті соққыдан катердің алдыңғы жағында тұрған адамдар борттан ұшып кетеді. Кеменің сол жақ бөлігіндегі артық салмақ басып, кеме аударылды.

Осы кезде оқиға орнынан бір шақырым қашықтықта болғандар қатты соққының дыбысы мен жолаушылардың жанұшырған дауысын естиді. Жағалауға жүгіріп жеткен адамдар суға батып бара жатқандарға арқан лақтырады, балалардың шырқыраған жан дауысы шығып жатады.

Асты-үстіне төңкерілген кеме біртіндеп суға бата бастады. Жанында балықшылар тартымының болғаны жақсы болды (балық аулау маусымы қызған кез еді), үлгеріп жеткен балықшылар суық суда тырбаңдаған адамдарды құтқарып үлгерді. Біреулер кубрикте тағы да адамдар қалып қойғанын айтып айқайлап жатты. Шынымен де солай болған: жағалаудағылар кеме түбінен жанұшырған дауыстарды естіген.

Кейінірек белгілі болғандай, қорымға айналған катердің ішкі орынжайында 20 шақты адам болған. Алдымен құтқарушылар металл түбін қаңылтыр құты сияқты дәнекерлеу арқылы ашпақ болады. Бірақ бұған судан құтқару станциясының бастығы Сергей Киреев үзілді-кесілді тыйым салды, оның өзі сол кезде бірнеше адамды құтқарған еді. Өйткені, трюмдердегі ауа қалтқы сияқты, аударылған катердің суға батуын бәсеңдетіп тұрды. Ал осы ауа шығып кетсе, ол тас сияқты су түбіне батып кетеді. Сондықтан сүңгуірлер ғана жұмыс істеді.

 

ЖҮЗБЕЛІ ҚОРЫМДАҒЫ ЕКІ САҒАТ

Азапты екі сағат бойы адамдар батып бара жатқан кеме ішінде болды, ал су көтеріле берді. Олар айқайлады, жылады, алдымен су белге дейін, содан кейін мойынға дейін көтерілді. Сүңгуірлер алдымен балалар мен әйелдерді шығаруға тырысты. Р.Юзалиев кубрикте екі баланы иығына мінгізіп алған сүңгуір Ғабидолла Құспанды өз көзімен көрген. Грузинцевтер отбасының балаларын шығарып үлгерді, ата-анасын, өкінішке орай, құтқара алмады. Осынау жүзбелі қорымда бірнеше адам ажал құшты...

Содан кейін әскери кеме көмекке келді, ол кемені болат арқанмен байлап, оны кері төңкерді. Құтқарушылар тірі қалғандарды алып шығуға асықты.

Бәрін дер кезінде шығарып үлгерді, өйткені су жинап алған кеме су түбіне батып кетті. Юзлекеев тағы бір сәтті еске түсірді: тайғақ басқышта құтқарушылар есінен танған салмақты егде әйелді ұстай алмай қалды, оны ағыс алып кетті ...

Құтқарушылар кешке дейін жұмыс істеді, іңірде басқа адамдарды іздеу мүмкін болмады.

 

Серуен катерінің Баутин көшесіне қарсы апат болған жері. «AЖ» мұрағатынан алынған сурет

ҚОЛ САҒАТЫ 17.15-ТЕ ТОҚТАҒАН

Катер су түбінде бір аптаға жуық жатты, содан кейін арнайы құрылған комиссия егжей-тегжейлі тексеру үшін судан шығарып алды. Осы іс бойынша Р.Юзлекеев куәгерлердің бірі болды.

Апатты тергеу барысында ресми түрде 20-ға жуық қаза тапқандар анықталды. Бейресми мәліметтер бойынша, 30 адам құрбан болды.

Капитан Беляков төрт жылға сотталды. Штурвалда сол болды деп есептелді, бірақ соңына дейін жоғалған көп жолаушының тағдыры секілді, бұл да белгісіз болып қалды. Рас, көп адам жағаға өздері жүзіп шығып үлгерді, тиісінше тергеу барысында бұл ескерілмеді десті.

Бірнеше аптадан кейін суға батқан адамдар Жайық бетіне шыға бастады. Мәйіттер жаз біткенше шыға берді. Олардың кейбірін тану мүмкін емес еді.

Сол қаралы күні алғашқылардың бірі болып машина бөлімінде болған механик Саша Мусатов қаза болды. Оның қол сағаты тура 17 сағат 15 минутта тоқтапты.

 

ЕШКІМ ӨЛГІСІ КЕЛМЕДІ

Атырау тұрғыны Марфуға апа біздің Азаматқа тағы бір нәрсе айтқан. 2 мамырда кешке және түнде ол достарымен бірге сол катермен демалуға кеткен сіңлісін іздепті.

Болған оқиғаны естіген бойда Марфуға (сол кезде жас мұғалім) жағалауға қарай беттеген. Сіңлісінің өзен бойымен демалуға кеткенінен мүлдем хабарсыз қарт науқас ата-анасы уайымдамасын деп, оларға ештеңе айтпаған. Апат болған жерге келгенде зардап шеккендердің ешқайсысы болмаған. Ал әлі тарап үлгермеген адамдар палубада төбелес бастаған мас команданың кінәсінен апаттың орын алғанын айтқан. Тіпті, екі теңізшіні байлап, трюмада қамауда ұстауға тура келіпті.

Шарасыз Марфуға мәйітханаға да барды. Ол сіңлісін ол жерден таппады, бірақ қолдары қалың арқанмен артына байланған ер адамдардың денесін көрген.

Түнде үйіне қайтып оралған Марфуға сіңлісін көреді, үстінде біреудің киімі, қолы таңылған. Сіңлісі катер аударылған кезде өзенге құлағанын, су астында көйлегі әлдебір темірге ілініп қалғанын айтты. Бірден ағыта алмай, әйтеуір су бетіне шығып үлгерген. Ол жүзу біледі екен. Колхоз базарының жағалауына жетіп, әбден әлсіреген соң су жағасында қалған. Әлдебір әжей көмектесіп, үйіне әкеліп, шай беріп, қызының киімін кигізіп жіберген. Сәл есін жиған соң, қыз үйіне кетіпті. Кейіннен ол, бәлкім, басқалар секілді, сол қорқынышты сәттерді есіне алғысы келмеген шығар...

Дайындаған Айнұр САПАРОВА

28 сәуір 2021, 03:19

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.