Біз газетіміздің 30 жылдығына арналған материалдар негізінде Атырау шежіресін жалғастырамыз. Коронавирус инфекциясы аясында тұмау енді қорқынышты көрінбейді. Ал 1996 жылы қаланы тұмау эпидемиясы жайлады. Эпидемия шегі 25%-дан асты. Аурудың 70%-дан астамы балалардың еншісінде болды, тіпті өлім-жітім де тіркелді.
1996 жыл
Қала шетінде адамдарға қасқырлар шабуыл жасаса, орталықта оларға ит шабуылдайды. Тек бір күнде, 1 ақпанда қаланың 5 тұрғынына қасқыр шабуыл жасады. Жыртқыштардың көзін құртып, бастары облыстық ветеринария зертханасына жіберілді. Ол жерде оларға «құтыру» диагнозы қойылды. Қаңғыбас иттердің Атырау тұрғындарына шабуыл жасаған 527 оқиғасы тіркелді, 101 жағдайда зардап шегушілер құтыру ауруынан емделуге мәжбүр болды. Сақтандыру медицинасы іске қосылды. Бүкіл кәсіпорын оған жалақы қорының 3%-ын аударуы тиіс. «Сабыржан Махметовтің мектебі» ашылды. Атырауда мерез ауруы көбейді: ауырғандар саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 5 есеге өсті. Теңіз деңгейі 1978 жылмен салыстырғанда 2 метрге көтеріліп, акватория бойынша 70 км жылжып, 900 мың га ауылшаруашылық жерлерін су басты. Қалада бұрын-соңды болмаған көлік ұрлығының көбейгені байқалады, әсіресе, ұрылар алдыңғы әйнек пен магнитолланы қолды қылады. Облыс бюджеті 4,2 млрд теңгені құрайды. Халық банкінің бұрынғы басқарушысы үш миллион теңгені иемденіп, қашып кетті. Бұл сол кезде көп ақша болатын. Жастар «бұқадан» қорғану үшін қалада ұштағышпен жүреді. Бір жыл ішінде түйрелген-кесілген жарақат алған 110-нан астам жағдай тіркелді. Осындай жарақаттармен ауруханаға түскендердің басым көпшілігі жас жігіттер. Тұрғындардың коммуналдық қызметке қарызы 104 миллион теңгеге жетті. Облысты әлеуметтік дамыту бағдарламасы аясында Еркінқалада бекіре балығы зауытының құрылысы басталды. Арықтауға көмектесу қызметі, үйлену тойларына және басқа да мерекелерге бейнеоператорлар қызметі пайда болды. Қалада алғашқы жеке балабақша ашылды. Бұл гуманитарлық-техникалық колледждің балансына берілген бұрынғы №4 «Ласточка» балабақшасы. Атыраулық ескек есушілер - Андрей Сафарян, Сергей Сергеев және Ильфат Гидиатуллин Атланта Олимпиадасында 16 үздіктің қатарына кірді. Қалада «Экспериментальный» ықшамауданындағы 6 үйді біріктірген алғашқы «Данагүл» ПИК-і құрылды. Жыл соңына дейін осындай тағы 80 кооперативті құру жоспарланды. Балық аулау маусымы қызған шақта облыстық әкімшілік пен «Уралкаспрыбохрана» арасында лимитті тарату құқығы үшін күрес басталды. Бұл шайқаста әкімшілік жеңіліске ұшырады. Атыраудан Алматыға алғашқы тікелей жолаушылар пойызы ашылды. «Полипропилен» АҚ (химиялық зауыт) банкрот деп танылды.
Ұзақ жылдар бойы «ақ үйдің» алдындағы алаңда тұрған В.И.Лениннің қола мүсіні бұзылды. Қалада сары ауру эпидемиясы тарады, эпидемия шегі 1,7 еседен асты, басты себептердің бірі – құбыр суы сапасының нашарлығы. Еліміздегі 5 ірі компанияның бірі - «КРАМДС Банк» қызметі тоқтатылды, осы банкте ақша сақтаған атыраулықтар жалпы сомасы бес миллион теңгеге зиян шекті.
1997
Облыста жалақы бойынша қарыз сомасы 1 миллиард 282,7 миллион теңгені құрады. «Жоғарыдан» қысым көргеннен кейін кәсіпорындар, бірақ көбіне мұнайшылар жалақы бойынша қарыздарын төлей бастады. Дотацияға арналған қаражатқа бюджет пайдаланылған германиялық 5 автобус сатып алды. Қала әкімдігі Магдебургтегі фирмамен 187 500 DM көлемінде келісім жасады, яғни, сол кездегі бағам бойынша 8,25 миллион теңге. Ал анықтама-шоттарда басқа цифрлар - 27 500 DM немесе 1,21 миллион теңге деп көрсетілген. «AЖ» екі арадағы мұндай үлкен айырмашылықтың қайда кеткенін анықтауға тырысып, содан кейін жергілікті билікпен соттасты. КТК - Каспий Құбыр Консорциумы жобасы бойынша «ғасыр келісімшарты» жасалды.
Қаланың бас «Жастар» кинотеатры жұмысын тоқтатты. Қоғамдық көлікте жол жүру ақысы жеңілдік алушылар үшін 5-тен 10 теңгеге, қалғандары үшін 15 теңгеге дейін қымбаттады. Көп жылдар бойы қаланы салған «Атыраунефтехимстрой» тресі банкрот деп танылды. «Атыраубалық» АҚ акциялары үшін талас болды, іс насырға шауып, өзендегі атысқа ұласты.1984 жылдан бері салынып жатқан Курилкино бекіре зауытының құрылысы қайта жанданды. Балықшы қалаға қосылып, энергетиктерге 50 миллион теңгедей қарыз болды. Оқулықтарды бөлшек сатуды енгізу туралы №217 бұйрық шықты - бұл оқулықтарды ақысыз қамтамасыз етуден сатуға дейінгі кезеңмен көшудің бастамасы болды. Әзірге мектептерде оқулықтарды жалға беру жүйесі қолданылады, бірінші сынып оқушылары үшін жиынтықтың бағасы 135-165 теңге аралығында. ТШО жыл соңына дейін 320 миллион доллар инвестиция құйып, өз қуатын жылына 8,5 миллион тоннаға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Медициналық мекемелерді жекешелендіру басталды, мемлекет меншігінде тек қан құю, туберкулез және онкологиялық науқастарды емдеу мекемелері мен ЖИТС орталықтары қалды. Н.Назарбаевтың АҚШ-қа сапары барысында Каспий қайраңы жобасы бойынша өнімді бөлу туралы келісімге (ӨБК) қол қойылды.
1998
«Атырау МӨЗ» АҚ акционерлерінің төтенше жиналысында «Қазақойл» ҰКК әлеуметтік шығыстардың үштен бір бөлігінің азаюына қол жеткізді, зауытта қызметкерлерді қысқарта бастады, зауыт жұмысшыларының көпшілігі өз акциясын арзан бағамен сата бастады. «Рахат» дүкені аукционда 7 миллион теңгеге сатылды. Жылыой ауданында ҚР Жоғары тәртіптік кеңесінің төрағасы мен облыс әкімі мінген тікұшақ апатқа ұшырады. Бұл қасқыр аулауға шыққан сәтсіз аңшылық болды. Авангардтағы алғашқы тұрғын үй табиғи газға қосылды. Курилкиндегі жеке үйде жан түршігерлік қайғылы оқиға болды - газ баллоны жарылып, 7 баланың өмірін қиды. Сарыөзекте балық жаппай қырылды, ресейлік және қазақстандық ғалымдар зерттеумен айналысты, бірақ себебі анықталмады. Атырау теңіз кеденіне арналған 6 катер Каспий теңізіне батып кетті. Әкелінген қайықтар теңіз өткелдеріне жарамсыз болып шықты. Әйгілі Кусто командасы Каспийде түсірілім жасау үшін Атырауға келді. ТШО қызметкерлері ашық аспан астында кәсіподақ конференциясын өткізді. Әкімшілік тәуелсіз кәсіподақ қызметіне кедергі келтірді. Курилкиндегі жаңа бекіре зауыты бекіре шабақтарының алғашқы партиясын теңізге жіберді. Қалада фирмалық «Шеврон» жанармай бекеті салынды. Бетперде киген үш адам 378 мың теңгені қолды етіп, сауда фирмасының кассасын тонады. Ол кезде бұл сенсация болатын, ал қазір бұл «олжа» күлкілі болып көрінеді. Атырау әкімі Ж.Тікенбаев отставкаға кетті, оның орнына А.Әшімғалиев келді. Балабақшада кішкентай қызды егеуқұйрық тістеп алды. Емдеу мекемелерін «оңтайландыру» басталды. Екі қызды өлтіріп кетті, қалада маньяк жүр деген қауесет тарады. Бірақ ІІБ бастығы қылмыстар бір-бірімен байланысты емес, әрі ол қылмыс ашылған деп, мұны жоққа шығарды. Желтоқсанның аяғында «Біз кімді таңдайтынымызды білеміз» деп аталатын үгіт пойызы Атырауға келді. Назарбаевтың сайлауалды туры аясында жоғары деңгейдегі жұлдыздар қала мен ауылдарды аралады. Оның ішінде Вахтанг Кикабидзе де болды, «АЖ» одан мазмұнды сұхбат алды.
1999
Қазақстандағы президенттік сайлауда Н.Назарбаев 80% жеңіске жетті, бірақ Атырау облысында ең төменгі көрсеткішке ие болды - 57,8%, Исатай ауданында коммунист С.Әбділдин жеңіске жетті. 1 қаңтарда базарлардағы сауда орны үшін төлем екі есеге өсіп, «Насиха» саудагерлері ереуілге шықты. Облыстық мәслихаттың депутаттары «Қазақойлға» ОКИОК-тың аймақтағы әлеуметтік жобалар үшін бөлген 1,1 миллион АҚШ доллары көлеміндегі қаражатын қарызға беруге рұқсат берді. Қалалық сот қалалық білім беру бөлімінің меңгерушісі С.Төлеуоваға үкім шығарды. Пара алғаны үшін оған мүлкін тәркілеумен бірге 7 жылға жаза берді, бірақ облыстық сот бұл жазаның күшін жойып, әлдеқайда аз мерзімді - 6 ай тағайындады. 1995 жылдан бастап облыста «мәдениетті оңтайландыру» аясында 139 кітапхана жабылды. Біздің облыс арқылы өтетін есірткі курьерлері героинді «колумбиялық» әдіспен – асқазанына салып тасымалдау әдісін игерді. Ал қалада апиын, гашиш және марихуана кең тарады. Премьер Балғымбаев өңір активіне облыстың жаңа басшысы И.Тасмағамбетовті таныстырды. Жаңа әкім облысты санитариялық тазалауды белсенді қолға алды, бұл наразылық тудырды: антисанитарияға байланысты Привокзальныйдағы «Люция» мен «Шырақ» базарлары жабылды, саудагерлер милиция қызметкерлеріне тас лақтырып, қол жұмсауға дейін барды. Облыс әкімінің орынбасары Н.Махашевқа, тіпті, әскери бөлімдерді кіргіземіз деп қорқытуға тура келді. Қазақстандағы алғашқы халық санағы Атырау облысында 440 900 адам, ал облыс орталығында 189 873 адам тұратынын көрсетті. Мұнай контрабандасы үшін кеден басқармасының бұрынғы бастығы Е.Халидуллин мүлкін тәркілеумен бірге 9 жылға жазаланды. Теңге еркін айналымға жіберілді - 5 сәуірде банктердегі доллар 170 теңгеге дейін шарықтады, кешке қарай 130-ға түсті, бірақ бұл еркін айналымға жіберілгенге қарағанда бәрібір бір жарым есе көп. Базардағы бағалар аспандап кетті. 400 теңге тұратын ірімшік 450-ден сатыла бастады, еттің келісі 180-нен 220 теңгеге дейін өсті. Тасмағамбетов қала әкімінің «Туберкулезге қарсы балалар санаторийінің ғимаратын тұрғын жай санатына беру туралы» шешімінің күшін жойып, «АЖ»-дағы ұнамсыз жарияланымнан кейін облыс әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Ж.Тұңғатаровты сол жерден шығарып жіберді. №26, 28, 30 үйлер науқас балаларға қайтарылды, ал бұрынғы әкім орынбасарының үстінен лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол чехиялық «Кортимекс» фирмасының мүддесін заңсыз қолдады деп айыпталды. Қала әкімі Ж.Ткенбаевтың «Ақ Жайыққа» қарсы 7 миллиондық сот ісі бойынша сот марафоны аяқталды. Жоғарғы Сот Бас прокурордың наразылығы бойынша барлық бұрынғы шешімдердің күшін жойып, істі облыстық сотқа жолдады. Талапкер сотқа екі рет дәлелді себепсіз келмей, талап арыз қараусыз қалдырылды. «АЖ» бетінде оқырмандар жақсы көретін «Аптаның көңіл-күйі» және «Алғашқы жолығушы» деген жаңа айдарлар пайда болды. Атырауға Ауғанстаннан алғашқы оралмандар келді. Жергілікті колония-қоныста жазасын өтеп жүрген атақты Сабыржан Махметов Атырауда кикбоксингтен Қазақстан кубогын ұйымдастырды. Бірақ оның өзі жарыс қарсаңында жасырын түрде қаладан шығарылды. Курилкин балық зауыты теңізге 133 мың бас қортпа шабағының жаңа партиясын шығарды. Үш апта бойы қалада хабар-ошарсыз кеткен адвокат Калягинаны іздестіріп, ол өз пәтерінде өлі табылды. Қылмысты ұйымдасқан топ жасаған. Облыстық әкімдіктің бұрынғы бас заңгері Ротенберг «Қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану» бабы бойынша 2 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. «Сұңқар» қондырғысы Каспий теңізінде барлау ұңғымасымен бұрғылауға кірісті. Атыраулық экологтар «Сұңқардың» зиянды заттарды рұқсат етілген концентрациядан бірнеше есе жоғары шығаратынын анықтап, теңізге одан әрі төгуге тыйым салды, бірақ экология министрі бұл тыйымды жойды.
Атышулы Владимир Гафнер Атырау мұнай өңдеу зауытынан шығып, Ресейге кетіп қалды, зауытты бақылауды «Қазақойл» компаниясы өз қолына алды. «Атыраубалық» үшін ұзаққа созылған шайқас жалғасуда: Қайыржан Әлиевтің тобы Евгений Черновпен - Құлыбаевтар әулетінің өкілімен текетіреске түсті. Шілдеде «Атыраубалықтың» жаңа қожайыны - алматылық кәсіпкер Долгих пайда болды. Томск өнеркәсіпшілері химия зауытының қалдықтарын 92 миллион теңгеге сатып алды. Көршілес Астрахан облысында Ми-8 тікұшағы апатқа ұшырап, экипаждың 5 мүшесі қаза тапты, олардың бәрі атыраулықтар еді. Билік «троллейбус жобасын» жапты, 3 миллион доллар желге ұшты.
Дайындаған Зульфия ИСКАЛИЕВА
(Жалғасы бар)