Атырау, 24 қараша 18:16
 ашықВ Атырау -2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

"Үш бұрышты конверт хат та, төрт бұрыштысы қара қағаз еді"

4 318 просмотра

Қазір сексеннің сеңгірінен асқан, ал сонау соғыс жылдары бала болған жандар ол кезді күні кешегідей еске алады. «АЖ» тілшісі осындай «соғыс балаларының» әңгімесін жазып алған еді.

«БІЗ ЖЕҢДІК, ГИТЛЕР КАПУТ!» ДЕП ХАБАРШЫ АТПЕН ШАУЫП КЕЛДІ»

Атырау облысының ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла РИЗУАНОВ, 83 жаста:

- 1945 жылдың мамырында небары 7 жаста едім, ол кезде Нарын құмында тұрдық. Әлі есімде, қолында қызыл жалаушасы бар бір кісі ат үстінде шауып келіп, «Біз жеңдік! Гитлер капут! Жеңіс! Жеңіс!» деп айқайлап, бірінші біз тұрған үйге келді. Кейін басқа үйлерді жағалап шауып кетіп қалды.

...Әкем соғыстан жаралы болып, 1943 жылы оралды. Майданнан келгендер екі-үш жылға дейін солдат киімін (галифе, гимнастерка, етік, пилотка, қаңылтыры бар белдік) ауыстырмай жүретін. Себебі, басқа киетін киім де болмады.

...Ашаршылық кез еді. Жылқы жейтін қияқ шөбін талғажау қылған кездер болды. Құмаршық та біраз азық еді. Ол биіктеп өскеннен кейін, оның дәнінен тамақ жасайтын. Кейбір әйелдер бала-шағасымен Жайық бойына көшіп, балық аулап күн көрді.


«АУЫЛҒА БОМБА ТҮСТІ»

«Батыс Эко Қорғау» ҚБ-нің төрағасы Қали ӘУБЕКЕРОВ, 85 жаста: 

- Соғыс жылдарында балалық шағым Курилкино (қазіргі Көкарна) ауылында өтті. Ата-анам балық өңдеу комбинатында күндіз-түні жұмыс істеді. Ол жылдары балық өзенде өте көп болатын. Майданға балықтың неше түрін жөнелтіп жатады. Біз кішкентай болсақ та ата-анамызға көмектесіп, балық ауладық. Ол жылдары заң қатты болды. Бір жездем балық аулауға тыйым салынған уақытта Курилкинде бір судак аулағаны үшін жеті жылға сотталып кетті. Сондай қиын кез еді...

... Өзімдей замандастарым секілді шаруаға ерте араласып, оқуға мүмкіндік болмай, мектепке 10 жасымда бардым. Мектеп 4 шақырым жерде болды. Қара балшық пен қалың қарды кезіп жүріп, сабақты жақсы оқыдық. Соғыс болып жатқанда бізде «мемлекетіміз жеңіледі екен, фашистердің құлы боламыз» деген сана сезім болған жоқ.

...Фашистер біздің өңірімізге жақындап келді. Олар Ширинадағы мұнай базасына көз тікті. Сталинградтқа келгеннен кейін неміс ұшақтары келіп, екі рет бомба тастады. Алғабас маңында артиллерия болды. Солдаттар жатты сонда. Олар сол фашистердің ұшақтары келгенде атқылайтын. Біздің ұшақтар да оларды қайтарып жіберетін. Бір рет бомба Курилкин ауылы қасындағы егін алқабына түсті. Түскі үзіліс болатын, бәрі түстенуге кеткен кез. Адам шығыны болған жоқ. Бұдан бөлек, ұшақтан келемеждеп, әдейі «листовкалар» тастайтын. Онда «сіздер аштан өлесіңдер, шаруаларың бітті, беріліңдер, енді сіздер біздің адам боласыңдар» деген орысша және қазақша жазылған сөздер болатын. Біз соларды жинап алып өртеп жіберетінбіз.

Кейін Сталинградта фашистер жеңілген соң ол ұшақтар келмейтін болды.

 

«ӘЙЕЛДЕР ВИНТОВКА ҰСТАУҒА АРНАЛҒАН ҮШ САУСАҚТЫ ҚОЛҒАП ТОҚИТЫН»

Атырау облысының құрметті азаматы Мәдина ҒАБДІСӘЛІМОВА, 86 жаста:

- 9 мамыр күні Махамбет ауданы орталығында қара табақ радиодан «соғыс бітті» деген сүйінші хабарды естігенім әлі есімде. Халық радиоға қарай жүгіріп келіп, бір-бірін құшақтап, күліп, жылап жатқаны көз алдымда тұр.

...Мектеп бітірмей,18-ге толмастан 1943 жылдың ақпанында ағам Әнесті майданға алып кетті. Соңғы рет 1945 жылдың 2 мамыры күні амандық хатын алған соң тірі оралатынына қуанып жүрдік. Бірақ кейін ол мамырдың 4-інен 5-іне қараған түнде Чехословакияда қоршауға алынып, сонда қаза тапқаны, Глучин деген жердегі бауырластар зиратында жерленгені белгілі болды. Бұл бір біздің отбасында болған қайғы емес.

...Соғыс кезінде 1-сыныпқа бардым. Сонда қыстың ішінде жағатын от жоқ, мұздай мектеп. Оқытушымыз үлкен кісі болатын, әр он минут сайын «Қауқар, қауқар, Қауқарбай...» деп ән айтқызып, бізді секіртіп алатын. Біз соған мәзбіз.

… Көпшілігінде, соның ішінде менің, әкем мен ағаларым майданға аттанды. Анам күні-түні жұмыста болды. Ол кезде балалар тез есейді. Сегізінші сыныптағы оқушы қыздар кейінгі 1-сынып оқушы балаларын оқытты. Себебі мұғалім жетіспеді. Сосын үй-үйлерді кезіп жүріп негізінен шұлық, қолғап, тары-талқан жинадық майданға. Көбінде әйелдер мылтық атуға ыңғайлы болу үшін үш саусақты қолғап тоқитын. 

… Ол кезде Қазақстан латын әліпбиінен кириллицаға енді ғана көшкен еді. Біз, балалар, ата-анамызға жаңа әріптерді үйренуге көмектестік. Ол кезде кемпір-шалдар мүлде оқу білмейді. Олар бізден «айналайын, оқып берші» деп өтінген соң, ежіктеп оқып береміз. Өзіміз жаңа оқып үйреніп жатқан кезіміз ғой.

… Әлі есімде, соғыс жылдары почтальондар үш бұрыш, төртбұрыш хаттарды үйлерге таратуға беріп жібереді қолымызға. Ол майданнан келген үшбу хат па, әлде қара қағаз ба, білмейміз ғой біз. Ал адамдар білетін: егер ұш бұрышты хат болса – жақын адамынан келген сәлемхат, ал төрт бұрыш болса – қара қағаз екен. Сосын біз почтальондарға «бізге төрт бұрышты бермеңдер, біз ол хатты ала алмаймыз. Біз тек үшбұрыштыны апарамыз» деп айттық...

Дайындаған Айнұр САПАРОВА

«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ
Әскери-далалық пошта басқармасы хабарлағандай, соғыстың алғашқы жылында ай сайынғы хат айналымы 70 миллион данаға жеткен. Жалпы, соғыс жылдарында майданнан 2 миллиард 795 миллион хат жіберілді, ал тылдағы хабарламаларды қосқанда барлық уақыт ішінде 10 миллиардтан астам дана болды. Мұндай көп хат үшін конверт жетпес еді, сондықтан хатты үш бұрыштап бүктеп, мекенжайын жазып, тегін далалық поштамен жолдайтын.
«Әскери сарбаздың қайтыс болғаны туралы хабарлама». Бұл хабарлама туралы айтпақ түгілі, ойлаудың өзінен қорқатын. Хабарламада адамның қашан және қай жерде, қандай жағдайда (өлтірілген, жараланған және жарақаттан қайтыс болған) қаза болғаны және жерленуі мүмкін жері көрсетіледі. Халық арасында мұны «қара қағаз» деп атады. Соғыстың алғашқы жылдарында мұндай хабарламалар үш бұрышты боп бүктелетін және оның сарбаз хатынан еш айырмашылығы болмады. Бөгде біреудің жазуын көргенде үрей билейтін, көбінесе сарбаздың туыстары жарақатына байланысты өзі жаза алмаған шығар деп үміттенетін.
Пошташылар кейде жұмыс істеуден бас тартты. Оларға өздері табыс еткен үш бұрышты хабарламаны алған жандардың қайғысын көру өте ауыр болды. Адамдар пошташыдан қорқып, шыдамсыздана күтіп, майдандағы жақын адамынан жақсы жаңалық күтетін.
Кейін қара қағаз маркасы бар және мөр басылған ресми тікбұрышты конверттермен келе бастады. Хат тасыған пошташылар нақты бір отбасына қандай қайғылы жаңалық әкеле жатқанын алдын-ала білетін.
9 мамыр 2021, 23:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.