Атырау, 13 желтоқсан 04:44
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 522.91
€ 548.85
₽ 5.05

Сабырбай Гайсин: «Чемпионды Еуропадан іздейміз»

6 303 просмотра

№1 балалар және жасөспірімдер спорт мектебіндегі (1-БЖСМ) шахмат секциясының шәкірттері жыл сайын Қазақстан чемпиондары атанады. Біз осы спорт мектебінің және облыстың құрама командасының аға жаттықтырушысы Сабырбай ГАЙСИНГЕ (суретте) бірнеше сауал қойған болатынбыз.

«ЖС» мәліметі: Сабырбай Төлегенұлы Гайсин, 51 жаста, Гурьев педагогика институтының физика-математика факультетінің түлегі, бапкерлік өтілі - 25 жыл, жоғары санатты бапкер.

ЛОС-АНДЖЕЛЕСТЕ ТҰРЫП ШАХМАТ ОЙНАУ

- Облыста сізді көбіне Азия чемпионатының күміс жүлдегері Жәнібек АМАНОВТЫҢ алғашқы ұстазы ретінде таниды. Онымен қалай танысқандарыңызды әңгімелеп бересіз бе?

- Жәнібек шахматпен шұғылдануды кеш - 13 жасында бастады. 1-БЖСМ-ге оны әкесі, белгілі суретші Қамбарбек Аманов әкелді. Бала бойынан үлкен қабілеттілік бірден байқалды. Екі жыл өтпей жатып ол 2004 жылы Мәскеуде өткен халықаралық турнирде алтын медаль алып, спорт шеберлігіне кандидат нормативін орындады. Тағы екі жылдан кейін Қостанайда өткен Қазақстан чемпионатында қола жүлдегер болып, Туринде болатын 37-Халықаралық шахмат олимпиадасына қатысу үшін жастар құрамасына қосылды. Онда Ананд, Полгар, Крамник, Корчной сияқты барлық әлемдік шахмат зиялылары жиналған еді. Бұл сапар Жәнібектің спортшы ретінде қалыптасуына шешуші әсер еткен маңызды оқиға болды. 2006 жылы жазда Қазан қаласында болған турнирдегі жеңісінен кейін оған ФИДЕ спорт шебері атағы берілді.

2009 жылы Жәнібек Шри-Ланкада өткен 20 жасқа дейінгі жастар арасында Азия чемпионатында күміс жүлдеге қол жеткізіп, шахматтан халықаралық дәрежеде спорт шебері атағын алды. Содан кейін Мәскеу қаласында және Украина елінде өткен турнирлерде де жеңіске жетті. 2010 жылы Мұнай және газ институтындағы оқуын тәмамдаған соң Лос-Анджелес қаласына кетті. Жақында ол сол жақта филологиялық колледжді бітіріп, бизнес колледжіне оқуға түсті.

- Ол АҚШ-қа қандай мақсаттармен кетті?

- Жәнібек гроссмейстер нормативін орындауға талаптанып жүр. Қазақстанда жүріп, бұл атақты иемдену өте қиын, көп турнирлерге қатысу керек, демеушілер іздеу керек. Ал Лос-Анджелес маңында Невада, Сан-Франциско, Лас-Вегас сиқты ірі қалалар көп. Мұнда коммерциялық турнирлер жиі өткізіледі. Онда қатысушылар саны да басым.

Бүгінгі күні Лос-Анджелес Украинадан, Өзбекстаннан, Ресейден эмиграцияланған мықты шахматшылардың Меккесіне айналған. Мұнда айына 2-3 турнир өтеді. Яғни, ақша табуға да, рейтингтік ұпайлар жинауға да болады, өйткені бұл турнирлерге ылғи титулды ойыншылар қатысады.

- Турнирлерде ұтқан ақшасы өміріне жете ме екен? 

- Жәнібек Лос-Анджелеске алғаш келгенде жолы болып, жергілікті шахмат клубына жұмысқа орналасты. Клуб иесі оған колледжде оқуға көмектесіп, өз клубынан оқытушы ретінде жұмыс берді және шахматты жаңа үйренушілерге арналған көмекші құрал – кітап жазуға ұсыныс жасады. Жақында Жәнібектің осы кітабы жарыққа шықты.

Өткен жылдың тамызында әлемнің қазіргі чемпионы Вишванатан Ананд семинар өткізген. Жәнібек сол жерде онымен танысып, дос болып кетті. Ананд Жәнібекке Жаңа жылға құттықтау хатын да жіберген.

Рождество мерекесі қарсаңында Лас-Вегаста АҚШ-тағы ең ірі «Open» сериясының турнирі өтті. Оған 900 ойыншы қатысты. Жәнібек алдын ала айналымнан оңай өтіп, ақтық сайыстарға жолдама алды. Финалда ол гроссмейстерлермен 7 партия ойын өткізіп, 6,5 ұпай жинады. Осылайша ол жинауы тиіс үш гроссмейстерлік ұпайдың біріншісін қанжығасына байлап, өз рейтингін 2 465 ұпайға дейін (Эло коэффициенті) көтерді. Ал гроссмейстер атағы үшін 2 500 ұпай керек. Шахматшының сәтсіз ойынынан төмендей беретін рейтингтік ұпайлардан айырмашылығы - олар гроссмейстерлік ұпайлардың өмір бойы сақталады. Менің шәкіртіме арманына қол жеткізу үшін екі-ақ қадам қалды.  

 

ДАРЫНДЫ БАЛАЛАР БАР

- Сіздің шәкірттеріңіздің ішінен өткен жылда жақсы ойынымен көзге түскендер бар ма?

- Ең алдымен, 12 жасар Аксана Ерланқызын айтып өткім келеді. Ол қыздар арасында рапидтен Қазақстан чемпионы болды. Классикалық шахматта бір партия үшін әр ойыншыға 2 сағат берілсе, рапидте 25 минут беріледі.

Ағайынды Ғалымжанұлылардың ішінен Ибрагимнің жақсы мүмкіндіктері бар деп ойлаймын. Оның екі үлкен ағалары Нұрлан мен Нұрбол өз уақыттарында Қазақстанның бірнеше дүркін чемпиондары болған. Ибрагим де 2007, 2008 және 2010 жылдары Қазақстан чемпионы атанып үлгерді. Сондай-ақ, 2011 жылы Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері болған 8 жасар Сержан Олжасұлы бар.

Осы балалардың біреуі наурызда өтетін Қазақстан чемпионатында жеңімпаз болады деп үміттенемін. Ал әрі қарай, сәті түссе, Әлем және Азия чемпионаттарына барады.

Қазіргі уақытта біздің елімізде шахмат спорты даму үстінде. Федерацияның бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ және шахмат федерациясының президенті, индустрия және сауда министрі Әсет Исекешев бұл үшін көп нәрсе жасады. 2011 жылғы қазандағы Қазақстан шахматшылары съезінде Исекешов «ірі мұнай компаниялары балалар шахмат секцияларына қолдау көрсету керек» деген болатын. Өткен жылы оның қолдауымен Астанада барлық әлемдік шахмат зиялылары жиналған әлем чемпионаты өтті.

-Шахмат секцияларына жазылатындар аз ба, көп пе?

- 1-БЖСМ-де үш бапкер бармыз: Гүлнұр Төлеуова, Әйгерім Қазиева және мен. Мұнда 150 бала қатысады. Сондай-ақ, біздің спорт мектебінің Еркінқала селосында филиалы бар. Бапкер Бөкенбай Ағашыда 25 бала тәлім алуда. 

- Жаңа секция ашу мәселелері қалай шешілуде?

- Бүгінгі күні біз тек Вокзал маңы ықшам ауданын қамтып отырмыз, қаланың басқа жерлерінде де дарынды балалар көп шығар. Жоспарлар бар. Қаламыздың Еуропа бөлігінен шахмат клубын ашамыз – жаңа чемпиондар саны артатын болады.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Жеңіс ТҰҢҒАТАРОВ

24 қаңтар 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.