Үкімет сауда және қоғамдық тамақтану нүктелерінің қожайындарына 15 қаңтардан бастап клиенттермен кәртішке арқылы есептесу мүмкіндігін қамтамасыз етуді міндеттеген болатын. Кәсіпкерлердің POS-терминалдарды орнату жөніндегі сауалдары көп. Біз осы сауалдарды мамандарға жолдаған едік.
Алдымен терминдерді ұғынып алайық. POS-терминал – төлем кәртішкесінен ақпарат оқитын құрылғы.
Эквайринг – пластик кәртіш-кенің көмегімен жасалатын операциялар бойынша сауда және сервистік кәсіпорындармен есеп-айырысуды жүзеге асыру. Банк-эквайер – төлем кәртішкелері бойынша есеп-айырысуды жүзеге асыратын банк.
POS-терминал құрылғысын орнату үшін өтінішті кез келген банктің филиалына барып, кәртішке өнімдерін сату бөлімшесінде ресімдеуге болады. POS-терминалды орнатып, қосу үшін кез келген екінші деңгейлі қазақстандық банктен ашылған есеп-айырысу шоты болуы міндетті. POS-терминалдарды орнату және қызмет көрсету шарттары банктердің бәрінде шамамен бірдей.
ҚАНША КОМИССИЯ ҰСТАЛАДЫ?
«Қазкоммерцбанк» Атырау филиалының кәртішке өнімдерін сату басқармасының бастығы Эльмира ЖАСЫҒҰЛОВАНЫҢ айтуынша, POS-терминалды орнату мерзімі бірнеше факторларға: келісім-шарттың жасалуына, техникалық сәйкестікке және сауда нүктесінің қосылуға дайын екендігіне байланысты екен.
– Коммерсант банкке келгеннен кейін қызметкер оған кәртішкелік қызмет көрсетуге электронды немесе қағаз түріндегі өтініш бланкін ұсынады, -дейді Жасығұлова. – Мәліметтерді салыстыру үшін коммерсант мынадай құжаттардың көшірмелерін ұсынады: ЖК куәлігі мен жеке бас куәлігі (жеке кәсіпкерлер үшін), ОКПО, мемлекеттік тіркеу туралы куәлік/БИН, жарғы, директорды тағайындау туралы бұйрық/құрылтайшылар жиналысы хаттамасының үзінді көшірмесі, бірінші басшының жеке бас куәлігі (заңды тұлғалар (ЖШС) үшін). Қажет болған жағдайда банк коммерсант тарапынан құжатқа қол қоюшы тұлғадан қол қоюға өкілеттік беретін құжат (сенімхат) сұрауы мүмкін.
POS-терминалдар кімнің есебінен орнатылады? POS-терминалдарды орнату кәсіпкерлерді ешқандай тікелей шығынға қалдырмайды екен. Банк жабдықты тегін ұсынады, орнына кәртішкеден қабылданған төлемнен комиссия алып қалады.
– Құрылғының құны – 120 мың теңге шамасында, – дейді «Нұрбанк» Атырау филиалының шағын және орта бизнес клиенттерімен жұмыс бөлімінің менеджері Дархан АЛМАЖАНОВ. – Банктер оны тегін орнатады. Өзіндік құнын ақтап, әрі қарай құрылғыға қызмет көрсету үшін коммерсанттан комиссия алынады. Транзакциядан кейін сома банктің транзиттік шотына түседі, комиссия алынып, қалған сома коммерсанттың ағымдағы есеп-айырысу шотына аударылады.
POS-терминал орнатылған коммерсантқа әрбір транзакция өткізгені үшін алынатын комиссиялар: 1-1,5%-дан («өз» кәртішкелері үшін) 2,5%-ға дейін және одан жоғары (халықаралық кәртішкелер мен басқа банктердің кәртішкелері үшін).
ЕГЕР ДҮКЕНІҢІЗ ДАЛАДА БОЛСА
Байланыс қалай жүзеге асырылады? Егер сауда нүктелері коммуникациямен қамтылмаған жерлерде орналасса, онда кәсіпкерлер POS-терминалдарды міндетті орнатудан босатылады екен.
– POS-терминалмен жұмыс жасау үшін негізгі екі: стационарлық және мобильдік байланыс түрі болады, - дейді Эльмира Жасығұлова.– Біріншісі қолайлырақ. Өйткені ол анағұрлым тұрақты жұмыс жасайды. Егер сауда нүктесі коммуникация мен байланыстың негізгі жүйелерінің әрекет ету аймағынан тыс жерде болса, заң коммерсантты POS-терминалды орнатудан босатады.
Көпшілігі POS-терминал орнатқысы келмейді, өйткені жүйенің іркілісінен, сонымен қатар ақшаның басқа жерге түсіп кетуінен қауіптенеді. Бірақ мамандардың растауынша, барлық транзакция жүргізу талаптары сақталса және дұрыс ресімделген чектер болса, кәсіпкер қаржыны аудару іркілісінен толықтай қорғалады екен.
Банк мамандары POS-терминалды орнатқаннан кейін міндетті түрде кассирлерге тегін үйретеді. Банктердің POS-терминалдары тек Қазақстанда ғана емес, одан тысқары шығарылған Visa, MasterCard және AmericanExpress негізгі төлем жүйелерінің кәртішкелерінен төлем қабылдайды. Банктерде дүкендегі айналым сомасына қатысты белгілі бір талаптар бар. Өйткені кәртішкемен жасалатын өте кішкентай көлемдегі операциялар банктің құрылғыны алуға кеткен тікелей шығындарын жаппайды.
– Бұл шынымен солай. Банк POS-терминал алуға және орнатуға тікелей шығынданады, - дейді Жасығұлова. – Біздің банк оңтайлы шешім негізінде жаңа технологияны енгізуге жол ашады, бұл банктің өзіне де анағұрлым арзанға түседі. Бұлар - Android, iOS (iPhone) платформаларында смартфондармен және т.б. байланысып жұмыс істей алатын шағын терминалдар. Коммерсантта ұялы байланысы бар смартфоны, шағын терминалы мен ол жұмыс жасауға арналған арнайы қосымшасы болса жеткілікті.
– Егер дүкен банкке терминалдың құнын ақтап бере алмаса не болады?
– POS-терминал ұзақ уақыт жұмыс жасамаса, банк оны кері алып қоя алады. Мұндай жағдайда коммерсантқа авторизацияланған жеткізушіден POS-терминал алуға кеңес беріледі. Оның құрылғысы мен бағдарламалық қамтылуы банкпен үйлесімді. POS-терминалдың орташа құны және бағдарламалық қамту нарықта 60 мың теңге шамасын құрайды.
Терминалдың істен шығуына келер болсақ, оны жөндеу мен ауыстыру шығындарын әдетте банк өз мойнына алады. Егер сауда нүктесі қызметкерінің тарапынан құрылғыны пайдалану ережесі бұзылмаған болса, қоңырау шалып, проблема жөнінде банкке хабарласса жеткілікті.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА