Жақында «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының Каспий теңізіндегі Қаламқас-Теңіз және Хазар жобаларын игеру туралы келіссөздер өткізуден British Petroleum мұнай корпорациясы бас тартқаны белгілі болды.
Хат мәтінін ұлттық компания өзінің сайтында жариялады. ВР компаниясының бизнесті дамыту бөлімінің бастығы Эндрю Мак-Ослан қол қойған хатта соңғы 18 айда мамандар Үлкен Жамбыл, Жемчужное және Қаламқас-теңіз блоктарын бағалау бойынша бірлесіп жұмыс істегені айтылады. Алайда, алдағы уақытта BP өзінің саясаты өзгергенін, атап айтқанда, капиталдың көп бөлігі жаңартылатын энергия көздеріне және қазір қолда бар көмірсутегі бассейндеріне шоғырландыру туралы өзгерістер болатынын мәлімдеді. «Корпоративтік стратегиядағы осындай өзгерістердің нәтижесінде Қазақстандағы бұл жобалар BP компаниясының капиталы үшін бәсекеге түсе алмайды», - деп кесіп айтты Мак-Ослан мырза және соңында ҚМГ-ге «Қазақстан халқының мүддесі үшін осы жобалаларды коммерциялық негізде жүзеге асыратын лайықты серіктес табуды» тілейді.
Еске сала кетейік, Shell 2019 жылдың қазан айында Хазар кенішін игеруден бас тартты (күрделі шығындар аясында жобалардың төмен рентабельдігіне байланысты), ал NCOC консорциумы Қаламқас-теңіз кенішін игеруден бас тартты (оған Shell акционерлердің бірі ретінде кіреді), себебі консорциум «жобаның экономикасы қиын» болуына байланысты игеруді тоқтату туралы шешім қабылдады деп хабарлады.
Кейін Энергетика министрлігі Қаламқас-теңіз жер қойнауын пайдалану құқығын мемлекет меншігіне қайтару процедурасы аяқталғаннан кейін басқа инвесторларды тарту туралы мәселе қаралуы мүмкін екенін хабарлады.
КЕРІ РЕСЕЙГЕ МЕ?
Айтпақшы, жақында ҚМГ ресейлік «Лукойл» мұнай компаниясымен Әл-Фараби теңіз учаскесінде көмірсутектерді бірлесіп барлау мен өндіруге құқық беру туралы хаттамаға қол қойды. Болашақта акциялардың үлестірілуімен бірлескен кәсіпорын құру көзделуде: ҚМГ - 50,01%, Лукойл - 49,99%. Бұл ретте «Лукойл» Қаламқас-теңіз және Хазар жобаларына қызығушылық танытты.
Біз ҚМГ-ға Қаламқас-теңіз және Хазар кен орындарын игеру жөніндегі келіссөздерге қандай инвесторлар қатысатынын және олардың саны қанша екені туралы бірнеше сұрақ жібердік. Бізге халықаралық мұнай-газ компаниялары тарапынан қызығушылық бар екенін айтты, бірақ оларды атаған жоқ: келіссөздер жүргізіліп жатыр және оның нәтижесі туралы айтуға әлі ерте деп жауап берді.
Айтпақшы, жауапта BP компаниясы Қазақстан Республикасының мұнай-газ жобаларына 10 жылдан бері қатыспағанын көрсетті, бірақ ҚМГ менеджменті мен басшылығының күшімен олар қайтып оралды. Осы жолы біржола кеткен сияқты.
Еске сала кетсек, Қаламқас-теңіз және Хазар кен орындары Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде орналасқан және әкімшілік аумағы бойынша Маңғыстау облысына жатады. Көмірсутектердің геологиялық қоры 350 миллион тоннаны құрайды.
Дайындаған Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА