30 жылдыққа орай біздің редакция «AЖ не туралы жазды» атты жаңа айдар ашты, онда біз бір кездері көпшіліктің назарын аударған мақалаларды еске түсіреміз. Өңір тарихындағы ең үлкен қайғылы оқиғалардың бірі - 1975 жылы жеке үйлерге зымыран құлап, 8 адамның өмірін қиған оқиға болды. Мұның бәрі қалай және неден болғаны - «AЖ» материалында.
1975 жылдың 18 ақпаны. Гурьевтің әдеттегідей қысқы кеші: балықшылар Жайықтың үстінде, қалалықтар жұмыстан үйлеріне келе жатыр, ал үйдегілер кешкі ас ішуге кірісіп кеткен. Сол сәтте қала шетіндегі ең соңғы көшеде қорқынышты гүрілдеген дауыс естілді. Қалың түтін, сынған әйнектер соғыс уақытындағы кино кадрларын еске түсіргендей әсер етті. Ол кезде Баутино көшесіндегі (қазіргі Нысанбаев) 80 және 82 нөмірлі екі жеке үйге әскери зымыран құлағанын әлі ешкім білген жоқ. Сүндетовтер мен Мұхамбетовтердің үйі толық қирады. Жарылыстан сегіз адамның өмірі қиылды, олардың бесеуі бала. Бұл үйлердің төрт тұрғыны тірі қалды, бірақ сол қайғылы оқиғадан кейін біраз уақыт өткен соң оның біреуі көз жұмды.
ҰҚК-нің мұрағат деректері бойынша, сол күні Мәскеу уақытымен сағат 17:15-те Астрахан облысынан әскери жаттығулар кезінде Мақат полигонына радиолокациялық нысанды жоюға арналған зымыран ұшырылған. Қауіпсіздік сақтау талаптарына сәйкес, мұндай ұшырулар алдында жақын жердегі әуежайда локаторды өшіру туралы сигнал қабылдану керек. Бірақ бұл жолы Ресей әскери күштері қандай да бір себеппен сынақ туралы ескертпеген. Ал Гурьев әуежайының локаторы ракетаның бағдарламасымен сәйкес келген сантиметрлік диапазонда жұмыс істеп тұрды. Нәтижесінде ол «бағытынан ауытқып», жеке тұрғын үйлерге құлады.
Зымыран құлаған жерде диаметрі сегіз метрден асатын шұңқыр пайда болды. Қаза болған және жарақат алған адамдар да сол шұңқырдан табылды. Мемлекеттік қауіпсіздің комитеті қызметкерлері оқиға болған жерді бірден қоршап, болған жайт туралы жақ ашпауды бұйырды. Алайда, ел арасында ұзақ уақытқа дейін зымыран, бомба немесе артиллерия снаряды құлаған деген қауесет тарады. Облыстық прокуратура қылмыстық іс қозғады, ол көп ұзамай әскери прокуратураға, одан кейін Мәскеуге жіберілді. Алайда, кінәлілерді таппаған соң, іс жабылды. Кейін құжаттар Гурьевке кері қайтарылып, «Құпия» мөрімен сейфке орналастырылды. Жылдар бойы бұл қайғылы жағдай туралы ешкім тіс жармады. Ал «Ақ Жайық» қазақ басылымдарының ішінде алғашқылардың бірі болып бұл туралы 90-шы жылдардың соңында мақала жариялады.
...Төрт күннен кейін Гурьев қалалық комитеті қаза болғандардың жерлеуін ұйымдастырды. Қала тұрғындары адамдардың қаза болғанын білді. Сүндетовтердің отбасында көшеде ойнап жүрген балалары мен жұмыста кезекшілікте болған отағасы, ал Мұхамбетовтерден - 10 сынып оқушысы аман қалды. Зардап шеккендерге пәтер беріліп, тұрмыстық техника, азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Бірақ қайғының орны толмады.
«ОНДА МЕНІҢ СЫНЫПТЫСЫМ ҚАЗА ТАПТЫ»
Осы көшенің тұрғыны Бауыржан ҚҰСАЙЫНОВ сол гүрілдеген дауысты әлі ұмытар емес. Жарылыстың салдарынан оның сыныптасы қаза тапты.
- Мен ол кезде екінші сыныпта оқимын. Менің бауырларым көшеде хоккей ойнап жүрді. Ата-анам мені оларды кешкі асқа шақыруға жұмсады. Далаға шыға салысымен қатты гүрілдеген дауыстан есімнен танып қалдым. Сонда ағаларым мені үйге апарып, біз ұзақ уақыт тығылып отырдық, - дейді Бауыржан Құсайынов. – Әке-шешеміз бізді көшеге шығармады. Кейін балалармен бірге сол жерде не болғанын көруге бардық. Үлкен шұңқырды көрдік, бірақ үлкендер бізді қуып жіберді. Зымыран Жамал есімді сыныптасымның үйіне құлағанын білдім. Ол бізбен бірге ойнайтын, өте жақсы қыз еді. Сол күні ол қаза тапты. Тілек есімді тағы бір сыныптасымның үйі де зардап шекті - қабырғасы опырылып түсті. Зымыран сәл кейінірек құлағанда ғой, онда ол айдалада жарылып кетер еді, өйткені Баутинодан кейін тұрғын үйлер жоқ. Әскерилердің салғырттығынан адамдар қаза тапқаны өкінішті.
ТӨРТ АЙДАН КЕЙІН КӨЗ ЖҰМДЫ
Тірі қалғандардың бірі, ол кезде 18 жасар бозбала қазір 63 жаста. Бірақ ол қазір өзінің жақын адамдарынан айырған трагедияны есіне алғысы келмейді. Әрине, оған мұндай қайғымен жарты ғасырға жуық өмір сүру өте қиын. Жарылыстан аман қалған оның әкесі қатты қайғырып, төрт айдан кейін жүрегі тоқтап, қайтыс болды.
Фархат ӘБІЛОВ
Коллажды жасаған автор