Атырау, 17 сәуір 04:29
 ашықВ Атырау +20
$ 448.81
€ 476.82
₽ 4.77

Базалық зейнетақы төлемі 79 жасқа дейін есептелген

4 648 просмотра

Жақында менің 43 жастағы жеңгем зейнеткерлікке шыққаннан кейін төлемдер қалай есептеледі екен деп ойланды. Зейнеткерлік жинағымыз өміріміздің соңына дейін жете ме екен деді. Бұл сауалдарды біз БЖЗҚ Атырау облыстық филиалына жолдағанбыз. Жауабы директордың орынбасары Қарлығаш ЖАНСАРИЕВАДАН келді.

- Қазір Қазақстанда қаржыландырудың бөліп үлестіру және жинақтау жүйесін біріктіретін көпкомпонентті зейнетақы жүйесі жұмыс жасайды. Бөліп үлестіру жүйесі республикалық бюджеттен төленетін негізгі мемлекеттік және және ортақ зейнетақы төлемдерін қамтиды.

Жинақтау бөлігі болашақ зейнеткер жұмыс істейтін кезеңдегі зейнетақы жарнасынан қалыптасатын біздің қордағы қаражаттан тұрады.

Базалық зейнетақы төлемі зейнеткерлік жасқа толған азаматтарға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын адамдарға тағайындалады және ол ортақ және / немесе жинақталған зейнетақы алуына қарамастан жүзеге асырылады.

Оның мөлшері зейнетақы жүйесіндегі жұмыс өтіліне байланысты. 10 жыл немесе одан аз уақыт, иә тіптен қатыспаған болса, төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-на тең. 2021 жылы ол 18 524 теңгені құрады.

10 жылдың үстінде жұмыс істеген әр жылға базалық зейнетақы 2% -ға көбейеді. Мысалы, еңбек өтілі 20 жыл - базалық зейнетақы күнкөріс деңгейінің 74%, 30 жыл - базалық зейнетақы - 94%, 33 және одан да көп жыл жұмыс істеген кезде базалық зейнетақы күнкөріс минимумының 100% құрайды. 2021 жылы ол 34 302 теңгеге есептелген.

Сонымен бірге, зейнетақы жүйесіне қатысқан еңбек өтіліне мыналар кіреді:

• 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін жасаған еңбек өтілі;

• 1998 жылғы 1 қаңтардан кейінгі жинақтау өтілі (зейнетақы жарналарын төлеудің нақты өтілі); • басқа әлеуметтік маңызды кезеңдер 3 жасқа дейінгі баланы күту (12 жыл ішінде), I топтағы мүгедекті, II топтағы жалғызбасты мүгедекті және сырттан көмекке мұқтаж қарттық зейнеткерді, сондай-ақ 16 жасқа дейінгі бала кезінен мүгедектер мен 80-ге жеткен қарттарға күту кезеңдері.

Базалық зейнетақыны тағайындау әдісі әлеуметтік әділеттілік қағидатына сәйкес келеді, өйткені ол зейнеткерлердің материалдық жағдайын жақсартып қана қоймай, сонымен бірге азаматтардың еңбек қатынастарын рәсімдеудің еңбек уәжін күшейтуге қызмет етеді. Яғни, адам неғұрлым ұзақ жұмыс жасаса, оның зейнетақысы соғұрлым көп болады (қаржыландырылатын да, базалық та).

Жас мөлшері бойынша ортақ зейнетақы тағайындау кезінде еңбек стажы тек 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін ескеріледі, өйткені осы күннен бастап барлық қызметкерлердің БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы жарналарын аударуды көздейтін жинақтау зейнетақы жүйесіне көшу басталды.

Заңға сәйкес жасына байланысты зейнетақы төлемінің мөлшерін есептеу 1995 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыстағы үзілістерге қарамастан, қатарынан кез келген 3 жыл ішіндегі орташа айлық табыс негізге алынып жүзеге асырылады. Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардан басталған кезеңге орташа айлық табыстың мөлшері БЖЗҚ-ға міндетті 10 пайыздық зейнетақы жарнасын төленген табысқа сәйкес белгіленеді.

Заңда ортақ зейнетақыны (46 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ескеріледі) есептеу үшін белгіленген орташа айлық табыстың (ОАТ) шекті мөлшері қарастырылған, сондай-ақ зейнетақы төлемінің ең жоғары мөлшеріне шектеу  көзделген (ОАТ-тың 75%).

1998 жылғы 1 қаңтардан кейінгі еңбек өтілі үшін міндетті зейнетақы жарнасы есебінен қалыптастырылған жеке зейнетақы жинақтары негізге алына отырып, БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдері жасалады.

БЖЗҚ-дан төленетін ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 2 қазандағы № 1042 қаулысының ережелеріне сәйкес есептелген зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасының он екіден бір бөлігі ретінде айқындалады. Бұл ретте БЖЗҚ-дан ай сайынғы зейнетақы төлемі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-нан астам мөлшерде жүзеге асырылады. (Бұрын 54% төмен болмаған).

Зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу әдістемесіне сәйкес 2021 жылдың 1 сәуірінен бастап зейнетақы төлеудің алғашқы жылындағы жылдық сома зейнетақы жинағының сомасын төлемдерінің ставкасына ұлғайту түрінде — 6,5%-ға есептелетін болады.

Келесі жылдары ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері өткен жылғы ай сайынғы зейнетақы мөлшерін жылдық зейнетақы төлемдерін индекстеу ставкасына - 5%-ға ұлғайту жолымен есептелетін болады.

Бұдан басқа, зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу әдістемесінде белгілі бір санаттағы азаматтар: мерзімсіз белгіленген I немесе II топтағы мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ жинақтары жиынтығында кемінде алпыс ай бойғы міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зиянды және қауіпті өндірістерде жұмыс істеген адамдар үшін түзету көбейту коэффициенті қарастырылған. Бұл ретте жоғарыда көрсетілген шарттарға сәйкес келетін тұлғалар үшін түзету коэффициентінің ең жоғары шамасы қолданылады.

Зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеудің бұл аталған әдістемесі 2021 жылғы 1 сәуірден бастап зейнеткерлікке шыққандарға пайдалануға болады.

2018 жылғы 1 қаңтарға дейін БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу құқығын ресімдеген адамдар үшін зейнетақы төлемінің жылдық мөлшері ең төмен зейнетақының отыз еселенген мөлшерінен кем болмайды (2021 жылы 30 х 43 272 = 1 298 160 теңге). Төлемдер бұрын таңдалған кесте бойынша жүзеге асырылады.

2018 жылғы 1 қаңтардан бастап 2021 жылғы 31 наурызға дейін БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу құқығын ресімдеген тұлғаларға зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеудің жаңа әдістемесіне сәйкес 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ай сайынғы зейнетақы төлемдері кейіннен жыл сайынғы индекстеу арқылы зейнетақы төлемдерін индекстеу мөлшеріне 5%-ға ұлғайтылады.

Осылайша, зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеудің жаңа әдістемесі зейнетақы алушылардың еңбек жағдайы мен денсаулық ерекшеліктерін ескереді, сондай-ақ жыл сайынғы зейнетақы мөлшерінің көбеюіне ықпал ететін болады.

- Зейнеткерлікке шыққаннан кейін жинақ бөлігінен төлемдердің мөлшері неше жылға, сонымен қатар, базалық бөліктен де қанша жылға есептеледі?

- Алушының жеке зейнетақы шотындағы қаражат таусылғанға дейін. Базалық – ол соңғы уақытқа дейін елдегі орташа өмір сүру ұзақтығын ескере отырып есептеліп, 79 жас деп белгіленген. Бірақ қазір бұл ерлер үшін 80 жас, ал әйелдер үшін 82 жас, сондықтан бұл да ескеріледі.

Қазіргі әдістеме БЖЗҚ-дан ай сайынғы зейнетақы төлемдерінің мөлшері жыл сайын қайта есептеледі. Бұл ретте зейнетақы кесте бойынша төленгеннен кейін шоттағы жинақтың азайғаны есепке алынады. Сондай-ақ инвестициялық табыстылыққа да байланысты мөлшері өзгереді.  Жаңа күнтізбелік жылдағы ай сайынғы зейнетақы төлемдерінің мөлшері өткен жылға қарағанда төмендеу қалыптасады.

Қауіпті өндірістерде жұмыс істейтін қызметкерлер үшін, сондай-ақ I және II топтағы мерзімсіз мүгедектігі бар адамдар үшін қазір қолданыстағы әдістемеде қандай да бір артықшылық жоқ.

Жаңа әдістеме халықаралық тәжірибеге негізделген және болашақ зейнетақының сатып алу қабілетін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 

Дайындаған Айнұр САПАРОВА


24 наурыз 2021, 10:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.