Атырау, 26 желтоқсан 15:31
 бұлттыВ Атырау -3
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Қылмыспен өрілген тағдыр

Бейнежазба
5 483 просмотра

31 жастағы Нағима Атыраудағы әйелдер колониясы мекемесінде (УГ-157/11) жасөспірім қызды өлтіргені үшін жазасын өтеп жатыр. Ол бұл жерде 9 жылдай отырды, алда өтейтін әлі осындай мерзімі бар.

Нағима ҚР ҚК ескі редакциясының 96-бабында (Адам өлтіру) және 178-бабында (Тонау) көзделген қылмыстарды жасағаны үшін сотталған. Ол 2012 жылы студент кезінде Жаңаөзен қаласында жасөспірім қызды өлімші етіп ұрып соққан.

Ол өзі әлі күнге дейін кісі өлтіруді ақтап алу мүмкін болмаса да, бұған себеп болды деп есептейді.  Өлген қыз оны үнемі балағаттап, өзі ұрынып жүреді екен. Бір күні ашуға булығып, ол қызды ұрып-соғып кетіп қалған. Ал ол қыз сол жерде қайтыс болған екен. Бұл, әрине, оның болжамы.

Сот сұхбаттасушымды қатаң режимге 18 жылға соттаған. Алдымен Шымкент қаласындағы әйелдер түрмесінде бес ай жазасын өтегеннен кейін, оның режимін жеңілдетіп, Атырау қаласына ауыстырылады. Қазір сол жерде жазасын өтеп жатыр.

- Түрмеге түскен кезде қиындық болғанын жасырмаймын. Алайда бұл жерде де өмір жалғасып жатыр, - дейді Нағима.

Жасөспірім қыздың туыстары Нағиманы өмір бойына соттауды сұрап, тіпті, ату жазасын да сұраған. Алайда 2004 жылы Қазақстанда өлім жазасына мораторий салынып, жақында өлім жазасы жойылды. Нағима олардың не үшін ондай ауыр жаза сұрағанына түсіністікпен қарайды.

- Істеген ісім үшін өкінемін. Өйткені ешкімнің біреудің өмірін алуына құқы жоқ. Менің де қызымды осылай өлтірсе, мен де ең ауыр жаза сұрар едім.

...Түрменің темірдей тәртібіне Нағима үйреніп кеткен. Таңғы сағат 6-да тұрып, кешкі 9-да ұйықтайды. Аптасына бір рет моншаға түсіп, күн сайын отрядтағы душқа түседі. Мекеме аумағында орналасқан дүкеннен қажетті заттарын алып, шаштаразда шашын қия алады. Сотталған әйелдер жұмыс істеуге құқылы. Ал бос уақытын кітапханада өткізеді немесе өздеріне ұнайтын іспен шұғылданады. Мысалы, Нағима қолөнермен айналысады, өзі тоқыған бұйымдарды бостандықтағы достарына жолдайды.

 

АНАМДЫ МЕККЕГЕ АПАРҒЫМ КЕЛЕДІ

- Отбасыңызды сағынасыз ба? – деп сұрадым.

- Әрине! Туыстарымнан жырақта көп уақыт өткіздім. Ұлымды мектепке жетектеп апара алмадым, оны мектептен күтіп ала алмадым. Анам да қартайып келе жатыр. Бостандыққа шыққаннан кейін отбасымның қасында болып, оларға бар махаббатымды төккім келеді. Жұмысқа орналасып, ақша жинап, анамды Меккеге апарғым келеді. Бұл тағдырымды ешкімге тілемеймін.

Карантин кезінде сотталғандар туыстарымен әлеуметтік желі арқылы сөйлескен. Мекеме әкімшілігі Skype арқылы бірден бірнеше туысының қосылуына рұқсат берген.

- Скайп арқылы сүйікті жандармен хабарласқан кезде үйге барып келгендей күй кешемін. Ұлым мен анамды, сіңлілерімді құшақтайтын күнді асыға күтіп жүрмін, - дейді Нағима. - Менде бәрі жақсы. Ешқандай құқығым бұзылған жоқ. Тек бостандыққа тезірек шықсам екен.

Ол бостандыққа 2030 жылы шығуы тиіс. Өткен жылы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жазасын өтеу мерзімін азайтуды сұрап хат жазған. Алайда өтініші қанағаттандырылмады.

- Сотталған азаматша 12 рет мекеме әкімшілігінен алғыс алды. Тәртібі жақсы, өзі қазір сүйікті ісімен айналысып жүр, - дейді УГ-157/11 мекеме бастығының орынбасары Медет АДЖИКУЛОВ.

Оның айтуынша, УГ-157/11 мекемесінде 160-там астам әйел кісі өлтіру, алаяқтық, ұрлық секілді қылмыстары үшін жазасын өтеп жатыр. Көпшілігінің балалары бар, бірақ режим талаптарына сәйкес олармен кездесе алады. Ең жас сотталған – 21 жаста, ең қарты – 64-те, ол жақында бостандыққа шықты. Қазақстандықтардан бөлек Ресей мен Өзбекстан азаматшалары жазасын өтеп жатыр.

Аджикуловтың айтуынша, олардың бәріне тиісті медициналық, әлеуметтік, құқықтық көмек көрсетіліп жатыр.  

Нағима – темір торда бостандықты аңсаған жүздеген тағдырдың бірі ғана. Мұндағылар ойда жоқта қате басып, ойламаған сәтте сүрінерін білмеген. Таңын түрмеде атырып, асын темір ыдыстан ішіп, кешін темір қапаста батырарын елестетпеген. Қылмыспен өрілген қиын жағдай түсіне де кірмеген. Еркіндік – қай кезде де бағалы. Бірақ ол кейде қадірі білінбейтін қолдағы алтын сияқты. Парқын тек жоғалтқанда білесің. Сол сәтте бұл әйелдер бәрі де кеш екенін ұғынды. Оларды тек сабыр мен тәртіп қана құтқарады. Темір тордағылар үшін бір кем дүние деген осы шығар бәлкім...

Фархат ӘБІЛОВ

Сурет, бейнежазба және подкаст автордікі

Бұл контент  АҚШ даму агенттігі (USAID) арқылы америка халқының көмегімен "MediaCAMP – Орталық Азия бағдарламасы" аясында дайындалды. Автор ақпараттың мазмұнына тікелей жауапты жəне ақпарат USAID-тың немесе АҚШ үкіметінің, сонымен қатар Internews ұстанымына сай келмеуі мүмкін. 

USAID — халықаралық жетекші даму агенттігі және тұрақты дамуға қол жеткізетін катализатор. USAID қызметі АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігі мен экономикалық өркендеуіне және бенефицар-елдердің тұрақты дамуына үлес қосады, сонымен қатар америка халқының жомарттығын көрсетеді. 

19 наурыз 2021, 16:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.