Атырау, 26 сәуір 22:33
 ашықВ Атырау +18
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасының бастығы: «Дәрігерлер кейде қателеседі, бастысы - мұны жасырмау керек»

Бейнежазба
3 306 просмотра

Медицина - бұл облыстағы көп уақыттан бері қордаланып қалған мәселелері бар күрделі салалардың бірі. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысымен міндетті түрде сұхбаттасу керек еді. Бұқаралық ақпарат құралдары ресми тағайындау туралы жариялап үлгерместен, басшылар ауысып кететін.  СЭС қызметінде басшылар тез ауысты. Асхан БАЙДУӘЛИЕВ бұл қызметте өткен жылдың қазан айынан бері жұмыс істейді, қазіргі өлшем бойынша ұзағырақ жұмыс атқарған басшы. Төменде осы басшыдан алған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

«ЕКПЕ АЛДЫМ, ЖАҒДАЙЫМ ЖАҚСЫ»

- Асхан Мархабайұлы, коронавирусқа қарсы екпеден кейін денсаулығыңыздың жақсы болғанына қуаныштымын. Біздің облыста вакциналау қалай жүріп жатыр, вакцина салғаннан кейін асқыну жағдайы болды ма? Жаңа партиямен қанша доза түсті және шектеулі санатқа кірмейтін азаматтар қашан егіледі?

- Иә, 1 ақпанда Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакциналау басталды, мұның игілікті іс екені сөзсіз. Вакцина егілетін адамдардың бірінші тобы - медицина қызметкерлері, бірақ бәрі емес, стационарлардың, жедел жәрдемнің, жұқпалы аурулар бөлімшелерінің, жансақтау бөлімшелерінің, емханадағы ауру жұқтыру ықтималдығы жоғары бөлімшелердің қызметкерлері. Әрі қарай білім беру саласының қызметкерлері, студент, полиция қызметкерлері мен басқалар – барлығы азаматтардың 8 санаты. Көпшілік екпе алған әріптестерімнің және менің өзімді қалай сезініп жүргенімді білгісі келеді. Вакцина алғаннан кейін асқыну жағдайы болмады, дегенмен, дене қызуы көтеріліп, ЖРВИ-дің жеңіл белгілері, алғашқы тәулікте енжарлық байқалған. Өз басымда мұндай болған жоқ, өзімді жақсы сезінемін.

Бірінші және екінші партиядағы вакцина саны – мың доза. Ресейлік вакцина кең тараған, оны жеткізуге әлемнің 20-дан астам елімен келісімшарт жасалды. Сондықтан шектеулі мөлшерде жеткізіліп жатыр. Ел басшылығы отандық «QazCovid-In» вакцинасын жасау мен өндіруді қолға алып, көрегендік танытты.

Қазіргі уақытта Қазақстанда өзінің өндірістік базасы бар - Қарағанды фармацевтикалық кешені ресейлік субстанциямен жұмыс істейді, ал Жамбыл облысында «QazCovid-In» вакцинасы сынақтан өтіп жатыр. Наурызға қарай вакцинаны қазақстандық зауыттар шығарады деп күтілуде, бұл халыққа вакцина егу бойынша ауқымды науқанды бастауға мүмкіндік береді.

- Бұдан бұрын сіз республиканың оңтүстік өңірлерінде жұмыс істедіңіз. Біздің облыс шағын болса да тыныш деп атауға болмайды. Сіз осы жерде қандай проблемаларға тап болдыңыз және бірінші кезекте сіз өзіңізге және командаңызға қандай міндет қойдыңыз?

- Атырау облысының артықшылығы көп – аумағы ықшам, тұрғындар көп емес және көші-қон тұрғысында жағдайы тұрақты. Бірақ материалдық-техникалық базаның тозуына және кадрлардың жетіспеушілігіне байланысты бірқатар проблемалар бар. Көп жалақы төлейтін және жұмыс кестесі қауырт емес жеке медициналық ұйымдарға көп кадр кетіп жатыр. Бүгіндегі басты міндет - мамандарды тарту, олардың біліктілігін арттыру және жаңа технологияларды игеруге мүмкіндік беру. Облыс басшылығы бұл бағытта көп жұмыс атқаруда, 268 студент Атырау облысы әкімінің гранты бойынша еліміздің медициналық жоғары оқу орындарында білім алып жатыр.


«ТЕҢІЗ БЕН БІЗДІҢ ӨҢІРДІ БӨЛУГЕ БОЛМАЙДЫ»

- Көктемнен бастап коронавирус бойынша бөлек статистика жүргізу: Теңіз кенішін бөлек, облысты бөлек немесе ауырғандар мен сауығып кеткендердің жалпы санында кеніштің үлесін көрсету ұсыныстары айтылып жатыр. Неліктен осылай жасауға болмайды?

- Бөліп көрсету, әрине, облыс көрсеткішін едәуір жақсартар еді, өйткені Теңіз кеніші болмаса, бұл аймақ «жасыл» аймақта, ал кейде «сары» аймақта болуы мүмкін еді. Бірақ Теңізде Қазақстанның түкпір-түкпірінен және көптеген шет елден келген жұмысшылар еңбек етсе де, кен орны географиялық жағынан Атырау облысының құрамына кіреді. Бұл жалпы статистика жүргізуді қажет етеді.

- Екінші толқын болған жағдайда жазғы сценарий қайталанып, тұрғындар медициналық көмексіз қала ма деп қорқамыз. Емханалар жабылып, учаскелік дәрігерлер мен медбикелер қоңырауларға жауап бермеді. Ауруханаға жату мүмкін болмады. Анализ жасалды ма - 2020 жылдың жазында созылмалы аурулары асқынып, медициналық көмек ала алмай қанша адам қайтыс болды? Бұрынғы қателіктерді ескере отырып, медициналық мекемелер қалай жұмыс істейді?

- Мойындау керек, өкінішке орай, бастапқыда біз, біз ғана емес, бүкіл әлем пандемияға дайын болмадық. Адамдар вирустың қауіпті екеніне күмәнданып, бір-біріне бейнероликтер жіберіп, Еуропа ауруханалары пациенттерге лық толы деген хабарламаларға сенбеуге шақырды. Бірақ 2020 жылдың маусым-шілдесінде пандемия бізге де жетті. Емдеудің нақты хаттамалары болған жоқ. Дәріханаларда ғана емес, ауруханаларда да дәрі-дәрмек тапшылығы туындады. Мұның бәрі жаппай қателікке әкеліп соғып, нәтижесінде аурудан айыққандардың көпшілігінде дәрі қабылдауға байланысты асқынулар пайда болды. Адамдар шарасыздықтан кейбір бейнежазбадан естіген кеңестерді қолданып, резервтік қатардағы 3-4 антибиотиктен қабылдады. Ал бұлай етуге болмайды. Медицина қызметкерлері де ауырып, өздері оқшауланғандықтан, емханалар толық жұмыс істемеді.

Бірақ қазір тәжірибе жинақтадық. Екінші толқынға дайындық барысында көп жұмыс жасалды, ол үшін мемлекет қомақты қаражат бөлді. Осы аурудың диагностикасы мен емдеу хаттамалары тағайындалды. Егер бастапқыда провизорлық, карантиндік және жұқпалы аурулар бөлімі туралы айтқан болсақ, қазір инфекциялық және карантиндік аймақтарға бөліп жатыр. Осы уақыт ішінде «СК-Фармация» ЖШС логистиканы реттеп, барлық деңгейде қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуді жолға қойды.

Екі айлық дәрі-дәрмек қоры қалыптасты. Амбулаториялық деңгейде бұл дәрі-дәрмектің 5 түрі: антикоагулянттар, қызу түсіретін дәрілер, антибиотиктер. Стационарлық деңгейде – дәрінің 26 түрі.

Азайтылмайтын қорды тұрақтандыру үшін әкімдік «Атырау» ӘКК арқылы ЖШС қоймаларында сақталатын дәрі-дәрмектің 42 түрін сатып алуға «Инкар» ЖШС-не 500 млн бөлді. Жақында әлеуметтік желіде дәріханаларда қызу түсіретін препараттар және антикоагулянттар жетіспейді деген ақпарат пайда болды. Мұның бірен-саран жағдай екеніне сенімдімін, бірақ дәрі-дәрмек тапшылығына жол бермеу үшін интервенция жасалды - азайтылмайтын қорды міндетті толтыру шартымен 200 миллион теңге сомада осы препараттарды сатуға рұқсат берілді.

Жазда стационарларда коронавирус инфекциясы өршіген кезде оттегі станцияларының қатты тапшы болуы үлкен проблема болды. Облыста перинаталдық орталықта ғана бір оттегі станциясы бар еді. Басқа ауруханалардың қызметкерлері мен еріктілер күн сайын 300-ге дейін оттегі баллонын тасуға мәжбүр болды. Ауру жұқтыру қаупі төнсе де осы баллондарды тасымалдау өте қиын жұмыс еді. Қазір бізде 7 оттегі станциясы жұмыс істейді. Тағы 2-уі аяқталу кезеңінде. ИВЛ аппаратын - инвазивті және инвазивті емес, оксигенераторлар, Бобров аппаратын сатып алуға қомақты қаражат бөлінді.

Қазір облыста 267 ИВЛ аппараты бар, оның бір бөлігі мемлекет есебінен, бір бөлігі демеушілер есебінен сатып алынды. Бұдан басқа, жедел жәрдем қызметі үшін 60 көлік сатып алынды. «Hyundai», «Газель», «Санджак» автомобильдері әлемдік стандарттарға сай келеді, заманауи жабдықтармен, портативті аппараттармен, ИВЛ-мен, оттегімен, дефибрилляторлармен, бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Барлық машина бүгінде жұмысқа жұмылдырылған.

Екінші толқынға дайындық барысында бірқатар нысандар салынды. 22 ақпанда модульді аурухана пайдалануға берілді. Облыста ковидпен ауырған науқастарға 1933 кереует дайындалды. Біздің резервте - облыстық аурухана мен кардиологиялық орталықта тағы 430 кереует бар. Махамбеттегі жұқпалы аурулар ауруханасы толық жөндеуден өтіп, жабдықталған, қажет болған жағдайда карантиндік стационар ретінде пайдаланылатын болады. Құрманғазы ауданында 75 кереуеттік орталық аудандық аурухана салынды, онда реанимациялық кереуетпен бірге жұқпалы аурулар бөлімшесі жұмыс істейді. Құлсары қаласында 200 кереуеттік модульді аурухана мен 75 кереуеттік орталық аудандық аурухана салынуда.

Жазда бізде ауру жұқтырған мыңдаған жағдай тіркелді, бірақ бүгінде ресми статистика біздің облыста COVID-19-дан болған 128 өлімді тіркеді. Пневмониядан өлім-жітім деңгейі жоғары болды, бірақ бұл жағдайда науқастардың коронавирус жұқтырғанын анализ растамады. 

Қант диабетімен, бауырдың, өкпенің, жүрек-қантамыр жүйесінің созылмалы ауруларымен ауыратын науқастардың қауіп-қатер тобына кіргені белгілі. Әсіресе, қант диабетімен ауыратын науқастарды емдеу қиынға соқты. 2020 жылдың жазында созылмалы аурулардың өршуіне байланысты қанша адам қайтыс болғаны туралы бөлек статистика жоқ.

 

МЕДИКТЕРГЕ ТӨЛЕМАҚЫ: КІМГЕ ТИЕСІЛІ ЖӘНЕ КІМ АЛДЫ

- 2020 жылдың наурызынан бастап қанша медицина қызметкері ауырды? Қаншасы қаза болды? Ауырған медиктер мен қаза тапқандардың отбасыларына қанша төленді?

- Біз зардап шеккен медиктерге әлеуметтік төлем тағайындау жөніндегі комиссияның жұмысы кезінде - сәуірден қазанға дейін талдау жүргіздік. Комиссия мүшелері ауырған медицина қызметкерлерінің барлық өтінімдерін - эпидемиологиялық картаны, қаралғанын, КТ-ны, анализдерді, стационардан шығару құжаттарын, сырқаттану парағын мұқият тексерді. Жалпы, бізге 1083 медицина қызметкері өтінішпен жүгінді. Төлемдер қолында растайтын бүкіл құжаты бар 763 медицина қызметкеріне және ресми түрде ковидтан қайтыс болды деп танылған 14 қызметкердің отбасына берілді. Төлемнің жалпы сомасы - 1 миллиард 666 миллион теңге. Өтініш берген қалған медиктердің қолында қажетті құжаттардың толық пакеті болмаса да, коронавирус инфекциясымен ауырғаны ескеріліп, әкімнің бастамасымен біз демеушілерді қосып, олардың көмегімен 60 млн теңгедей төледік. 20 қазанда бұл төлемдер тоқтатылды. Бұл көмектің тоқтатылғанына наразы болған қызметкерлеріміз маған хабарласып, оларға егжей-тегжейлі түсініктеме берілді.

- 2020 жылдың қазан айында біз №1 емхана қызметкерлері өздеріне тиесілі төлемдерін ала алмай отыр, ал емхана есепшотынан 70 миллион теңге жоғалып кеткені туралы жазған едік. Бүгінгі жағдай қандай?

- 70 миллион теңгені жымқыру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Біздің білуімізше, интернет-алаяқтық жасаған күдіктілер ұсталып, енді сот алдында жауап бермек. Ақша сот арқылы емханаға қайтарылады. Сол кезде ӘМСҚ қаражатының арқасында бұл жағдайдан шығу мүмкін болды, кезекті төлем уақыты келген еді. Жетіспеушілікті жауып, ағымдағы айда тапқан ақшамен орны толды. Қазір әр емхананың әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан бөлек қосымша ақша табуға мүмкіндігі бар. Өйткені ол шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын. Бұл скрининг, профилактикалық тексеру, күндізгі стационарда емделу және т.б. үшін төлемақылар. Осы жағдайға қарамастан, №1 емханада жалақы бір күн де кешіктірілмей, әлеуметтік аударымдар мен басқа төлемдер жүргізілгенін атап өткім келеді. 

Аурухана әкімшілігінің және бүкіл ұжым жұмысының арқасында жыл соңында қызметкерлерге жалақы ғана емес, сыйақы да берілді.


САҚТАНДЫРУ МЕДИЦИНАСЫ ТУРАЛЫ

- Кез-келген мемлекеттік медициналық емдеу мекемесінің бюджеті неден тұрады?

- Медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің ақшасынан, ӘМСҚ қаражатынан және емхананың ақылы қызметі арқылы табылған бюджеттен тыс түсімдерден. ККТМК шұғыл көмек берілетін науқастарды емдеу және дәрі-дәрмекті сатып алу шығындарын өтейді. ӘМСҚ азаматтардың 15 санатын - балаларды, жүкті әйелдерді, мүгедектерді және т.б. емдеуге мемлекет бөлетін қаражатты, сондай-ақ жұмыс берушілердің өз қызметкерлері үшін аударатын ақшасын емдеу мекемелеріне жібереді. Емдеу мекемелері ұсынатын медициналық қызметтердің сапасы жоғары және ауқымы кең болған сайын, олардың кіріс көбейту мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.

- Сақтандыру медицинасының арқасында тегін диагностикалық және оңалту қызметтерінің тізімі едәуір кеңейді, оған КТ, МРТ, қосымша анализдер және т.б. кірді. Бірақ қарапайым медицина қызметін тұтынушы үшін көп нәрсе түсініксіз болып отыр. Мысалы, пациент белгілі бір емханаға тіркелген, бірақ оңалтуды ол жерден емес, жеке медицина орталығында алғысы келеді делік. Ол осылай істей ала ма? Егер жеке мекеме емханамен келісім лимитін бітірген болса, не істеу керек?

- Емхана емдеуге келісімшарт жасаған мемлекеттік және жеке мекемелерге жолдама бере алады. Бұл былай жасалады: емхана, мысалы, 5 мың адамды тіркейді, оның 500-і оңалтуды қажет етеді. Бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымы ӘМСҚ-нан оңалтуға ақша алып, басқа ұйыммен қосалқы мердігерлік келісімшарт жасайды. Емхананың да, жеке ұйымның да лимиті бар. Егер бір ұйымда лимит бітсе, пациентті басқа орталыққа жіберуге болады.

- Қазіргі кезде облыстағы емдеу мекемелері қандай ақпараттық жүйені қолданады? Бізге «DamuMed» жұмысына дәрігерлер шағымданады: жүйені қолданғаны үшін - логин мен құпия сөз үшін ақша төлеуге тура келеді екен.

- Қазіргі кезде облыстық қан орталығы медициналық «Инфодонор» ақпараттық жүйесімен, жедел жәрдем станциясы - «iKomek»-пен, қалған мемлекеттік медициналық ұйымдар - «DamuMed»-пен жұмыс істейді. Барлық медициналық ұйымдар медициналық ақпараттық жүйелерді жеткізушілермен келісімшарт жасады және ай сайын өз қаражаты есебінен қызметтерді төлейді. Логин мен құпия сөз үшін төлем мәселесіне қатысты бізге шағым түскен жоқ. Егер шағым түсіруші байланыс дерегі мен медициналық ұйымды атай алсаңыз, біз тексеріп, шара қолданамыз. 

- Облыс тұрғындары да «DamuMed» жүйесіндегі ақпараттардың дұрыс көрсетілмегеніне шағымданды. Яғни, пациенттің дәрігерлерге барғаны, белгілі бір медициналық қызметтерді алғаны көрсетілген, бірақ іс жүзінде ол өз емханасына бармағанына бірнеше жыл болған. Ақпаратты осылай бұрмалаудың емханаларға қандай пайдасы бар және бұл мәліметтердің дұрыстығын кім тексереді?

- Иә, осындай фактілер бар. Себебі, медициналық ақпараттық жүйе интернетке тәуелді. Интернеттің жылдамдығы төмен болғандықтан, кейде дерекқорда қателіктер орын алады. Осындай жағдайды болдырмау үшін тұрғындарға «DamuMed» мобильді қосымшасын ұялы телефондарына жүктеп алуды ұсынамын. Қосымшада пациентке қатысты бүкіл ақпарат хабарлама түрінде түседі. Егер емханаға бармасаңыз, бірақ келгеніңіз туралы хабарлама алсаңыз, медициналық ұйымның өзіне немесе біздің басқармаға хабарласуға болады. Біздің медицина қызметкерлері бұдан пайда іздеп отыр деуден аулақпын. Бұл жағдайды прокуратура мен ӘМСҚ қадағалайды және осы фактілер бойынша қор айыппұл салады.


«ДӘРІГЕРЛЕРГЕ НЕГАТИВ КӨП БОЛДЫ»

- Облыстық перинаталды орталық дәрігерлерінің жаңа туған нәрестені өлтіру оқиғасы бүкіл елді дүр сілкіндірді. Бәрінде де неліктен медицина қызметкерлеріне жаңа туған нәрестені дүниеге келген кезде жазылған жазбаны түзетудің орнына, өлімге итере салу оңай болды деген сұрақ туындады.

- Сол күні не түлен түрткенін қазір дәрігерлер үшін ешкім жауап бере алмайды. Неліктен күнде болатындай басқаша емес, осылай болды? Көрсеткіштердің қандай болатынын ойланбастан, әріптестері немесе науқастың туыстары олар туралы не айтады, тағы бір адам өмірін құтқарғаны үшін оларға медаль беріле ме, жоқ па, деп ойланып жатпастан дәрігерлер мен барлық медицина қызметкері ондаған адам өмірін құтқарып жатыр. Осындай жағдайға тап болған медицина қызметкерлерінің өздері неге бұлай болғанын қайталап еске түсіріп, тіпті қазір де бұл сұраққа жауап таба алмай отырған шығар деп ойлаймын.

- Неліктен сотталғандардың әріптестері бұл жағдайды соншалықты ауыр қабылдады деп ойлайсыз? Ұжым болып жұмыстан шықпақшы болды, дәрігерлер пациенттердің енді өздеріне мүлдем сенбейтіндерін жазады. Өз басым, адамдар қылмыс жасағандар мен басқа дәрігерлерді бөліп отыр деп ойлаймын.

- Бұл жағдай бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіде кеңінен жарияланғаннан кейін дәрігерлер мен орта медициналық персоналдың реакциясын түсінуге болады. Олардың алғашқы реакциясы жұмыстан кету болды, өйткені олар пациенттер мен олардың туыстары тарапынан бүкіл негативті сезінді. Күн сайын штаттан тыс жағдайлар орын алатын жерде жұмыс істей отырып, дәрігерлер жүктілік пен босануды қарау туралы шешім қабылдайды. Өкінішке орай, ол шешімнен кейін кепілдендірілген 100% жақсы нәтижемен аяқталмайтын жағдайлар болады. Нәтиже көп жағдайлар мен шарттарға байланысты. Дәрігерлік қателіктен ешкім сақталмаған. Ресейде Ұлттық медициналық палатаның мәліметтеріне сәйкес, дәрігерлік қателіктердің жалпы көрсеткіші 0,8%, Еуропада - 10%, ал АҚШ-та жыл ішінде 100 мыңға дейін адам дәрігерлердің қателігінен қайтыс болады.

Мен Қазақстан Республикасынан мұндай статистиканы таппадым. Дегенмен, менің ойымша, әрбір дәрігер жүрек тоқтауы, клиникалық өлім, қан кету немесе өлі шаранасы бар пациенттің алдында адам тағдырын шешетін шешім қабылдайды. Ол шешім бұл жағдайда пациент үшін дұрыс бола ма, жоқ па, ешкім кепілдік бере алмайды, өйткені біз білетін аурулардың классикалық көрінісіне еш сәйкес келмейтін жағдайлар кездеседі. Бұл жағдайда клиникалық хаттамалар әрдайым жұмыс істей бермейді. Өйткені бір пациентте «өшірілген клиника», аурудың әдеттен тыс ағымы немесе бірнеше аурудың тіркесі болуы мүмкін. Дәрігер жалғыз өзі шешім қабылдағанда бейтаныс жерде жол айрығында тұрғандай болады.

Дәрігерлік қателіктер пайызына адам өлімі ғана емес, науқастарды диагностикалау және емдеу процесінде туындауы мүмкін асқыну жағдайы да кіреді. Қалай болғанда да, бізге оларды жасырмай, асқынулар мен дәрігерлік қателіктер статистикасын жүргізіп, қателіктердің қандай жағдайда туындайтынын, олардың алдын алу үшін қандай шаралар қажет екенін шешуіміз керек.

Егер әлемдік державалар тәжірибесін алсақ, онда дәрігердің жауапкершілігін сақтандыру деген бар. Қазіргі уақытта дәрігерлік жауапкершілікті міндетті сақтандыруды енгізу мәселесі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде қаралуда.


МАҢЫЗДЫ СТАЦИОНАРЛАР ТУРАЛЫ

- Психикалық денсаулық орталығы заманауи талапқа сай келмейтін өте ескі ғимаратта орналасқан. Көп жыл бұрын шетелдік компания әлеуметтік бағдарлама аясында стационарға іргелес аумаққа психиатриялық аурухана үшін жаңа ғимарат салуды жоспарлады. Бірақ әлдебір себептермен жоба ұмыт қалды. Қала тұрғындарында барлық мәселе психатриялық аурухана орналасқан әдемі жер учаскесінде болып отыр деген түсінік пайда болды. Владимирский көшесіндегі жұқпалы аурулар стационарының бұрынғы ғимаратына қатысты да осы жағдай болған. Алдымен әңгіме «Атырау» ӘКК мен жеке инвестордың бірлескен құрылысы туралы болды. Сол жерде протез дайындайтын шеберханасы бар оңалту орталығын салу жоспарланды. Содан кейін инвестор ӘКК үлесін сатып алды, енді бұл толығымен жеке жоба. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы инвестордың оңалту орталығын салу туралы келісім шарттарын сақтауы тұрғысында осы жеке жобаны бақылауға құқығы бар ма?

- Біз жеке құрылыс компаниясының жұмысын бақылай алмаймыз. Бірақ мен психикалық денсаулық орталығына қатысты мұндай ештеңе болмайтынына сенімдімін, өйткені бұл процесті жергілікті атқарушы органдар бақылауда ұстап отыр. Ал орталық ғимараты физикалық және моральдық тұрғыдан әлдеқашан тозған. Жаңа ғимарат салу мәселесі шешімді қажет етеді. Сөйтіп шешім табылды. Облыс әкімінің тапсырмасымен жаңа аурухана құрылысының жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге өтінім берілді.

Қай жер екенін айта алмаймын, мұнымен құрылысшылар айналысады. Үшінші тоқсанда жобалық-сметалық құжаттамаға мемлекеттік сараптама жүргізіледі, содан кейін тендерлік процедуралар өтеді, келесі жылы құрылыс басталуы мүмкін.

- Пациенттердің онкология диспансеріне де шағымы көп. Позитивті көңіл-күйге мұқтаж науқастар тозығы жеткен ғимаратта ем алуға мәжбүр. Бұл жерде терезеден жер үрлеп, төбеден сылағы түсіп жатыр.

- Соңғы жылдары облыстың онкология қызметінде оң динамика байқалады. Ұжым жаңарды, жас, білікті мамандар келді. Хирургиялық белсенділік бірнеше есе артты, онкопациенттердің бес жылдық өміршеңдік пайызы өсті, өлім-жітім азайды. Бірақ бірнеше жолмен шешуге болатын шарттар проблемасы бар. Олардың қатарында мемлекеттік-жекеменшік серіктестік немесе әлеуметтік жобалар шеңберінде мұнай компаниясының қаржыландыру мәселесі бар. Бұл нұсқаларды қазір әкімдік пен демеушілер пысықтап жатыр.

- Туберкулезді емдеу ерекшелігі - науқас стационарда ұзақ уақыт болу керек. Бірақ ондағы жағдай жақсы емес. Пациенттер мен олардың туыстарының науқастарға барғанда киетін халаттың тазалығынан бастап, туберкулезге қарсы қызметке шағымы көп.

- Соңғы ескертуге қатысты. Менің ойымша, бұл жалған. Әсіресе қазіргі уақытта коронавирус тұрғысында бір реттік жеке қорғаныс құралдары кеңінен қолданылады. Бірақ туберкулезге қарсы қызметтің соңғы кездері көп қысқартуға ұшырағанымен келісемін. Эпидемиологиялық ахуал қиын болып тұрса да, барлық бағыт бойынша көрсеткіштердің елеулі өзгерістерін байқамау мүмкін емес. Бүгінде стационарда болу ұзақтығын 22 айдан 9 айға дейін қысқартуға мүмкіндік беретін жаңа диагностикалық және емдеу әдістері енгізілді. 85% стандарт болғанда бізде туберкулездің сезімтал формасынан сауығу 95,8%, ал дәрі-дәрмекке төзімді түрімен - 75% стандартпен 85% құрайды. Амбулаториялық емдеу кезінде науқастар аудандық және қалалық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімдері арқылы әлеуметтік қолдауды жергілікті бюджеттен бөлінетін ақшалай қаражат түрінде алады. Негізгі проблемалар – қызметтің материалдық-техникалық базасы және кадрлар. Соңғы мәселе біртіндеп шешілуде, келесі жылы тағы екі жас дәрігерді қабылдау жоспарланып отыр, олармен келісім жасалды. Ғимаратқа келетін болсақ, күрделі жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжаттама былтыр дайын болды, бірақ карантинге байланысты оны бастауға мүмкіндік болмады. Бұл біздегі басым мәселенің бірі болып отыр.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Бейнежазбаны түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

2 наурыз 2021, 15:07

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.