Атырау, 24 қараша 04:08
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Бұл зейнетақы қорынан көп ақша түсірмес үшін жасалған»

2 818 просмотра

БЖЗҚ-ның кейбір салымшылары зейнетақы жинақтарын ала бастады. Мемлекет екі мақсатты: емдеуді немесе үй сатып алуды белгіледі. Сөйтіп сұрақтар туындады: бұл мүмкіндікті неліктен барлық салымшылар пайдалана алмайды? Неліктен қолдану саласын кеңейтуге болмайды, мысалы, қазір пандемияға байланысты өтелуі қиын болып тұрған несиелерді жабуға рұқсат бермейді?

Осы және басқа да сұрақтарды біз бұрын Қазақстанның зейнетақы қорлары қауымдастығын бірнеше жыл басқарған және «Қазақстанның мемлекеттік емес ерікті зейнетақы қорлары туралы» Заңды әзірлеуге қатысқан зейнетақы жүйесі саласындағы сарапшы Айдар ӘЛІБАЕВҚА қойдық.

 

«ҰЛТТЫҚ БАНК ЗЕЙНЕТАҚЫ АКТИВТЕРІН БАСҚАРМАУЫ КЕРЕК»

- Айдар Байдәулетұлы, жаңа жылдан бастап зейнетақы жинақтары белгіленген шекті деңгейден асатын БЖЗҚ салымшыларына емделуге немесе тұрғын үй сатып алуға төлеу үшін қаражатты ішінара алуға рұқсат етілді. Сіз мұны қалай бағалайсыз?

- Осы жылы күшіне енген өзгерістердің артықшылығы мен кемшіліктері бар. Негізгі кемшілік - жеткілікті шегінің өте жоғары болуы. Мысалы, 24 жастағы жас жігіт үшін ол 2 миллион теңгенің көлемінде болуы керек. 24 жастағы жігітте екі миллион қайда болсын? Яғни, жеткілік шегінің жоғарылығы сондай, зейнетақы ақшасын өте аз адам пайдалана алады. Бұл шекті 700 мыңдай адам қолдана алады деп, менің ойымша, шенеуніктер тым әсірелеп айтып отыр.

Екінші мәселе: түсіріп алатын ақшасы бар адамдар, әдетте, баспанаға мұқтаж емес, ауқатты жандар. Сондықтан, олардың жеткілікті мөлшерден жоғары ақшасы болса да, олар оны алмайды.

Артықшылығы туралы айтатын болсақ - бұл ем үшін ақша түсіріп алу мүмкіндігі. Бірақ адамдар оны шынымен қолдана алатындай етіп, жеткілік шегін төмендету керек.

Айдар ӘЛІБАЕВ

- Бірнеше жыл бұрын, егер қателеспесем, 2017 жылы-ау деймін, салымшыларға зейнетақы жинақтарын ішінара алуға мүмкіндік беру туралы осы мәселені сіз көтерген едіңіз. Осы норманы әзірлеу кезінде тағы нені ескеру керек болды?

- Мен Ұлттық банк БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін басқармауы керек деп санаймын. Өйткені ол зейнетақы активтерін қалай-солай басқарып отыр. Оларды негізінен мемлекеттік құнды қағаздарға салады. Осыған байланысты ішкі қарыз өсіп келеді. Кірісі төмен. Бұл ақшаны тиімсіз жеке банктерді, квазимемлекеттік компанияларды қолдауға және т.б. жібереді. Басқаша айтқанда, Ұлттық банк біздің ақшамызды ұтымсыз пайдаланады. Сондықтан зейнетақы жинақтарының бір бөлігін жеке басқарушы компанияларға беруге рұқсат еткен дұрыс болар еді.

 - Бұл қандай компаниялар, олар қалай жұмыс істейді? Біз оларға сене аламыз ба?

- Олар лицензия алады ғой, олардың қызметі мемлекет бақылауында болады. Көп жылдар бойы елдегі экономикалық тоқырау жағдайында, қазіргі пандемия салдарынан қор биржасы әрең тіршілік етіп отыр, тіпті, жеке басқарушы компанияларға да бұл ақшаны басқару қиынға соғады. Себебі оларды салатын жер жоқ.

 

НЕЛІКТЕН ШЕК ӨТЕ ЖОҒАРЫ

- Қалай ойлайсыз, жеткілік шегі қандай өлшем бойынша есептелді?

- Мен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі нені басшылыққа алғанын білмеймін. Бірақ олар БЖЗҚ-мен кеңесіп, адамдар аз алу үшін жоғары шекті белгіледі деп жорамалдаймын. Бір жағынан, олар президенттің адамдар зейнетақы жинақтарын алуына қол жеткізсін деген нұсқауын орындаған болады, ал екінші жағынан, мұндай мүмкіндік көпшілікке берілмейді. Міне, бұл шенеуніктердің бюрократиялық тәсілі.

- Егер жеткілік шегін төмендетсе, БЖЗҚ-да сонша ақша табыла ма?

- Бұған күмәнім зор. Ол жерде ақша жоқ болуы мүмкін. Бұл, айтпақшы, жоғары шектің белгілену себептерінің бірі осы.

- Ал сонда бұл ақшаның бәрі қайда?

- Олардың бәрі жан-жаққа шашылды ғой. Бүгінде құндылығын едәуір жоғалтқан бүкіл бағалы қағаздарға салынды. Мысалы, шартты түрде айтсам, бірнеше жыл бұрын әлдебір компанияның немесе банктің бағалы қағаздары сатып алынды. Мысалы, бір облигация 1000 теңгеден сатып алынды. Бухгалтерияда және БЖЗҚ-ның балансында олар дәл осы бағамен өтеді. Ал іс жүзінде бүгінде, бірнеше жылдан кейін, олардың бағасы 200 теңге. Яғни, қағаз жүзінде облигация мың теңге тұрады, іс жүзінде ешкім оған 200 теңгеден артық ақша бермейді.

Менің ойымша, БЖЗҚ портфелінде мұндай құнды қағаздар өте көп. Әрине, олар бұл туралы бірге айтқылары келмейді, бірақ олар қазір халықтың көп бөлігіне ақшаға қол жеткізуге рұқсат берсе, онда бәрі алуға жүгірген кезде, ақшаның бәріне жетпейтінін түсініп отыр.

Мен жағдай дәл осындай деп отырған жоқпын, бірақ ол жерде осыған ұқсас жағдай болып жатыр деп болжауға болады.

 

ЖҰМЫССЫЗДАР МЕН ӨЗІН ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫҒАНДАР ТУРАЛЫ

- Жұмыссыз қалғандар мен зейнетақы қорына ақша аудармайтындар не істейді, мысалы, 2014 жылдан бастап барлық жинақты БЖЗҚ-ға жинақтағалы бері? Өзін жұмыспен қамтығандар да бар. Олар қалай болады?

- Ештеңе болмайды. Егер олар БЖЗҚ-да жинақ салмаса, сәйкесінше, оларда зейнетақы болмайды немесе ол өте аз болады. Ешкім оларға өздері жинақтаған зейнетақы жарнасынан тыс қосымша ақша бермейді.

Қарапайым есептеп көрейік. Қазір бізде 3 миллионға жуық өзін жұмыспен қамтығандар бар, бұл ресми көрсеткіш. Яғни, бұлар қандай ақшаға өмір сүріп жатқаны белгісіз, қай жерде табыс тауып жатқаны белгісіз және тиісінше, ешқандай салық төлемейтін адамдар. Олар, мысалы, жолаушы тасиды, базарларда және дүкендерде қолма-қол ақшаға жұмыс істейді.

Бүгінгі күнмен өмір сүреді. Егер бұларға бізде 1 миллион болатын ресми жұмыссыздарды қоссақ, барлығы 4 миллион болады. Бұл жұмысқа қабілетті халықтың жартысына жуығы.

Енді ойлап көріңіз. Бұл адамдардың, әрине, зейнеткерлік болашағы жақсы емес. Оларға қатысты бір шешім жасау керек деп әлденеше рет айттым. Ал біздің мемлекет бұл бағытта ештеңе жасамай отыр. Өздеріңіз көріп отырсыздар: жұмыс орындары құрылмайды, бизнес құрып жатыр, жұмыссыздық көбеюде, теңге құнсызданып жатыр. Бұл тұрғыда елдегі жағдай жақсы емес.

 

«САЯСИ РЕФОРМАЛАР КЕРЕК»

-Ал енді не істеу керек? Сіз не ұсынар едіңіз, идеяңыз бар ма?

- Ұсыну үшін саяси реформалар қажет. Бізге дұрыс заңдар қабылдайтын дұрыс парламент керек. Бізге министрліктерде тамыр-таныстықпен отырған және мемлекет қаржысын Орталық Азиядағы ең үлкен мешітті салу секілді, түрлі қажетсіз бағдарламалар, түрлі имидждік жобаларға және т.б. ысырап етіп жүрген 30 жастағы шикі жастар емес, өз басы бар дұрыс министрлер керек.

Әкімдіктер ақшаны ысырап етеді, тек «кесуге», ұрлауға мүмкіндік болса болғаны. Бізде саяси реформалар жоқ, билікті шынайы сайлау жоқ, халық пен билік арасында кері байланыс жоқ. Біз бұл туралы көп жылдар бойы айтып келеміз. Саяси реформаларсыз экономика жақсармайды, ол тек нашарлай береді. Толық құлдырау нүктесінің қайда екенін білмеймін. Бірақ меніңше, көп уақыт қалмаған сияқты.

- Зейнетақы мәселесіне оралайық. Мемлекетке сенім мәселесі де бар. Зейнеткерлік жасқа дейін әлі 20 жылы бар көп танысым, БЖЗҚ салымшылары қартайғанда лайықты ақша алатынына күмәнді.

- Иә, көп адам бұған сенбейді. Әр аттаған сайын бізді алдайтын мемлекетке қалай сенуге болады? Жемқорлық жайылып кеткен мемлекетке қалай сенуге болады? Бір жылдан кейін елімізде не болатынын білмейміз, сонда 20 жылдан кейін не болатынына қалай сеніп, байыпты қарауға болады?

Биліктің бюджет қаражатын жұмсауға дарынсыздықпен және пайдакүнемдікпен қарайтынын көріп отырсыздар. Ал қазір бюджетке ақша өте аз түсіп жатыр.

Түрлі бағалау бойынша, кіріс 40 пайызға төмендеді, өйткені шағын және орта бизнестің жағдайы нашарлап кетті, экономика дағдарысқа ұшырап жатыр. Оған пандемия қосылды. Сондықтан, 20 жыл түгіл, 2 жылда не болатынын білмеймін.

Айнұр САПАРОВА

26 ақпан 2021, 11:13

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.