Қашаған жобасының экологиялық бөлігінде қозғалыс байқалады: Аджип құрлық және теңіз кешендеріндегі (Қарабатандағы «Болашақ» зауыты, Қашағандағы А мен D аралдары және т. б.) іске қосу-реттеу және пайдалану жөніндегі Қоршаған ортаға әсер етуді бағалаудың (ҚОӘБ) жаңа жобасын дайындауда. Газды өртеу мен зиянды шығарындылар көлемі, тиісінше, 5 есеге қысқарды.
Біз бұдан бұрын жазғанымыздай, өткен жылдың аяғында облыстық экология департаменті Аджипке шығарындылар бойынша теріс қорытынды шығарған еді. Бастапқыда экологтарға сараптама жасау үшін ортақ бір жоба ұсынылды. Оған теңіз бен құрлық кешендерін іске қосу-реттеу және пайдаланудан басқа, қосымша инфрақұрылым (қазандық, ПТС, жүзбелі кешендер мен ағымдағы жұмыстар үшін қажетті басқа да нысандар) жұмысына рұқсат алу да кіретін еді. Қазір жоба екі бөлікке бөлінген: 1-сі - қосалқы инфрақұрылым, 2-і - теңіз және құрлық кешендерін іске қосу-реттеу және пайдалану.
Екінші бөлігіне (ең бастысы) қазіргі уақытта Атырау облыстық Экология департаментінде қайталама сараптама жасалуда. Бастапқы жоба бойынша зиянды шығарындылар мен газды өртеу көлемі бірнеше жыл бұрын ҚОӘБ жобасында бекітілген көлемнен бірнеше есеге асып кеткен. Теңіз және құрлық кешендеріндегі шығарындылар мөлшерінің асып түсуі, негізінен, газды алауда өртеумен байланысты болып отыр. Облыстық экология департаментінің бастығы Ербол ҚУАНОВТЫҢ (суретте) айтуынша, алдымен жоба операторлары 2013 жылға 287 млн текше метр техникалық тұрғыда сөзсіз орын алатын газ өртеу көлемін мақұлдатқан. Осындай көлемге рұқсатты кезінде Аджипке мұнай және газ министрлігі берген. Алайда кейінірек «Жер қойнауы мен жер қойнауын пайдалану туралы» ҚР Заңына өзгерістер енгізілді. Онда қызметкердің өміріне немесе халық денсаулығына қауіп төнген немесе апатты ахуал туындаған жағдайды қоспағанда, алауларда ілеспе немесе табиғи газды өртеуге тыйым салады.
Департамент мәліметтері бойынша, 2013 жылы алау қондырғысына газ шығарындыларын тудыратын үш сценарий анағұрлым маңызды боп табылады: компрессорлық стансадан нығыздағыш газдардың үнемі кетуі, сақтық клапанынан және қауіпсіздік клапанынан шикі газдың үнемі шығуы, әлсін әлі технологиялық іркілістер нәтижесінде шикі газдың дүркіндеп шығуы. Алайда осы үш сценарий бойынша газды өртеу технологиялық тұрғыда сөзсіз өртеу санатына жатпайды (бұл санатқа іске қосу-реттеу, жөндеу және т.б. кезде газды қысқа уақыт өртеу ғана жатады), оның тиісінше, нормасы болмайды.
Өткен жылдың желтоқсан айында Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитеті Атырау облыстық Экология департаменті жолдаған хаттың негізінде алауларда газды жағуға рұқсатты кері қайтарып алу туралы мәселені көтерді. Белгілі болғандай, Мұнай және газ министрлігі өз рұқсатын кері қайтарып алыпты (рұқсаттың күшін жойған).
- Бүгінде газды өртеуді толығымен жою техникалық тұрғыда мүмкін емес болып отыр. Бірақ біз газды өртеу көлемін 287 млн текше метрден 55 млн-ға дейін азайтуға қол жеткіздік, яғни, шығарындылар көлемі 5 еседен көп мөлшерге азаяды, - дейді Қуанов.
Артық газдың көп бөлігін қабатқа кері айдауы мүмкін. Қашағандық жоба бойынша өндіріс технологиясы мынадай: өндіретін аралдардан мұнай қоспасы пайдалану-техникалық кешеніне түсіп, ажыратылады, содан соң жағаға «Болашақ» мұнай және газды кешенді дайындау қондырғысына жіберіледі. Тазартылған газдың бір бөлігі жобаны энергиялық қамтуға пайдаланылатын болады, ал негізгі бөлігі қабатқа кері айдалады. Жалпы жер қойнауына игерудің түрлі кезеңдерінде 50-ден 80 пайызға дейін өндірілген күкірті көп газ айдалуы тиіс. Осы мақсатта Қашағанда 240 ұңғы бұрғылануы қажет. Оның 188-і пайдалану ұңғысы, қалғандары- газды кері айдауға арналған айдама ұңғы. Бізге дейін ешкімнің де теңізде қабатқа газды кері айдау тәжірибесі болмағаны проблема боп отыр.
Қоғам белсендісі Макс БОҚАЕВ (суретте):
- Өндірістік тұрғыда бұл қабаттық қысымды көтереді, ал мұнай жақсы шығатын болады. Бірақ теңізде бұл ешқашан жасалған емес, сондықтан бұл полигон, сынақ алаңы секілді. 850 атмосфералық жоғарғы қабаттық қысым туралы айтылса, мұның қауіпті екенін көбі түсіне бермейді. Бірақ осы аралдарда жұмыс жасайтын таныстарымнан сынақты өндіру кезінде қалың қабырғалы алып тұрбалардың қалай дірілдейтінін әлденеше рет естідім. Бұл діріл зәрені алады екен. Сондықтан бізге тек осы теңізде мұнай өндіретін жылдар бойына апат болмаса екен деп құлшылық ету ғана қалады.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА