Атырау, 24 қараша 08:48
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Алтын алқаның» қызығын көрмеген ана

3 490 просмотра

Индер ауданы Елтай селосының тумасы Гүлкашима Матжанқызын мазаландыратын жайттар көп. Бүгінде елу жасқа толған ол 14 баланың анасы. Әйелдер мерекесі қарсаңында Гүлкашимамен кездесіп, ол өзін толғандыратын мәселелерді ортаға салды.

Бүгінде Атырау қаласында пәтерден пәтерге көшіп, жалдамалы жұмысшы атанған отбасы иелері еріккеннен ол қадамға бармағаны анық еді. Тіпті қаланың жай есепте жоқ тұрғыны болармыз деген ой олардың қаперіне кіріп те шықпаған. Өмірде не болмайды, ауылдан су шыққандай қалаға көшу отбасындағы балалардың қамынан туған жайт болатын.

‑Ауылға жететін ештеңе жоқ қой. Бірақ жұмыссыздықтан қажыған біз ақыры балалардың бір бөлегін ауылға тастап, қалаға келгенімізге тура он жыл болыпты,‑деп сөз бастады. Гүлкашима.

Осыны айтқаннан кейін ол үн‑түнсіз біраз отырыңқырап қалды, мүмкін өткені еске оралды ма. Ері Қайрақ та Елтайдан. Екеуі де бір класта оқыды. Оныншыны бітіргеннен кейін Қайрақ Отан алдындағы борышын өтеуге кетерде осы жұқалтаң сары қызды Мақажанның табалдырығын аттатқызып, басына орамал салдырған. Әкесі Мақажан болса ерте өмірден өткенімен Қайрақтың анасы Қырмызы жас келінді жатырқаған жоқ. Балаларының өсіп, ержете бастағанына қуанған Қырмызы ананың қуанышында шек болмаған. Содан көп кешікпей өмірге Қайрақ пен Гүлкашиманың тұңғышы Айнұр келді. Жас отбасы сол кездегі Амангелді атындағы совхозда малшы болды. Ал өмір өткен сайын шаңырақтың шаттығын келтірер шақалақтар бірінен соң бірі дүниеге келген. Мал бағу да оңай кәсіп емес, қиын да болса совхоз тарағанша соның белді мүшесі болды. Тіпті өмірбақи осы қыр төсінде мал бағып өтерміз деген ойдан басқасы болмаған, бірақ Кеңестік үкімет құлағаннан кейін совхоз да ыдырап сала берді. Бәлен жыл мал баққан бұларға саусақпен санарлық уақ жандық тиген, еткен еңбекке берген сыйдың түрі осы болды. Өзі көтерем тоқтылар қыстан сүлелеп шығып, біразы арам өліп қалды.

‑Содан ауылда бірнеше жыл бос отырдық. Елде жаппай жұмыссыздық орын алған, тиіп‑қашып жұмыс істегеннің нәпақасы балаларды өсіруге жетпеді. Бірақ басқалардан қалмай тыраштанып, балаларымыздың алдына мамандық алып беруге тырыстық. Осыншама баланы дүниеге келтірген басқалар болса кеудесін соғып, жәрдемақылар мен көмектерге қол жеткізер еді. Ал мен болсам таныстарым мен тумаларым «билік басындағыларға барып жұмыс сұрасаңдаршы» десе ыршып түсетін едім, шындығында осы күнге дейін мен осыншама баланы Үкіметке масыл болу үшін туғаным жоқ деп олардың бетін қайтарып тастайтын едім. Сонымен күнкөріс қиындай бергесін ақыры балаларды тастап, отағасы екеуміз қалаға барып жұмыс іздеуді жөн көрдік,‑дейді Гүлкашима ҚАЗЫҒАЛИЕВА.

2000 жылдан бері осы Атырауға келгелі не көрмеді, жұмысты талғамады, бірде жалақы берсе, бірде жалақы бермей зарықтырып қоятынын қайтерсің. Және пәтер мәселесін шешу де оңай болмай шықты. Бұлардың адалдығы мен ақтығына сенген бір кәсіпкер бұларды тұрақты жұмысқа алды. Бірақ осы күнге дейін билік басындағыларды жағалап, өмірге әкелген балаларын сылтау қылған Гүлкашима жоқ.  

-Осы кезге дейін үкімет тарапынан көмек алуға ұмтылмаппын. Дегенмен қолдан келер емес қиындыққа иықты тоса бергеннен не шығады деген оймен облыстық әкімшілікке барып үй сұрағым келді, бірақ кейінгілер маңайына жолатпады. Күні бүгінде бала‑шағамен біз бөлек, өз алдына үй болған ұлым отбасымен әр босағаны сағалап, жүрміз. Ал Елтайдағы үйде үш бала оқып жатыр,‑дейді «Алтын алқа» иегері Гүлкашима.

Өмірге 3 ұл, 11 қызды дүниеге келтірген Қабиевтер отбасы 4 баласын аяқтандырды. Ал мектеп жасында 6 бала бар. Бір баласы коммерциялық оқуда. Бір жағынан қарағанда, үкімет тарапынан ешқандай көмек алып, қамқорлыққа бөленіп көрмеген «Алтын алқа» иегері Гүлкашима Қазығалиева өмірге өкпесін артып жатқан жоқ. Дегенмен күннен күнге бағаның шарықтап, қымбатшылық жайлаған кез көпбалалы отбасыға оңай тимеуде. Сын садағына алғандай.

Ал мереке кезінде бұлар қаладағы жалға алған пәтерде бас қосады, оқушы балалар Елтайдан барса, қос немересі мен жиендер де келеді. Кең жүректі Қабиевтер отбасында кішігірім қуаныштар осылайша жалғасады.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА       

3 наурыз 2011, 01:01

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.