Біз Облыстық туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының бастығы Қазбек ИМАНҒАЛИҒА (суретте) бірнеше сұрақ қойған едік.
СОҢҒЫ ОРЫНДА
- Елімізде спорттық жетістіктер деңгейі бойынша біздің облыс ең соңғы орында, - дейді Қ.Иманғали.
- Қандай критерийлер бойынша?
- Бұл рейтинг көптеген критерилер бойынша жиналады, алайда ең бастысы – Олимпиадаға қатысқан өкілдер саны. Бізден биыл Лондон олимпиадасына екі спортшы – Ринат Ибрагимов (дзюдо) пен Гүлнафиз Айтмұхамбетова (таэквондо) өтті. Келесі олимпиадалық ойындарға кемінде бес спортшы жібереміз деп жоспарлап отырмыз.
«ЖС» дереккөзі: Қазбек Қажыұлы Иманғали, 1956 ж.т., бокс жаттықтырушысы, спорт мектебінің директоры, Махамбет аудандық туризм және спорт бөлімінің бастығы, Атырау қалалық туризм және спорт бөлімінің бастығы, облыстық туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының бастығы (2001-2008 жж.), «Астана» волейбол клубының директоры, ҚР дене тәрбиесі және спорт істері агенттігінің «Штатты ұлттық командалар және спорттық резервтер дирекциясы» (ШҰКД) РМКК директорының орынбасары қызметтерін атқарған. Облыстық спортты екінші рет өткен жылдың қазанынан бері басқарып отыр.
ШҰКД-да жұмыс жасап жүрген кезімде ұлттық деңгейдегі штаттық командалар құрамында Атыраудан тек төрт спортшы – дзюдошылар Ринат Ибрагимов, Наурызбек Майлашев, Асхат Тельманов, таэквондошы Гүлнафиз Айтмұхамбетовалар ғана болғанына қатты намыстанатын едім. Басқа облыстардан 25-30 адамнан болатын.
- Атыраулық спортшылар қандай жолмен Олимпиада – 2016-ға бес жолдаманы қанжығаларына байламақшы?
Ринат ИБРАГИМОВ- Алматыдан атақты жерлесіміз ескекші Сергей Сергеевті әйелі Наталиямен бірге елге қайтаруға келісімге келдік. Лондонда байдаркада есуде ол 11-орын алған болатын.
Сондай-ақ, біз екі қазақстандық семсерлесушілер – әлемдік рангтік тізбеде 6-орын алатын Эльмира Әлімжанова мен Дмитрий Алексанинді (27-орын) Атырау атынан қатысуға шақырдық. Олардың алдын ала келісімі алынды.
Мен осы жұлдыздардың базасы мен жаттығу үдерісімен танысу үшін арнайы Алматыға бардым және спорт-интернаттың семсершілер тобында Атыраудың екі баласы тәлім алып жатқанына таң қалдым. Осы балалар болашақта облысымыздың спорттық мәртебесін қорғауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек.
МИОДРАГҚА СЕНЕМІЗ
- «Атырау» футбол командасының 2012 жылғы маусымдағы ойынын қалай бағалайсыз?
- 11-орын – бұл нағыз сәтсіздік. Жаңа бапкер Миодраг Радуловичтің алдына кемінде жетілік қатарына кіруге және алға қарай жүлделі орындар үшін күресу міндеті қойылып отыр. Сондай-ақ, оның бапкерлерді дайындау бойынша УЕФА және ФИФА нұсқаушысы екендігі де біз үшін маңызды. Оның осы басымдығын пайдалана отырып, өзіміздің аяқ доп бапкерлерінің деңгейін көтеруді жоспарлап отырмыз. Әрине, командаға жергілікті жас футболшыларды тарту да - алға қойған үлкен мақсаттарымыздың бірі. Өткен жылдың аяғында облспорттың меншігіне көшкен «ҚазТрансОйлдың» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде Футбол академиясын ашуды жоспарлап отырмыз. Балаларды аудандардан іріктейтін боламыз.
- 2014 жылғы жаңа «күз-көктем» сызбасы бойынша чемпионатқа қатысу үшін жабық стадион немесе манеж салу керек. Бұлар қалай шешіліп жатыр?
- Осындай құрылыс салу үшін қаладан бос жер іздеп жатырмыз. Университет стадионын қайта салу нұсқасы да талқыланып жатыр.
АТ СПОРТЫН ЖАНДАНДЫРУ КЕРЕК
- Жақын болашақта қандай спорттық нысандар салу жоспарлануда?
- Бұрынғы әкімнің кезінде теннис орталығын (үлкен және үстел теннисі) салу ойластырылған еді, алайда құрылысты бастау қолға алынбады. Қазір облыс әкімінің тапсырмасымен жобалаушылармен келісім жүргізіп жатырмыз. Теннис орталығы Нұрсая ықшам ауданында Мұз сарайының маңына салынатын болады. Жер бөлінді. Нысанның жалпы құны 600 млн теңге шамасында.
Көкарна селосы аумағынан ипподром салу жоспарлануда. Бұрын Атырауда бәйге, көкпар, теңге алу, аударыспақ сияқты ұлттық ат спорты жақсы дамыған-ды. Жағдайы бар адамдар жүйрік арғымақтарды баптап, шабандоздарды да қамқорлап отыратын еді. Ал қазір кәсіпкер Өнербек Жанбаланың қолында аздаған бәйге аттары қалды, сондай-ақ, Қызылқоға ауданында көкпаршылар командасы бар. Бұл спорт түрін жандандыру оңай бола қоймас...
Сол сияқты жоғары спорттық шеберлік мектебін (ЖСШМ) ашу жоспарымызда бар. Әр облыста жасы 23-тен асқан спортшылардың шеберлігін шыңдайтын спорт мектебі болуы керек.
Қазір Дене тәрбиесі және спорт агенттігі әр облыста жыл сайын екі спорт кешені қолданысқа берілуі керек деген талап қойып отыр. 2013 жылы бізде Атырауда (Нұрсая ықшам ауданында) және Махамбет ауданында спорт мектептері салынады. Сондай-ақ, Индер ауданы Кулагино селосы мен Құрманғазы ауданы Ганюшкино селосында спорт мектептері ашылады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Жеңіс ТҰҢҒАТАРОВ