Атырау, 23 қараша 02:53
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Талғат Қамалиденов: «Дирижерге ер мінез керек»

5 101 просмотра

Оркестрге дирижердің не үшін қажеттігін көп ешкім түсіне бермейді.  Музыканттар өздері ойнап жатыр, бұл таяқшасымен неге сермей береді деп сұрайтындар да табылады. Біз дирижер мамандығының қыр-сыры жайында ҚР мәдениет қайраткері, Д. Нұрпейісоваатындағы академиялық халық аспаптары оркестрінің бас дирижері Талғат ҚАМАЛИДЕНОВТАН (суретте) сұрап білдік.

- Кешіріңіз, бұл ыңғайсыздау сұрақ болар, бірақ сонда да білгім келгені - оркестр дирижерсіз-ақ шығармаларды орындай ала ма?

- Оркестр мен дирижер арасындағы байланыстың сыры неде?

- Егер шығарма жеңіл әрі қысқа болса, ойнай алады. Бірақ, көптеген музыкалық шығармалардың әуені, темпі ауысады. Сондықтан жалпы дыбыс үйлесімділігін біреу басқару керек. Ал «дирижер» сөзі француз тілінен аударғанда «басқару, бағыт беру» деген мағынаны береді.

- Дирижер болу үшін адамға қандай қасиет қажет? 

- Біздің жұмысымызда ұйымдастырушылық қасиет өте маңызды. Алдыңда отырған оркестранттардың тілін таба білу, олармен жақсы қарым-қатынас орнату қажет. Және мықты кәсіпқой музыкант болу шарт. Егер музыканттар сенің деңгейіңнің сәйкес келмейтінін түсінсе, бәрі бекер. Тағы бір айтатыным, дирижерге ер мінез керек. Дирижерлердің ішінде көбіне-көп ер адамдар кездесетіні де содан. Одан бөлек, дирижер мықты музыка өңдеуші де бола білуі тиіс. Оркестрдегі әуеннің үйлесімін білуі керек. Себебі музыканың өзі үлкен гармониядан тұрады. Әуенді болмаса күйді оркестрге сай өңдесе, керемет!

- Сіз дирижерлік мамандыққа қалай келдіңіз?

- Мәкәлім Қойшыбаев атындағы музыка мектебіндегі домбыра-тембр класын бес жыл оқып бітірдім. Кейін Дина Нұрпейісова атындағы музыкалық училищеден домбырашы және дирижер мамандығын меңгеріп шықтым. Бұдан соң Құрманғазы атындағы консерваториядан дирижерлікті қосымша оқи жүріп, домбыра класын тәмамдадым. Консерваторияны бітірген соң Дина Нұрпейісова атындағы ұлт-аспаптар оркестрінде домбырашы болып ойнап жүрдім. Ол кезде оркестрді Рыспай ҒАБДИЕВ ағамыз басқарған. Менің дирижерлік қасиетімді байқаған Рыспай ағамыз жанына ертіп жүріп, осы өнердің қыр-сырын үйретті. Дирижер - өте сирек мамандық.

Шамғон ҚАЖЫҒАЛИЕВ айтпақшы, «дирижер болу үшін дирижер болып туылу қажет». Бұл мамандықты көп жыл оқып, ештеңеге қол жеткізбеуің мүмкін. Немесе, керісінше, танымал дирижерлердің көбісі арнайы дирижерлік оқу оқымаған, өзінен жолы үлкен дирижерлерден шеберлігі мен тәжірибесін қасында жүріп үйренген. Мысалы, сол Шамғон Қажығалиевтің осындай қасиетін байқаған Ахмет Жұбанов оған бағыт-бағдар көрсетіп, дирижер болып қалыптасуына ықпал еткен. 

- Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияны бітірген соң, Алматыда қалғыңыз келмеді ме?

- Мұндай ойымда да болмады. Астана жаңадан астана болып құрыла бастаған уақытта мәдениет министрлігі оркестр құрылып жатқан кезде домбырашы ретінде шақырды. Бірақ ол жаққа барудың реті келмеді.

- Кешіріңіз, сіздің алатын табысыңыз қанша?

- Көп емес. Жалпы, осындағы барлық музыканттар мен әртістердің жалақысы аз. Тағы бір проблема бар: ол материалдық база. Біз Рыспай Ғабдиевтің кезінде алынған аспаптарда ойнап келеміз. Кейде оркестранттарымыз өздері ойнап отырған аспаптарды өткен ғасырдың аспаптары ғой деп күледі. Қазіргі әкім жаңа аспаптармен қоса костюмдер, автобус алып беруге уәде етіп отыр. Сондықтан, соған үміт артып отырмыз...

Айтолқын ҚҰЛШАРОВА

Суретті түсірген Жеңіс ТҰҢҒАТАРОВ

10 қаңтар 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.