Атырау, 26 сәуір 22:09
 ашықВ Атырау +18
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

​Атырау облысындағы кен орындар аукционы елдегі сыбайлас жемқорлықтың өлшеу құралы іспетті

2 529 просмотра

Жер қойнауын пайдалану құқығын онлайн-аукционнан жеңіп алған компаниялар  түпкілікті бағасын төлей ала ма? Мұнай кен орындарына қызмет көрсететін компаниялар одағы президиумының төрағасы Рашид ЖАҚСЫЛЫҚОВ бұл жерде қорқыныш бар деп есептейді.

- Аукционды өткізудің өзі жақсы бастама. Біріншіден, бұл форматта сыбайлас жемқорлық мәселесі туындауы екіталай. Ол жерде тек қалталылар ғана келіссөз жүргізеді. Ал олар бұл қаражатты кейін төлей ала ма? Міне – ол басқа сұрақ. Төлем сомалары қомақты. Біз екі учаске үшін рекордтық сомалар ұсынған компанияға мониторинг жүргіздік, ал оның іс жүзінде 59 млрд. теңгедей бос қаражаты жоқ. Менің ойымша, мұндай соманы оңай бере салатын қазақстандық компаниялар табылмайды. Тіпті шетелден, оффшорлық компаниялардан төлем жасаса да, шетел валюталарын аудару ресімдерін Ұлттық Банкпен келісіп жасау керек болады. Ал бұл өте ұзақ уақыт алады. Бірақ әзірге Энергетика министрлігінен сатып алушылар төлеген-төлемегені туралы ақпарат жоқ. Министрлік жер қойнауын пайдалану құқығын ашық сата бастағандықтан, олар төлем жасалған-жасалмағанын ашық түрде мәлімдеуі керек, - дейді Жақсылықов.

Бұдан бұрын Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі аукцион жеңімпаздарының 25 қаңтарға дейін ақшаны мемлекеттік бюджетке аударуға уақыты бар екенін мәлімдеді.

- Бізде бұл компания төлем міндеттемелерін 100% өтей алмайды деген күдік және оған инсайдерлік растау бар, - деп мәлімдеді Жақсылықов.

- Осы екі кен орнында барлау жүргізу құқығының бағасы не себептен күрт көтерілді?

- Бұл лоттар үшін екі қаржылық топ тартысқа түсті. Мүмкін бұл бәсекелестік әлде бір-бірін ұнатпаудың бір түрі шығар. Бірақ мұндай тартыстың өзі – жақсы белгі. Неліктен? Қазақстанның болашақ инвесторлары бізде бәсекелестік бар екенін білетін болады және бұрынғыдай Теңіз және Қашаған сияқты «батпан құйрық» кен орындары оңай беріле салмайды. Қазір жүзеге асып жатқан ірі жобаларға арналған барлық ӨБК-ге инвестордың талаптары бойынша қол қойылды. Енді біздің мемлекет инвестор шарт қоя алмайтынын көрсетіп отыр - оларға талапты Қазақстан белгілейді.

Жақсылықовтың айтуынша, қазір отандық геологтар барлау жұмыстарын тек көмірсутегі шикізаты саласында ғана емес, жан-жақты күшейтті. Сондықтан оның нәтижесінде ірі кен орындары ашылып жатса, ашық келіссөздер жүргізілетін болады, демек, трансұлттық компаниялар өзара «тартысады».

- Олар қызығушылығын ақшасымен дәлелдеуі тиіс. Яғни, енді белгілі бір әлеуметтік, жергілікті қамтуды дамыту, кадр даярлау бойынша міндеттемелер алып, жай ғана келіп келісім жасай салып, кен орнындағы іске кірісе алмайды. Ондай болмайды. Қазір біздің көзіміз неге жетіп отыр? ТШО мен НКОК жергілікті қамтуды қолдау бойынша ұшпаққа ұшқан жоқ. Ол тек инвестор мен министрліктер арасында жүріп, әйтеуір бір нәрсеге ілігіп жүрген жергілікті бизнестің  арқасында әупірімдеп дамып келеді. Онда да әлсін-әлсін сұрап, - дейді Р.Жақсылықов.

Тағы бір маңызды мәселе. Жақсылықовтың айтуынша, егер аукцион жеңімпаздары көрсетілген мерзімде ақшаны аудармаса, онда Энергетика министрлігі мәмілені бұзуы керек және бұдан былай алғашқы аукцион кезіндегідей бастапқы бағаны белгілеуге құқығы болмайды, тек ұсынылған соңғы сомадан бастай алады - мысалы, Сарайшық учаскесі үшін бұл 43 млрд. теңге.

Мұндай инвестицияларды қайтару туралы айтатын болсақ, егер сатып алушылар қызығушылық танытқан болса, онда олар геологиялық барлау туралы жақсы хабардар екеніне Жақсылықов сенімді.

- Біз министрліктің реакциясын 25 қаңтарға дейін күтеміз. Егер біреу төлемей қалса және мемлекет аукционды төменгі шектен қайта бастаса, онда сыбайлас жемқорлықтың белгісі бар деген сөз. Егер олар бірден компаниялар ұсынған соңғы бағаны белгілесе, онда бұл ашық, әділетті сауда болады. Энергетика министрлігінің ұстанымын осылай анықтай аламыз, - деп түйіндеді сөзін Жақсылықов.

Еске сала кетсек, 23 желтоқсанда жер қойнауын пайдалану құқығының алғашқы онлайн аукционы өткізілді - болашақ жер қойнауын пайдаланушыларға жалпы сомасы 61 миллиард теңгеден асатын 7 жер учаскесі берілді. Барлық алаңдар Атырау облысының аумағында орналасқан (бір бөлігі жартылай Ақтөбе облысына кіреді). Сарайшық учаскесіне ең жоғары баға ұсынылды - 43 миллиардтан астам теңге, баға 1000 есе көтерілді (бастапқы бағасы - 43,3 миллион теңге), одан кейін Забурын учаскесі - 16 миллиард теңгеден астам. Бұл жерлерді «Petro Qazaq» ЖШС жеңіп алды, оның құрылтайшысы Гаагада (Нидерланды) тіркелген оффшорлық Winsple Netherlands B.V. компаниясы. 

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

20 қаңтар 2021, 10:15

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.