Атырау, 26 қараша 04:30
 ашықВ Атырау -1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Алыпсатар үшін жұлдызды сәт туды

6 870 просмотра

Ұлттық банкте валюталық дәлізді мерзімінен бұрын жою туралы шешім қабылданды. Енді дүйсенбіден бастап теңге басқармалы еркіне жіберілмек.

2 АЙ ІШІНДЕ – 3 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕ!

«Біздегі дәліз өте кең, бағам тұрақты және орташа дәлізде тұр, сондықтан валюталық дәлізде болудың қажеттілігі жоқ», - деп растайды Ұлттық банк басшысы Григорий МАРЧЕНКО.

Теңге бағамы қарқынды өсуде, экономистер ол одан әрі қарай көтеріліп жатқан мұнай, астық және металлдар бағасының аясында нығая түседі деп сендіріп отыр (мәселен, қазір мұнай бағасы барреліне 115 доллар). Тиісінше, елдің ішкі нарығында доллар көлемі көбеюде. Теңге бағамының күрт нығайғанын ұстап тұру үшін Ұлттық банк тек соңғы екі айда (негізінен) қазақстандық қор биржасында 3 млрд. доллар сатып алды. Бұл ішкі жалпы өнімнің 3 пайызындай мөлшерді құрайды.

«Қазіргі кезде валюталық нарықтағы ахуал мынадай – теңге бағамының нығаю жағына қарай қысым көрсетуі күшеюде, - дейді «ҚР Ұлттық банк» ММ Атырау филиалының экономикалық талдау және стаистика бөлімінің жетекші маманы, экономист Ерболат АҚТАНБАЕВ. Ұлттық банк теңгенің елеулі нығаюының алдын алу мақсатында соңғы айлар ішінде ішкі нарықта шетелдік валютаның әжептәуір көлемін сатып алып, осылайша оның ұсынысын қысқарта отырып, Ұлттық банктің алтын-валюта активтерінің көлемін көбейтті. Егер 2010 жылы Ұлттық банк теңгенің нығаюының алдын алу мақсатында нарықта 2 млрд. доллар сатып алған болса, онда ағымдағы жылдың тек қаңтарында және ақпан айының бірінші онкүндігінде 3 млрд. доллар сатып алды. Бұл өткен жылдың жылдық көлемінен бір жарым еседен көп».

Долларды көп мөлшерде сатып алу, Ұлттық банктің пікірінше, экономикаға теріс ықпалын тигізбейді екен. «Ұлттық банк долларды сатып ала отырып, теңгені айналысқа шығарады, содан соң банк ноталарын 3 және 6 айға шығарады, содан соң бүкіл осы өтімділікті жинайды. Осылайша ешқандай да теңгелік ақшаның артуы орын алмайды, ешқандай қосымша инфляциялық қысым да болмайды», - деді сөйлеген сөздерінің бірінде Г.Марченко.

140 ТА БОЛА МА?

Дегенмен де, бізді қалай тыныштандырса да, валюталық дәлізді жою айтарлықтай құбылыс. Ол біздің күнделікті өмірімізге қалай әсер етпек? Доллар мен тауар бағаларына не болмақ? Жергілікті сарапшылардың бірі былай дейді (атын атамауды өтінді):

«Экспорттық түсімнің көптігінен бізге долларлар көптеп келді. Дәл қазіргідей ахуал Ресейде де орын алған. Оларда да, бізде де ұлттық резервтік қор артуда. Орталық банк долларларды өз биржаларында сата бастады, біз де солай істеп жатырмыз. Көп көлемдегі валютаны не істеу керек деген сұрақ туындайды. Үнемі оны сатып ала алмаймыз. Сондықтан экономика үшін бұл ахуал қалыпты емес.

- Халықты бір нәрсе ғана алаңдатады – теңге бағамының долларға қатысы қандай болмақ?

- Иә, теңге нығаюда, қазір ол 146-дан төмен. Дәлірек айтқанда, құлдырайтын болады. Менің пікірімше, ол 140-қа дейін түсуі мүмкін. Бірақ одан әрі төмен түсірмейді.

- Премьер-министр Ұлттық банк басшысын теңгені өте нығайтып жіберді, бұл біз үшін тиімсіз деп жазғырды. Ұлттық валютаның нығаюы нақты кімге және неліктен тиімсіз?

- Теңгенің нығаюы тұтынушыға тиімді, өйткені, бізге келетін тауарлардың негізгі массасы доллармен келеді, ал, ол мен жоғарыда атап өткендей, теңгенің нығаюы барысында арзандайтын болады. Соған сәйкесінше, тіпті, тауарлардың да мәселен, тұрмыстық техикалар мен кейбір азық-түліктердің де бағалары төмендеуі мүмкін. Және оған қосымша инфляция да біраз әлсіреуі мүмкін. 

Бір жағынан алып қарағанда, бұл еліміз үшін тұтастай алғанда тиімсіз болып келеді, өйткені біз негізгі деген өз тауарларымызды еркін айырбасталатын валюта (негізінен доллар) түрінде сатамыз. Доллардың төменгі бағамы кезінде біз валюталық түсімдерді толық ала алмайтын боламыз. Алайда, әзірге доллардың бағамы қарқынды өсуге бағыт алуда, алайда оны біз қалаймыз ба, әлде жоқ па, бізге теңгенің нығаюына мойын ұсынуға тура келеді. Қазір Ресейде доллар 29-дан төмен. Рубль болса, нығаюын жалғастыруда. Біздің ұлттық банкіміз 146 деңгейінде (тиындарымен) бағамды ұзақ ұстады, қазір ол 146-дан төмен. Қазіргі мұнай бағасының өсуі барысында теңге нығаюын жалғастыруда. Ал, кез-келген жедел өсу экономика үшін қалыпты жағдай болып саналмайды және ол жақсылыққа апармайды. Бұл мұнай бағасының өсуі мен теңгенің нығаюына қатысты. Бәлкім, мұнай бағасының шарықтап өсіп, ал кейін құлдырай құлаған кезі -2008 жылғы жағдай қайталанатын болар. Біздің экономикамыз үшін ең қолайлысы- мұнай баррелінің 90 доллар болғаны».

Валюталық алыпсатарлардың уақыты туды

Ұлттық банктің өзінде-ақ, теңге бағамының өсуімен ойнайтын валюталық алыпсатарлардың белсенділігін жоққа шығармайды. «Мәселе Ұлттық банктің теңгенің нығаюына және алыпсатарлардың пайданы қаншалықты алуына мүмкіндік беретіндігінде болып отыр,-дейді Е.Ақтанбаев. –Ішкі және сыртқы жағдайлар орын алған тұста теңгенің девальвациялануына қатысты әңгімелер ақылға қонымсыз. Мұнайды және металдың, астықтың әлемдік нарықтағы бағалары барынша жоғары және олар өсуін жалғастыруда». Шетелдік валюталарды қолма-қол сатып алу-сату көлемдерінің мәліметтері халықтың долларға деген сұранысының екі есе өскендігін білдіріп отыр. Ұлттық банктің облыстық филиалының мәліметтері бойынша, қаңтар айында халық айырбастау қосындарынан  46,5 млн доллар (2010 ж. қаңтарында – 27,6 млн) сатып алған, яғни, 68% өскен. Сол кезеңде халық айырбастау қосындарына 6,6 млн доллар (2010 ж. қаңтарда – 5,4 млн) сатқан.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

3 наурыз 2011, 00:48

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.