Атырау, 31 қазан 12:54
 бұлттыВ Атырау +10
$ 488.45
€ 529.19
₽ 5.04

«Талпынса, қуанамыз»

2 588 просмотра

Соңғы кездері облыстық балалар денсаулығын қалпына келтіру орталығына келіп жатқан науқас балалар санының көбейгендігі анық байқалады. Бұл немен байланысты және оларды қалай емдейді?

ДИВАНДАҒЫ БАЛАҚАЙ

- Балалар бізге облыстық және қалалық медициналық-педагогикалық комиссия шешімімен қабылданады, - дейді орталықтың коррекциялық бөлімінің меңгерушісі Сандуғаш Самаликова. - Біздің орталық бір мезетте 70 баланы қабылдауға арналғанымен, қазіргі кезде 100-ден астам мүгедек бала емдеу-сауықтыру курстарынан өтіп жатыр. Орын жетпейді. Сол себепті кезек пайда болды. Мәселен, келесі айда Орталыққа түсетін балалар тізімі толық жасалды. Кішкентай пациенттердің санының көбеюін біз мынадай факторлармен байланыстырамыз: репродуктивті жастағы әйелдердің денсаулығындағы ақаулар, экологияға байланысты зиянды факторлардың әсері, жүктілік және босану кезіндегі зақымданулар, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайдың төмендігі.

Дәліз бойымен келе жатып, балалардың дауысы шығып жатқан бөлме есігін аштым. Көзім диванда отырған 12-13 жастағы аққұба балаға түсті.

«Атың кім?» - деп сұрап едім, ештеңе демеді. Жанымдағы директор орынбасары Айгүл СҮЛЕЙМЕНОВАНЫҢ айтуынша, бұл бала орталыққа келгенде мүлде сөйлей алмайтын. Қазір айтылуы оңай бірнеше сөз айта алады...

Балақай менің қолымдағы ұялы телефонды ұстағысы келіп, тырмысып жатты. Мен оның жанына жайғасып: - «Апай деп айтшы», - деп едім, маған қарап: - Аффаа, - деді. Бәріміз қол шапалақтап жібердік. Оның қатты қуанғаны байқалды.

Орталықта балаларды сауықтыру және емдеу үшін лекотека, Монтесори әдістемесі бойынша жұмыс жасайтын (бұл әдіс бойынша балалар емін-еркін, ешбір сыналусыз, еркін оқуға тиіс), әлеуметтік бейімдеу кабинеттері, жаттығу залы мен сумен емдеу және массаж, сенсор кабинеттері бар. 

- Мәселен, сенсорлық бөлмеде жаттығу балалардың зейінін тұрақтандырады, есте сақтау, ойлау және басқа да қабілеттерін одан әрі жетілдіреді, - дейді педагог-психолог Ақмарал ЖАЛМҰХАНОВА.  -  Одан бөлек, ақыл-ойды дамыту ойындары, психотренингтер үнемі ұйымдастырылады.

Кезекті сабағында педагог-дефектолог Мәриям Бердімұратова бірнеше жылдан бері Даун синдромының диагнозы бойынша емдік курстан өтіп келе жатқан 10 жасар баладантанымдық қабілеттерін дамытуға арналған «Eduplay» компьютеріндегі білім беру жүйесінің тапсырмаларын орындауын сұрады. Түс пен пішінді ажырату, шашыраңқы бөлшектерден тұтас суретті құрастыру сияқты баланың ой-өрісіне әсер ететін тапсырмаларды ол аса бір ынтамен орындай бастады. Ілгерілеушілік бар екенін педагогтары қуана жеткізді.

 

АСҮЙГЕ КЕТТІК!

Бізге дислалия (белгілі бір дыбыстарды айта алмау), дизартрия, тұтығу, қоянжырық, таңдайының болмауы сияқты диагноздармен балалар келеді, - дейді логопед-дефектолог Танзила ОМАРОВА - Барлығымыз бірлесе отырып, емді қалай жүргізетінімізді алдын ала келісіп, дайындап, әр баланың диагнозының  деңгейіне қарап жұмыс жасаймыз. Мәселен, белгілі дыбыстарды айта алмайтын балалардың тіліне массаж жасаймыз, көрнекі құралдар арқылы сөйлетуге үйретеміз, ұсақ моторикасын дамытамыз.

Әлеуметтік бейімдеу кабинеті – бұл кәдімгі ас үй сияқты жиһаздары қойылған бөлме. Онда балалар пешенелер пісіріп, шай демдеп, бөлмені жинастыруға дағдыланады екен.

-Біздің ең басты мақсатымыз -  әр баланың өз-өзіне қызмет көрсете алуын қалыптастырып, өмірге бейімдеу, - дейді орталық қызметкерлері.

Орталықта қызметкерлердің бірінің 3 жасар ұлы да ем қабылдау үстінде. Диагнозы – «балалар церебральды сал ауруының ауыр түрі».

- Бұл біздің отбасымыздағы екінші бала. Бірінші баламның дені сау.  Екінші ұлымды 7 айлық кезінде босандым. Дәрігерлер босану кезінде зақым алды дейді. Қазір емнің 3 курсынан өтіп жатыр, -  дейді жас ана. – Біздің орталыққа қабылдану кезегін күтіп тұрған балалар көп. Олардың бәрін бірдей қабылдауға орталықтың өзі тар болып тұр. Егер қосымша жалғама ғимарат немесе жаңа орталық салса, балаларды көптеп қабылдауға мүмкіндік туар еді.

Ана көңілі баласының да өзге балалар секілді емделіп, қатарға қосылатынына сенеді.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суретті түсірген автор

9 қаңтар 2013, 17:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.