6 қаңтарда Жылыой аудандық ауруханасында 3 жасар қыз көз жұмды. Құлсарыдан тағы бір үш жасар бала Атыраудағы жұқпалы аурулар ауруханасына жіберілді.
Бұл туралы «AЖ»-ға Жылыой аудандық ауруханасы директорының орынбасары Клара ТАҒАМБАЕВА хабарлады.
Қазір облыста Жылыой ауданынан коронавирусқа шалдыққан бірнеше бала ауыр жағдайда Атырауға жеткізілгені туралы ақпарат тарап жатыр. Облыс тұрғындарының бір-біріне жолдаған хабарламаларында, атап айтқанда, 6 жас пен 6 айлық шамадағы балалардың комаға түскені жөнінде айтылып жатыр.
- Іс жүзінде бізде екі ауыр жағдай болды. 5 қаңтарда бізге екі бала түсті. Қыздың жағдайы өте ауыр, құрысу, іші өту, сусыздану, жоғары температура, ми ісінуі болды. Мұның бәрі вирус инфекциясының салдары. Нейротоксикозге асқынды. Оны осы күйде облыс орталығына апару мүмкін емес еді, сондықтан Атыраудан санавиациямен жәрдем шақырдық. Бірақ, мамандардың бірлескен күшіне қарамастан, оны аман алып қалу мүмкін болмады. Баланың жағдайы да ауыр еді – онда да жоғары температура, құрысу, мидың ісінуі болды. Бірақ оның жағдайы Атырауға жіберуге келетін еді. Балалардан анализ алынды, ковидке қатысты сынама теріс болып шықты, - дейді К.Тағамбаева.
Балалар әртүрлі отбасыдан екені, бір-біріне еш қатысы жоқтығы, сондай-ақ, бұрын сушиден уланған Құлсары тұрғындарымен де ешқандай байланысы жоқ екендігі ерекше аталды. Естеріңізге салсақ, 28 желтоқсанда аудандық ауруханаға тамақтан улану белгілерімен 16 адам түсіп, көп ұзамай уланғандардың жалпы саны 43-ке жеткен еді. Пациенттердің барлығынан іш өту, жүрек айну, лоқсу және жалпы әлсіздік байқалған. Олардың бәрі жергілікті «Три самурая» экспресс кафесіне үйлеріне суши жеткізуге тапсырыс берген.
Зульфия ИСКАЛИЕВА