Атырау, 24 қараша 03:23
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Ұлттық аң аулау ерекшелігі: бүркітшімен әңгіме

Сурет
7 308 просмотра

Қошқаровтар отбасы Қазақстанның бүркітшілер турнирінде 12 мәрте чемпион атанып, мерейімізді өсірді. Атыраудағы бүркітшілік өнері жайлы елімізге «Нарын» бүркіті арқылы танылған Арман ҚОШҚАРОВПЕН әңгімелесудің сәті түскен еді.

- Бүркітшілікпен айналысуға қандай қызығушылық итермеледі?

- Бүркітшілік әкемнен дарыған қасиет болған соң, осы өнерге қызығушылық маған қанмен берілген шығар. Әкем Ақтөбе өңірінің тумасы. Атырауда бірнеше жыл еңбек етті. 1989 жылы Алматы қаласына барып бүркіт асырап, саятшылықты қолға алған. Менің де балалық шағым Алматы қаласында өтті. Әкем бүркітші болғаннан кейін кішкентайымнан әкемнің қасына еріп, үйдегі бүркіттің тамағын беруге көмектесетінмін. Ер жеткен соң аңға бірге алып шығып, қасына «қағушы» ретінде ертіп жүрді. Сөйтіп, бүркітші болуға деген қызығушылығым оянды. 

- Сіздің түзден ұстап әкеліп үйреткен бүркітіңіз бірнеше мәрте жеңіс сыйлады. Ол бүркітті қайдан алдыңыз, бүркітті қалай қолға түсіреді?

- Мен «Нарынды» 4 жыл бұрын ол 2 жаста болғанда әкелгенмін. Бүркітті екі түрлі әдіспен қолға үйретеді. Бірінші әдіс «қолбала» деп аталады. Ол - бүркіттің ұясына барып қанаты қатпаған кішкентай балапанын асырап алуды айтамыз. Қолбала адам қолынан үш күн тамақ жеген соң, иесіне бірден үйреніп кетеді.

Екінші тәсіл - ол түз бүркітін асырау. Ол далада өсіп жетілген, табиғаттан аулаған бүркіт. Оны қолға түсіру де оңай емес. «Нарынды» тор құру әдісімен ұстағанмын. Ол үшін жерден 1 метрдей биік етіп 4 ағаш қадап, үстіне ұзындығы 8 метр тор жауып, тордың ортасына жемтік тастайды. Бүркіт жемтікті жемек болып торға қонғанда, оратылып шыға алмай қалады.

Екінші әдісі тояқтап ұстау, ол – таудың ылди жеріне өлген қойды немесе түлкіні тастайсың да алыстан екі аттылы болып бақылап отырасың. Бірақ ол күні жел болмау керек. Бүркіт жемтікке тойып алған соң, қанаттарын тарана бастайды. Сол кезде екі жақтан қуа жөнелесің. Тамаққа тойған бүркіт алдымен 500 метр ұшып жерге қонады, содан кейін 300 метр ұшады, ең соңында тоқ бүркіт әбден шаршайды. Сол кезде тор лақтырып оңай ұстап алуға болады.


ҮЙ ТӨБЕСІНЕН ҰШЫРУ

- Бүркітті қолға қалай үйретеді?

- Ұядан алған қолбала бүркітке тамақ берсең жеткілікті. Өйткені ол адамнан қорықпайды, тамақ беруші ретінде көреді. Бірақ алғашында ұшуды және неге әлі жететінін білмейді. Оны алдымен 2 метр биіктіктен одан кейін үйдің төбесінен жерге жіберіп, қолдан қанаттандырасың. Аң ұстауға үйрету үшін түлкінің терісінен шырға жасап, ат құйрығына сүйреп қашу арқылы аң қууды үйретесің. Одан соң түлкіні үлкен бүркітке тірілей алдыртып, үш аяғын тұсап, аузын байлап 100 метр жерден қаштырамыз. Аңның аузын байлайтын себебі балапан бүркіт оны қуып жетіп жамбасынан тістеген кезде, ол бүркітке жарақат салмауы керек. Сөйтіп, жаңағы түлкіні бүркіттің өзіне тойғанша жегізсең, келесіде онымен аңға шыға беруге болады. 

Ал, табиғаттан ұсталған түз бүркіті болса, оған ең алдымен түн ұйқысын алу әдісі қолданылады. Даладан әкелген күні әткеншекке байлап отырғызып, ұйықтап бара жатса, тербеп отырасың. Екі күн ұйқысы қалған бүркіт әбден жуасып, қолыңнан тамақ ішетін жағдайға келеді.

- Немен тамақтандырасыз?

- Бүркіт түлкінің немесе жылқының қызыл етін жейді. Аңға шығар кезде маусымда қызыл етті уақтап турап, бойындағы қаны кеткенше 3-4 рет жылы суға шайып береміз. Бүркіттің қарны тойғанымен еттің құрамында қан болмаған соң, ол қан іздеп тұрады.

Бір бүркіт жылына бір жылқының етін жейді. Одан кейін етті мұздатқышта сақтап, тұздамай беру қажет. Кейде әуесқой бүркітшілер бүркіт ұстап, «тоңазытқыштан ет бергем, екі күннен кейін өліп қалды» деп жатады. Сұрасаң, тұздалған ет берген болып шығады. Тұзды тағамды бүркіттің асқазаны көтере алмайды.


ҚЫРСЫҒЫ ДА, ТІЛАЛҒЫШЫ ДА БАР

- Жарыстарда бүркіттер иесі шақырымдай жерден айқайлап шақырғанда, қолына келіп қонып жататынын көреміз. Бұған қалай қол жеткізуге болады?

- Әр бүркіттің мінезі де әртүрлі: біреуі айтқаныңды жасайды, біреуі қырсығып, мінез көрсетеді. Оларды қолға бір жыл, әрі кеткенде екі жыл үйретуге тура келеді. Менің «Нарыным» екі апта үйреткеннен кейін шақырғанда қолыма ұшып келіп жүрді. Табиғатынан сондай тілалғыш.

- Аңға жиі шығасыз ба? Қандай аң ұстайсыз? Қасқыр алып көрдіңіз бе?

- Аңға күнара шығамын. Біріншіден, бұл бүркітке жаттығу, екіншіден, өз тамағын өзі табады. Ал мен үшін демалыс. Көбіне қарақұйрық, елік, қоян, түлкі, мәлім аламыз. Қасқырдың ізіне түсіп көрген жоқпыз. Таныс бүркітшілердің ешқайсысы табиғатта қасқыр алып көрген жоқ. Себебі: бүркіттің табиғаты адам секілді, олар да жеңілге шапқысы келеді. Ал қасқырға шапса, жарақат алуы мүмкін екенін біледі.

- Өзіңіз туралы әңгімелеп берсеңіз. Білуімше, жекпе-жекпен айналысудан бастадыңыз ғой.

- Алматыда спорт мектебінде оқыдым. Әскерден келген соң 2004 жылы Атырауда самбо күресінен жаттықтырушы болып жүрдім. Содан Өнербек Жанбала ашқан ұлттық спорт клубына бүркітші болып келдім. Қазір сол жерде жұмыс істеймін. Бүркіттерге қолайлы болу үшін Алматыда ініммен бірге тұрамын.  

- Ал біздің өңірде ше?

- Иә, ауа райы қолайсыз. Жақында Түркияда көшпенділердің халықаралық фестивалі өтеді. Қазақстан бойынша 7 бүркітші дайындалып жатырмыз. Атыраудан мен де барамын. Осындай жарысқа Атырауда дайындалайын десем, біріншіден, Атырауда жел қатты, қар жоқ. Желді күні бүркіт ұшыра алмайсың. Екіншіден, тау жоқ. Жарыстың бәрі таулы жерде өтеді.


ТАБИҒАТҚА ЖІБЕРЕТІН КЕЗ КЕЛЕДІ

- Сізде тек «Нарын» ғана емес қой. Бүркіттеріңіз неше жаста?

- Бастапқыда «Нарын» 6 жаста деп айтқан едім. Одан басқа «Үлкен Нарын» деген бүркітім бар. «Үлкен Нарын» мен ұстағанда жасы 8-де болған. Өте әккі бүркіт болды. Қазір 20-да. Ол енді жарысқа қатыспайды, тек аңға шығамыз. Бұйырса биыл ақпанда оны табиғатқа жіберемін. Негізі бүркіт 16 жасқа толғаннан кейін күнде істеп жүргенін жасамай, айтқаныңды тыңдамай, мінез көрсете бастайды. Сол кезде оны қатты қинамай, еркіндікке жіберген дұрыс. Бүркітшілердің барлығы солай жасайды. «Ақеділ», «Каспий» деген екі бүркітім де бар, олар әлі жас.

- Ұстаған түлкі, қоянның терілерін пайдаға асырасыз ба?

- Әрине, інім тері илейді, шешем теріден тымақ тігеді. Әкем ысырап дегенді ұнатпайтын адам. Бір түлкі ұстап, оның терісін тазыға жыртқызып әкелсек, аңға бекер шықтың деп ренжиді.

- Бүркітпен қандай елдерге турнирге бардыңыз?

- «Нарын» - Қазақстанның 12 дүркін чемпионы атанды, Моңғолиядан екінші орын, Қырғызстан мен Арабияда өткен турнирден де жүлде алды. Бүркіт «Қызыл кітапқа» енгеннен кейін оны шетелге шығару қиын. Шығу үшін түрлі құжат толтыру керек.

- Бүркітші болғысы келетіндерге қандай кеңес айтар едіңіз?

- Бір бүркітшіні ұстаз тұтып, бүркітшілермен кем дегенде үш жылдай бірге жүріп, бүркіт ұшырып үйрену керек. Осыдан кейін тәлімгеріңіз турнир жарысының төрағасына сіз туралы бүркіт ұстай алады деп, кепілдеме береді. Ұлттық спорт федерациясы келісім берсе, ұядан бір бүркітті алып, құжатын жасап, чип соқтырып, асырауға болады. Егер өз бетіңізбен даладан бүркіттің балапанын ұстап әкеліп, үйде асырасаңыз, табиғат қорғаушылар қомақты айыппұл салып, бүркітіңізді алып кетуі мүмкін.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суреттер Арман ҚОШҚАРОВТЫҢ мұрағатынан алынды 

5 қаңтар 2021, 17:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.