Атырау, 24 қараша 19:36
 ашықВ Атырау -2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Әр қателік үшін қатал жазаласа, емдейтін ешкім қалмайды»

Сурет Бейнежазба
4 551 просмотра

8 желтоқсанда Атыраудағы медицина мекемелерінің он бес шақты акушер-гинекологы «Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюро» ҚБ Атырау филиалы кеңсесінің жанына жиналды. Олардың айтуынша, олар қазір «нәрестенің өлімі ісі» бойынша сотталып жатқан әріптестерін қолдап шыққан.

Олар айыптау тарапы сұраған жазаның шектен тыс қатал екенін айтады, ал кейбіреулер сотталушыларды кінәсіз деп санайды.

- Біз өзіміз сот залында болған жоқпыз, бірақ сот процесіне 7 айдан бері қатысып жүрген қорғаушылардың айтуынша, сот біржақты өтіп жатыр екен. Әлеуметтік желі мен бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдарды да бақылап отырамыз. Ол жерде адам өлтіру ниеті болмағанына сенімдіміз. Иә, мүмкін, кәсіби деңгейде тиісті көмек көрсетілмеген болар. Мұны «алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобының адам өлтіруі» деп емес, «салғырттық» деп қарау керек. Біз көп жыл бірге жұмыс істедік, әріптестеріміздің мұндай қылмысқа бара алатынына сенбейміз, - дейді қалалық перинаталды орталықтың акушер-гинекологы Меруерт АЙДАРХАНОВА. - Бұл адамдар қанша ана мен баланың өмірін сақтап қалды, неге бұл ескерілмейді? Иә, кейде арашалап қалу мүмкін емес, бірақ ауруханадағы болған әр өлім үшін дәрігерлерді 17-20 жылға түрмеге отырғыза берсе, онда денсаулық сақтау саласында кім қалады, медициналық жоғары оқу орындарына кім оқуға түскісі келеді? Адамдарды емдейтін ешкім қалмайды ғой. Сондықтан біз әріптестерімізді қолдауға келдік және сот әділ шешім шығарады деп күтеміз.

- Сіз сот айыптаушы көзқараста біржақты өтіп жатыр деген қорытындыға қалай келдіңіз?

- Дәрігерлерді қорғаушылардың әлеуметтік желідегі парақшаларында айыптаушы тараптың дәлелдері талданған пост шықты, олардың бәрі дәлелмен теріске шығарылып отыр.

№4 қалалық емхананың акушер-гинекологы Жұлдыз АХМЕТОВА да істі қарау кезінде дәрігерлердің еңбегін ескеру керек деп санайды:

- Олар адам өмірін арашалады. Егер әр дәрігерді қателігі үшін осылай қатал жазаласа, халықты кім емдейді?

Облыстық перинаталды орталықтың акушер-гинекологы Нұрлан ЖҰБАНЫШЕВТЫҢ пікірінше, қазіргі сот процесі акушер-гинекологтарға қатысты жағымсыз пікірлер туғызған, ал мұндай жағдайда жұмыс істеу өте қиын:

- Сот басталғалы БАҚ-та тек жағымсыз жақтары жазылды. Олардың мақсаты қандай екенін білмеймін - халықты дәрігерлерге қарсы қою ма, әлде сенімсіздік туғызу ма? Біз әріптестеріміз үшін уайымдаймыз және болашағымыз үшін алаңдаймыз.

«АЖ»-дан түсіндірме. Біздің басылым – қазіргі атышулы сот процесін тұрақты, қорғаушы тараптың да, айыптаушы тараптың да, сотталушылардың да  ұстанымдарын егжей-тегжейлі баяндап, жариялап отырған жалғыз басылым. Сондықтан объективті жазбады деген пікірлермен келіспейміз.

Айнұр САПАРОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

9 желтоқсан 2020, 16:57

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.