Шығыс жекпе-жектерінің шеберлері, каратеден әлем және Еуропа чемпионы Әшім ҚАЛИ мен ҚР карате годзю рю қауымдастығының президенті ҚР Әлем чемпионы Амангелді ҚАРМЕН Атырауға нұсқаушылармен және окинавалық годзю рю карате до оқушыларымен бірге оқу семинарын өткізу үшін келіп, көп ойланбастан, бейресми «Қара белдіктер клубының» қатарына қосылды.
БАСШЫ ЖОҚ
Естеріңізге сала кетсек, күзде атыраулық таэквондоның негізін салушы Қабибек МҰХИТОВ, айкидошы Нұрлан ШАЙХИЕВ (суретте), карате және муай-тай шебері Айбат РАХМАН және панкратионшы Сағындық МЕКЕЕВ «Қара белдіктер клубына» біріккен еді («ЖС» 11.10.2012ж №41 «Азаматтық атыңа лайықсың ба?» мақаласын қараңыз). Дәстүрлі шығыс жекпе-жектерінің серкелері мемлекеттің олимпиадалық емес спорт ойындарына деген көзқарасын жақсартуға қол жеткізгілері келеді.
Әшім Қали– каратеден КСРО-ның бірнеше дүркін чемпионы, жүлдегері, 1992 жылғы Қазақстан, Азия және Еуропа чемпионы, 1994 жылғы Әлем чемпионы, ҚР Еңбек сіңірген бапкері, Ақтөбе қаласының құрметті азаматы, «Ак-ай» ұрыс өнері мектебінің директоры.
- Осы жақында маған бір ата-ана ұлын алып келді. Бала арықша келген, әлжуәз – ата-анасы оның олимпиада чемпионы болғанын қаламайды, - деп бастады әңгімесін Айбат Рахман. – Бірақ бұл ол балаға спортқа жол жабық деген сөз емес. Мен оған өз отбасын қорғауды, мықты ер азамат болуды үйретемін, жан дүниесіне адам мен табиғаттың үндесу философиясын құямын.
Бірде маған 25 жастағы жігіт келіп: «Үйрену үшін менің жасым үлкен шығар?», - деп сұрады. «Сен бе?» - деп күлдім. – «Сені әлі баласың ғой, бар, шешін!», - деп жауап бердім.
Амангелді ҚАРМЕН– Қазақстан және Әлем чемпионы, Қазақстандағы окинавалық годзю рю карате до қауымдастығының төрағасы.
- Кез келген жаста дәстүрлі шығыс жекпе-жектерімен шұғылдануға болады, - деп Әшім Қали сөзге араласты. – Олимпиадалық спорт түрлері – тек таңдаулыларға, яғни, мемлекетке медаль, атақ, даңқ әкеле алатындарға ғана арналған. Чемпионның «жарамдылық мерзімі» - көп болса, 25-ке дейін. Жекпе-жектерді ешкім қаржыландырмайды, мемлекет қолдамайды, алайда онымен халықтың көп бөлігі айналысады. Ал олимпиадалық ойындар үшін барлық есіктері ашық зал керек пе, демеуші керек пе, бәрі бар. Әділдік қайда?
- Бұл жерде қандай проблема бар? Егер біреу каратемен айналысқысы келсе, секцияға барып жазылады...
- Бұл жердегі мәселе – бізге дамуымызға қолдау жетіспейді, - деп жауап берді Амангелді Қармен. – Біз жаттығу үшін айлық жарнаға азғантай ғана ақша аламыз – ол тек жалгерлік ақыны төлеуге ғана жетеді. Мен өз еңбегіміз үшін жалақы алған да жақсы ғой деп тұрған жоқпын. Әрине, біздер адамдарды жаттықтырғымыз келеді, содан ләззат та аламыз, алайда бізге үкіметтің қолдауы өте қажет.
ЖАПОНИЯДАҒЫДАЙ ЖАСАЛСА
- Атырауда болған түрлі терактілер, арнайы операциялардан кейін біздерді, бапкерлерді жинап, жасөспірімдерді көп қамтитындай жұмыс жүргізуді ұсынды, зал да бөлді, - дейді облыстық кекушинкай карате до федерациясының президенті Аслан Мұстафин. – Біз қуана келістік. Әрине, арнайы жабдықтарсыз, айналарсыз және басқа да қажетті құралдарсыз болса да, қатты қуандық, жоқтан жақсы, біз жастар көше аралап, бос қыдырғаннан гөрі, оқып, дамып, спортпен шұғылданулары үшін жеке уақытымызды да бөлуге дайын болдық. Ешқандай төлемсіз, тегін. Алайда бір айдан кейін бізден жалгерлік ақы сұрай бастады. Кім жарыққа, кім жылуға төлейді дегендей? Салықшыларды қосты. Бізге балаларды таратуға тура келді.
- Осы бағытта не ұсынасыздар?
- Біз осы жүйеге көзқарасты өзгертуді ұсынамыз. Иә, олимпиадалық ойындар өте маңызды, онда ел беделі сынға түседі. Алайда ішкі істерді де ойлау керек қой, - дейді Айбат Рахман. – Мәселен, Германиядағы дәстүрлі бұқаралық спорт түрлеріне көзқарасты алайық. Олардың спорт комитеті тек үш адамнан тұрады. Жыл басында олар бапкерлерді шақырып алып, өз қызметтерін жүргізу үшін қанша ақша керек екенін сұрайды. Дамуға ақша бөледі. Ал жыл аяғында заңды түрде орындалған жұмыс туралы есепті, нәтижелерді талап етеді. Кім жасай алмаса, келесі жылы ақшадан құр қалады, кім сәтті жұмыс жасап, жақсы нәтижелер берсе, әрі қарай қолдай түседі. Біздер қайыршы сияқтымыз, спорттық жарыстар өткізу үшін демеушілер іздейміз, әкімдіктің табалдырығын тоздырамыз.
... Мен қатты құрметтейтін жапондық ұрыс өнерінің шебері Хигаонна маған Жапонияда балаларды жаттықтыру жауапкершілігін алған адамдарды қалай құрметтейтінін айтты. Ол жақта өзі сияқты, біз сияқтыларды іздейді екен. Тапқаннан кейін көзінің қарашығындай сақтайды. «Сен тек біздің балаларымызбен шұғылдан, міне, саған зал, міне жабдықтар, қажеттіліктеріңе ақша керек болса, ал, мә, мынау үстеме ақы, тек бізден кетіп қалма»,- дейді екен.
... Мен не ұсынамын? Біздерді жалгерлік ақшасын төлеуден босатып, балалармен шұғылдануға мүмкіндік берсін. Кешке мектеп залдары босайды, біз неге сонда жаттықпаймыз. Егер әрбір ірі мемлекеттік және жеке ұйымдар дәстүрлі ұрыс түрлерін бөліп алып, қамқорлық жасаса, тамаша болар еді. Біз сонда ешқайда алаңдамастан, толыққанды жұмыс жасар едік. Соңғысы, бұл енді менің арманым – Атырауда Будокан салынса. Бұл – ұрыс өнерінің орталығы, үлкен ғимарат, мұнда әр бапкерге, оның федерациясына орын табылар еді.
- Біз өз кезегімізде Қара белдіктер клубын бүкіл Батыс Қазақстанға таратуды ұсынамыз, - дейді Әшім Қали. - Біз кірдік. Менің ақтөбелік таныс бапкерлерім бізді қолдайтынына сенімдімін, оларда да осындай мәселелер көп.
- Мен осы тақырып жөнінде астаналық шенеуніктермен сөйлесемін. Бәрі де оң болады деп ойлаймын, - деп қорытындылады Қабибек Мұхитов.
Анастасия ПАСТУХОВА