Атырау, 23 қараша 02:56
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Мұрагер

12 704 просмотра

Келіп жеткен жылда әйгілі күйші-қобызшы Ықылас ДҮКЕНҰЛЫНЫҢ туғанына 170 жыл толады. Оның төртінші ұрпағы, яғни шөпшегі Ақнар ШӘРІПБАЕВАНЫҢ (суретте) Атырауда тұрып жатқанын біреу білсе, біреу білмейді. Ол - өзінің әйгілі бабасы секілді күйші-қобызшы, республикалық сайыстардың және халықаралық фестивальдердің лауреаты. Атырау мемлекеттік университетінің оқытушысы, Дина Нұрпейісова атындағы халық аспаптары оркестрінің күйшісі. Көп балалы ана. Ал бұл - өнер адамдарының басында кездесетін сирек жағдай.

- Ақнар, аты аңызға айналған бабаңыз жайлы айтыңызшы?

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА: Ықылас Дүкенұлының (1843-1916) қобыз күйлерін дамытудағы рөлі үлкен. Оның әлдеқайда белгілі шығармалары мыналар: «Жезкиік» «Аққу» «Қасқар», «Ықылас» деп аталады. Оның «Кертолғау», «Ерден», «Жалғызаяқ», «Жарым патша», «Қабар Назым», «Айрауық», «Қазан».

- Біздің Ықылас бабамызға дейін бес ұрпақ қобызшы болған. Ал Ықыластың еңбегі сол, ол қобыз өнерін, қобыз музыкасын, қобыз күйін жоғары деңгейдегі классикаға көтерген. Оның таланты баласы Түсіпбекке дарыған. Бізге күйлерін жеткізген - осы баласы. Біз Түсіпбектен тарап жатқан ұрпақпыз. Ол атамыздың Шырын деген қызы болатын. Сол кісінің немересіміз біз. Түсіпбектен өз кезегінде қобыз өнерін Дәулет МЫҚТЫБАЕВ үйде айлап жатып, үйреніп кетеді екен. Мен мұны киелі қобыз мұрасын жалғастырушылардың ретін білсін деп айтып жатқаным. Ал Дәулет Мықтыбаев Әбдіманап ЖҰМАБЕКОВ деген кісіге үйреткен. Ол кісі - менің ұстазым.

-  Өзіңіз ән-күй де шығарасыз. Бұл өнерге қалай келдіңіз?

- Бұған көп бола қойған жоқ. 2011 жылы Алматы қаласында «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ шығармашылығы бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен жаңа жылдық кеште ақын Бекемкүл БАТЫРБЕКҚЫЗЫМЕН таныстым. Ол менің Ықыластың ұрпағы екенімді білгенде маған өзінің «Бекет ата» өлеңіне ән жазуыма қолқа салды. Бұл мен үшін күтпеген ұсыныс болды. «Мен қалай жазам?» деп жүрексіндім. Ол болса, «Бұл сенің қаныңда бар нәрсе, сен Ықыластың ұрпағысың ғой» деп сенім білдірді. Ал мен оған дейін әуенді жәй хобби ретінде шығаратынмын. Бекемкүл апай композиторлық жолды таңдауыма түрткі болды.

Бұған дейін Бекемкүл Батырбекқызының сөзіне Кеңес Дүйсекеев, Дариға Тілендиева, Гүлмайдан Сүндетова, Нұрғиса Тілендиев, Марат Омаров сынды белгілі композиторлар ән жазды. Ал мен ол кісінің «Бекет ата» және «Абылайхан» деген өлеңдеріне жаздым әнді. «Абылайхан» әнін А. Жұбанов атындағы консерваторияда бірге оқыған досым, қазір Алматы облыстық филармониясындағы әнші Әлия МОЛДАҒАЛИЕВАҒА ұсындым. Ол бұл әнді Түркістан қаласында Абылайханға арналған халықаралық конференцияда шырқап, алтын медальмен марапатталды.

2012 жылы жазда бұл ән Қазақстанның Германиядағы елшіліктің қызметкерлеріне ұнап, мені сонда өнер көрсетуге шақырды. Франкфурт қаласына мен Әлия Молдағалиевамен және пианист Руслан СМАҒҰЛОВПЕН біргебардым. «Абылайхан» әнін немістер аяқтарынан тік тұрып тыңдады! Сондай рух беретін ән болғаны ғой. Одан бөлек, мен Қорқыт пен Ықыластың барлық дерлік күйлерін орындадым. Жалпы, өткен жыл мен үшін өте жемісті болды. Мен 20 шақты ән жаздым. Оның ішінде екеуі Бекет атаға арналған.

- Бекемкүл Батырбек-қызынан басқа қай ақын-дардың өлеңдеріне ән жазып жүрсіз?

- Мыңжан БАЙЖАНИН деген ақынның өлеңіне «Тұлпарым келсін бірінші», «Қырандай қайсар қағаным» деген екі ән шығардым. Сағат Заханқызының «Мен - қазақтың қызымын» деген өлеңіне романс жаздым. Одан бөлек, менің «Анаға» деген тақырыбы бірдей екі әнім бар. Оның біреуінің сөзі - Фариза ОҢҒАРСЫНОВАНЫКІ, екіншісі - Қадыр ЖҮСІПТІКІ. Меніңше, «Достық» әні сәтті шыққан. Бұл ән өткен жылдың қыркүйегінде ақын Төлеген АЙБЕРГЕНОВТЫҢ 75 жылдығына арналған «Бір тойым» атты республикалық композиторлардың байқауында шырқалды.

Бұл - «Төлегенге арнау» деген Мұхтар ШАХАНОВТЫҢ өлеңіне жазылған ән. Оны белгілі «Тарлан» тобының әншісі Айбек МҰХАММЕДАЛИЕВ орындады. Айтпақшы, 13 қаңтарда «Мәдениет» телеарнасында «Сол жылдар» деген телебағдарламасында Төлеген Айбергеновтың өмірі мен шығармашылығы баяндалады. Сонда менің «Достық» әнім шырқалады. Бейнежазбасы өткен жылғы 10  желтоқсанда түсірілді.

Мен бұл байқау әділ өтті деп санаймын. Өйткені, Бейбіт ДӘЛДЕНБАЕВ, Ермек ӨМІРОВ  сынды кәсіби  композиторлар қазылық етті. Бір қызығы, сол сайыста жазылған ноталар парағын бүркеншік атпен тапсыруымыз тиіс болды. Сол кезде мен Нарғыз РАЙЫМБЕК деп қойдым. Сонда олар шығарманың кім жазғанын білмеді. Мен сыннан өттім.

- Әндеріңізді басқа кімдер орындайды?

- Ақтау облыстық филармониясының әншісі Нұрияш ОСПАНОВА, Алматыдағы опера және балет театрының солисі, Мәскеу консерваториясының түлегі, бас дауысты Болат ЕСІМХАНОВ. Қ.Жүсіптің сөзіне жазылған «Анаға» деген әнімді Дина Нұрпейісова атындағы музыкалық академия оқытушысы, Бибігүл ТӨЛЕГЕНОВАНЫҢ шәкірті Маржан ТӨРЕХАНОВАҒА бердім. Атыраудың әншілері бірге жұмыс істеймін десе, жол ашық, әндерімді беремін.

-   Жақында елімізде биыл екінші рет Таразда өткізілген Ықылас Дүкенұлының шығармашылығына арналған «Жезкиік» республикалық қобызшылар сайысына қазылық етуге арнайы шақырылдыңыз. Бұл байқаудың ерекшелігі қандай?

Ақнар отбасымен біргеАқнар отбасымен бірге- Сайыстың ерекшелігі – Ықыластың қобызында оның бір ұрпағы күй орындап сайысты ашады. 2011 жылы өткен алғашқы сайысты менің ағам, ал 2012 жылы мен аштым. Ықыластың қобызы Тараздағы музейде сақтаулы тұр. Сайыс болатын күні мен Таразға ұшақпен ұшып келдім де, музейге барып, үш сағат бойына Ықыласқа тиесілі киелі қобыздың үнін келтірумен болдым. Ал сайыс болатын жерге бара жатқанда менің артымнан полиция эскорты еріп жүрді. Себебі, бұл - мемлекеттің мұрасы. Менімен бірге қазылар алқасы құрамында аңызға айналған белді-белді қобызшылар – Сматай ҮМБЕТБАЕВ, Әбдіманап ЖҰМАБЕКОВ, Әлқуат ҚАЗАҚБАЕВ, Саян АҚМОЛДА, Байқара ХАМЗЕҰЛЫ, Гүлнәз ШАБАНБАЕВА  т.б. болды.

Шара Жамбыл облыстық мәдениет басқармасының бастығы Айнұр СӘДЕНОВАНЫҢ арқасында жақсы ұйымдастырылды. Ол - белгілі скрипкашы Марат БИСЕНҒАЛИЕВТІҢ шәкірті. Сайыста өзі де өнер көрсетіп, скрипкада Ықыластың «Жезкиік» күйін орындады.

- Жаңа жылдағы жоспарларыңыз қандай?

- Ықыластың 170 жылдығын биыл республика тойлайды. Атырау, Жамбыл қалаларында жеке концертімді берсем деп ойлап отырмын. Бірінші бөлімде өзім қобыз тартам, екінші бөлімде әншілер әндерімді шырқайды.

Айнұр САПАРОВА

Суретті түсірген Арман ХАЙРУЛЛИН

3 қаңтар 2013, 15:07

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.