Атырау, 14 қазан 11:19
 ашықВ Атырау +17
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

«Санкт-Петербургтің тәжірибелі жүйріктері бізде тойдың тым көптігін айтты»

Сурет Бейнежазба
3 997 просмотра

Ол халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2011 жылғы Афинада өткен Бүкіләлемдік арнайы жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы, жасы 75-те. Осы жаста жерлесіміз Жеңіс АЙТБАЕВ ардагерлер арасында жүгіруден әлем чемпионы болудан үмітті.

1945 жылы 9 мамырда дүниеге келгесін Жеңіс күніне орай есімін Жеңіс деп қойған. Бокстағы мансабын аяқтаған соң 35 жасында жүгіруді бастаған. Күнде таңмен тұрып жүгіреді. Жеңіс аға жарыстарға қатысып, озып шыға алатынын, әрі кеткенде, басқа да танымал ардагерлермен тең түсетінін сезінген еді.

Шынымды айтсам, мұндай ақсақалды кездестірген емеспін. Қайдағы ақсақал - өмірге деген күш-қуаты тасып тұрған позитивті жан. Ауру-сырқау дегенді ұмытқан.

...Әке-шешесі өмірден озған соң туған жері Новобогат ауылынан (қазіргі Исатай ауданының Хамит Ерғалиев ауылы) облыс орталығына кеткен. Ол кезде жасы 18-де екен (1963 жылы). Гурьев ауылшаруашылығы техникумына оқуға түседі. Қалада анасының бауыры, нағашысы Құспанғали Хасановтың қолында болады. Ол кісі пединститутта бас есепші-тұғын. Сол кезде талапкердің спортқа құштарлығы маңызды еді, сөйтіп Жеңіс боксты таңдайды. Бокста біраз жетістікке жетіп, өңірімізде алғашқылардың бірі болып, КСРО спорт шебері атанады. Бірақ бокстан олимпиада чемпионы немесе әлем чемпионы бола алмайтынын түсінген, ал оның мақсаты жоғары еді.

Ол сол кезде жүгіруді таңдады. Өзі үшін ғана емес (ұйымдастырушылық қабілеті де бар) – сол кезде өзі еңбек еткен Гурьев ауылшаруашылығы техникумының жанынан «Жас өркен» әуесқой жүгіру клубын ашты. Өзі де жарыстан қалыс қалмауға тырысты. Сөйтіп 2011 жылы Афинада классикалық 42 шақырым 195 метр қашықтықты 5 сағат 30 минутта жүгіріп өтіп, алтын алқа иеленді.

Жеңіс аға көп жүгірген, шетелде жарысу мүмкіндігін жібермеді. Ол, әсіресе, жыл сайын Мәскеуде өтетін марафонды жақсы көреді. Жыл сайын сол жерге барады, былтыр қыркүйекте 6 сағат 10 минутта марафонды жүгіріп өтіп, естелік медалін алды.

- Қырық жасымда 42 км 195 метр қашықтықты 3 сағатта жүгіріп өтетінмін, - дейді Жеңіс аға. – Қазір жасыма сай жүгіруім керек. Жақында 10 шақырым қашықтықта жүгіру мен салауатты өмір салтын ұстанатындарға арналған Атырау марафонына қатысып, 1 сағат 20 минутта жүгіріп өттім - жаман емес қой?! Жас кезімде осы қашықтықтан 45 минутта өтетінмін, - дейді сәл мұңайып.

Сұхбаттасушым өткенін қуанышпен еске алады. Жеңіс аға 1972 жылы «Жас өркен» әуесқой жүгіру клубын қалай ашқанын есіне алды. Жыл сайын қала бойынша мектеп оқушылары, студенттер мен жұмысшылар арасында 5, 10, 20 шақырым қашықтықта жарыс ұйымдастырды. Бастапқыда клубта 10 адам болса, кейін 50 адамға жетті. 1985 жыл болатын.

- Мен 15 жыл бойы жүйрік жүгіруші дайындадым. Марқұм Бақтығали ҚҰРМАНБАЕВ деген дәрігер болды. Ол менің ең мықты шәкіртім еді, 78 жасқа келгенше жүгірді. Константин ДУРМАНОВ деген де болды, ол да 80 жасқа келгенше жүгірді. Облыстық спорт басшысының орынбасары боп тұрған кезде менің тәлімгерім, кейін зейнеткерлікке шыққанда шәкіртім болды.

- Өз жасыңыздан өте жас көрінесіз. Бұл жүгіруге байланысты шығар, өзіңізді қалай сезінесіз?

- Иә, бәрі жүгіргеннің пайдасы, өзімді сергек әрі жеңіл сезінемін. Ешқандай дәрі ішпеймін, ешбір жерім ауырмайды. Ұйқым да, тәбетім де жақсы.

- Жарияланымнан кейін көп адам жүгіруге бел буатын шығар. Ол үшін неден бастап, неден аулақ болу керек?

- Аптасына үш рет таңмен жүгіруге кеңес беремін. Бір-екі сағат тез адымдап жүруден бастаңыз. Содан кейін біртіндеп 100, 200, 500, 1000 метр қашықтықты қосыңыз. Бір айдан кейін мұны жүгіруге өзгертіңіз. Дұрыс киіну де маңызды: кроссовкалар кең, табаны 5-6 см болу керек. Қазір суық түскен кезде жылу сақтайтын, ылғал шығаратын және қозғалуға кедергі келтірмейтін көп қабатты киім болған маңызды. Мысалы, ішіне футболка, содан кейін жел өткізбейтін жүн свитер, су-жел өткізбейтін күрте кию керек. 4-5 градус суықта жақсы трико, бас киім мен қолғап қажет.

- Ал сіз қалай жүгіресіз? Қашан және қай жерде?

- Күн сайын таңертең сағат 6-дан 8-ге дейін «Атырау» ДСК-нен Жилгородокқа дейін жағалау бойымен жүгіремін. Сыртқа шықпас бұрын міндетті түрде таңғы асымды ішіп аламын.

Еуропада өтетін марафондарға қатысқан кезде олардың не жейтінін, қалай дайындалатынын сұрастырдым. Бірде Санкт-Петербургтегі тәжірибелі жандардан олардың неліктен менен күшті екенін сұрадым. Ол кезде жасым 40-та еді, ал олардың жасы 70-тен асқан. Сөйтсем, олардың құпиясы - өздерін күтеді екен. Олар 60 жастан бастап зейнетке шығады, күніне екі рет - таңертең және кешке жүгіреді. Содан соң жақсы тамақтанады. Олар қазақтарға қарағанда өздерінің уайымы аз екенін айтты – отбасында бір бала ғана, тек жүгірумен айналысады. Сосын бізде, қазақтарда, тойдың көптігін айтты. Біз туралы бәрін біледі екен. Осы әңгімелерден кейін ойланып, олардың айтуы дұрыс екенін түсіндім. Көп тойдан бас тарта бастадым, барсам да ішімдік ішпейтін болдым. Не арақты, не денсаулықты таңдау керек қой. Мен спортты таңдадым, қазір темекі де шекпеймін.

«АЖ» анықтамасы:
Жеңіл атлетика түрлері
Алыс марафон - 58 км ұзақтықтағы қашықтыққа жүгіру
Классикалық марафон - 42 км 195 метрге жүгіру
Жартылай марафон - 20-21 км қашықтыққа жүгіру
Жүгіру - 10 км қашықтыққа жүгіру
Спринт - 100, 200, 300, 400 метр қысқа қашықтыққа жүгіру

- «Жүгіру өмірді ұзартып, ағзаны жасартады» деген қарапайым ақиқатты растайсыз ғой.

- Иә, ол рас. Жасым 75-те, бірақ өзімді 50 жастағыдай сезінем. Бірде бір күнімді жүгірусіз өткізбеймін. Бұл шегетіндер үшін есірткі секілді. Бірақ мұның айырмашылығы – денсаулық үшін пайдалы. Мен барша Атырау тұрғынын жүгіруге шақырамын, алдымен тез адымдап жүруден бастау керек. Ұзақ өмір сүргіңіз келсе – осылай жасаңыз!

- Сіз өз энергияңызбен адамдарға қуат бересіз, ғұмырлы болыңыз!

Айнұр САПАРОВА     

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

27 қараша 2020, 15:15

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.