Атырау, 29 наурыз 19:13
 ашықВ Атырау +1
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Атырау облысының бас экологы Сырым Тілегенов: «Сасықсайды қалпына келтіруді тездеткіміз келеді»

Бейнежазба
4 389 просмотра

Атыраудың ауасын ластап отырған кімдер? Қоршаған ортаға эмиссиялар үшін рұқсат қалай беріледі? Өңірімізді ресми түрде экологиялық қолайсыз аймақ деп тану үшін не қажет? Осы және өзге де «АЖ» сауалдарына Атырау облысының бас мемлекеттік экология инспекторы Сырым ТІЛЕГЕНОВ жауап берді.

«ЛИМИТТІ АЗАЙТУҒА ТЫРЫСАМЫЗ»

- Сырым Бақтығалиұлы, Атырау облысының экологиялық проблемаларын шешуге арналған «Жол картасы» қалай жүзеге асып жатыр?

- Әр жоба өз мерзіміне сәйкес орындалады. Мысалы, «Тухлая балка» булану аралын қалпына келтіру (рекультивация) жобасының мерзімін қысқартуды ұсынды. Жоба мерзімін іске асыру 2023 жылға белгіленген еді. Бірақ бұл өте ұзақ. Жақында облыс әкімі және өңірдегі ірі кәсіпорындардың қатысуымен үлкен жиын өтті. Сол кезде біз үш жылға созылған құны 1 млрд 269 млн теңгені осы жобаны аяқтау мерзімін қысқарту мәселесін көтердік. 

-Бұл ұсынысқа не деп жауап берді?

- Нақты шешім әзірге қабылданған жоқ. Жақын арада сол жиынның хаттамасы шығуы керек. Сол кезде нақты мерзімі қойылып бекітілсе, оны орындау мақсаты қарастырылады.

- Экология департаменті қоршаған ортаға эмисссиялар үшін рұқсатты қалай береді? Ол қалай есептеледі?

- Ол үшін табиғат пайдалануға лицензиясы бар кәсіпорын жұмыс қуаттылығына байланысты жобалық құжатын алып келеді.

Эмиссия арнайы методика бойынша ластаушы көздің шығарындыларының зиянды заттарының көлеміне байланысты есептеледі. Мысалы, бір мекеме ғимаратты жылытуға арналған жылыту қазандығы үшін эмиссия рұқсатын алуға келгенде жылына жағатын газ көлемін есептеп әкеледі. Айталық, жылына 20 мың текше метр газ жақса, сол газ көлемінен бөлінетін зиянды заттарды біз есептеп шығарамыз да лимитті анықтаймыз.

- Лимит жылына бір рет беріле ме?

- Иә, бірақ, айталық, кәсіпорынның тағы 5 ұңғыма бұрғылаймыз деген жоспары болса, әкелген жұмыс жобасын өзгертіп, қосымша лимитке тағы да тапсырыс беріп ала алады.

- Лимит көлемі тағы қандай жағдайда өзгеріп отырады?

- Мысалы, жылдың басында 10 ұңғыма бұрғылаймын деп лимит алған компания пандемия кезінде жұмыс көлемі азайып, тек 5 ұңғыма бұрғылады. Бұл жағдайда лимит те 50 пайызға азаяды.

- Биылға бөлінген эмиссия лимиті қандай?

- 2020 жылға ауаға шығатын зиянды затқа берілген лимит 378,8 мың тонна болса, соңғы 9 ай бойынша нақты эмиссия көлемі 115,6 мың тоннаны құрады. Ал былтыр 377,09 мың тонна эмиссия лимиті берілсе, нақты көлемі 164,974 мың тонна болды.

- Мұндай айырмашылықтың болуы неліктен?  

- Арнайы методикаға сәйкес, кәсіпорындар шығарындылардың зиянды заттарының көлемін көбіне-көп максималды түрде есептеп келеді. Соңғы жылдары нақты эмиссияны ескере отырып, лимитті де азайтуға тырысамыз. Мысалы, биыл бірнеше компанияға шығарындыларды 919 тоннаға, төгінділерді 34 тоннаға, қалдықтарды 8491 тоннаға азайттық.


«БІЗДЕН БАСҚА ДА ҚҰЗІРЕТТІ МЕКЕМЕ КӨП»

- 5 қараша күні қамыстың жануынан қаланы түтін иісі алып кетті. Түтіннен қоршаған ортаға қаншалықты зиян келгенін анықтадыңыздар ма?  

- Түтіннің зиянын анықтау методикасы жоқ. Бірақ, сол 5 қараша күні зауыт жақтан жағымсыз иіс тарап жатыр деген көп шағым түсті. Біз «Ганк-4» құралымен ауа сынамасын алғанда, күкірттің нормадан асып кеткенін анықтадық. Ал қамыс жанғанда ол бөлінбейді.  

- Иә, сіздер 5 қарашада ауада күкіртсутектің шектен асып кеткендігін хабарлап, мәліметтерді тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жолдадыңыздар. Алайда, сол кезде департамент шара алуға мәлімет жеткіліксіз деп жауап берді.

- Сол департаментте тұрғылықты жердің атмосфералық  ауасының гигиеналық нормативі деген санитарлық нормативтік құжат бар. Олар соның негізінде шарасын алуға құзіретті. Өкінішке орай, сәл ауа ластанса да, құс өлсе де, қамыс өртенсе де экология департаментінен көріп жатады. Бізден басқа да құзіретті мекеме көп қой.

- Дегенмен, экологияға қатысты болған соң сіздің департамент бақылауда ұстау қажет қой.

- Иә, біз қолдан келетінін жасаймыз. Атырау ЖЭО мен АМӨЗ жақтан жел соғып, санитарлық аймақта нормадан шыққан фактілерді санитарлық қадағалау мекемесіне жолдадық. Ол мекеме АМӨЗ-ге тексеріс ашып, ҚР ӘҚБтК-тың 425-бабы (««Қазақстан Республикасының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнамасының талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi, техникалық регламенттерді адам денсаулығына зиян келтіруге әкеп соқпаған бұзушылық») бойынша зауыт басшылығын әкімшілік жауапкершілікке тартуы тиіс еді.

- Бірақ, ол мекеме жолдаған мәліметтің шара алуға жеткіліксіз екенін айтады. Мүмкін ауаның қай мекемені ластағанын нақты көрсету керек шығар, әлде ол мүмкін емес пе?

- Қондырғыларда ақау болғанда біздер нормадан асып кету фактілерін тіркеп, экологиялық айыппұл саламыз, қоршаған ортаға келген залалды өтеу мақсатында нұсқама береміз. Ал ең маңызды мәселе - адам денсаулығына келген зиян елеусіз болып жатады. Себебі, бізде жағымсыз иістерден адам ағзасының қандай деңгейде уланғанын ешкім зерттеп жатқан жоқ. Бұл жерде тек экология департаменті ғана емес, денсаулық сақтау басқармасы да осы бағытта жұмыс жасаса дұрыс болады деп ойлаймын. Медицина мамандары адам денсаулығына токсикологиялық зерттеу жүргізу керек.


АЙЫППҰЛ БОЙЫНША «РЕКОРДШЫ» - ТШО МЕН НКОК

- Жаңа Экологиялық кодекске сәйкес, қоршаған ортаны ластағандарға салынатын айыппұл 10 есе көбейтіледі. Бұл жағдайды түзеуге септігін тигізе ме?

- Иә, бұл қаржылық шығынға әкелетін болған соң кәсіпорын нормадан аспауға тырысады. Оның үстіне, экологиялық заң талабы бірінші рет бұзылса, айыппұл көлемі 10 есеге, екінші рет бұзылса, 20 есеге көбейтіледі. Ал үшінші рет бұзылған жағдайда кәсіпорын қызметін тоқтатуға шаралар қолданады.  

- Жыл басынан бері көп экологиялық айыппұл салынған мекемелер қайсысы?

- ТШО, НКОК компаниялары – көбіне алауда газ жағу фактілері бойынша. Атап айтқанда, ТШО-да штаттан тыс екі жағдай болып, 1 млн 589 мың теңге айыппұл салынып, 728 млн теңге көлемінде қоршаған ортаға келтірілген залалдың орнын толтыру мақсатында нұсқама берілді.

- Атмосфералық ауаны зерттеу нәтижелеріне күмән келтірушілер бар.  Газ мөлшерін анықтайтын «ГАНК» қателесуі мүмкін бе?  

- Бұл құрал жыл сайын Алматы қаласында тексерістен өткізіліп, тиісті сертификатын алып отырамыз. Сенбеуге не себеп екенін түсінбеймін. Мысалы, 5 қарашада ауаның ластану фактісін анықтады ғой.

- «Қазгидромет» интерактивті картасына қаланың 3 аумағында көбінесе күкіртсутегінің шектен асып кеткенін көрсетіп отырады. Мысалы, бұлар Береке ықшам ауданы, Сәтпаев – Владимирский көшелерінің және Азаттық – Әуезов көшелерінің қиылысы. Неліктен солай? Мысалы, Владимирский көшесінің бойында ешқандай кәсіпорын жоқ қой.

- Иә, ол жерде ластаушы кәсіпорын жоқ, бірақ желдің бағыты әсер етеді. Жел соққан кезде кімнің ластап жатқанын дәлірек анықтау қиын. «Тухлая балка», Атырау ЖЭО, АМӨЗ жақтан жел соққанда күкіртсутегі сезіледі, нормадан асу фактілеріне сол себеп шығар. Қалада басқа да иіс бөлетін көздер бар. Мысалы, «Атырау облысы Су Арнасы» КМК-ның 83 кәріздік-тазарту станциясы бар. Соның ең ірісі - 10, көлемі 1000 текше метр. Біздің зертханалық талдау бөлімі мониторинг жасау кезінде станциялардың бірінің қасынан күкіртсутегінің асу фактісін анықтады. Бұл бойынша біз кәсіпорынның жобалық құжаттарын сұраттық. Мұндай нысандарды оқшаулау туралы ұсыныс бермекпіз.  


ЛАСТАУШЫ КӨЗДЕРДІҢ КАРТАСЫ ЖАСАЛЫП ЖАТЫР

- Атырауда жанар-жағармай және газ құю бекеттері көп. Тұрғындардан олар үйге жақын 30-50 метр қашықтықта орналасқан деген шағымдар көп түседі. Сол себепті біз жақында қала әкімдігіне хат жолдадық. «Қатаң бақылауда ұстаймыз» деген жауап келді.

Аталған бекеттерде ыдыстарды газбен толтырады, мұндай кездері ауадан иіс сезіледі. Соның бәрі жиналып, қалада жағымсыз иістің пайда болуына тағы бір себеп болады. Одан басқа, жылыту қазандықтарын қосып отырған қанша кәсіпорын бар.

- Жақында Береке ықшам ауданына барар жолдағы «ҚазТранОйл» АҚ-ға қарасты Атырау мұнай құбыр жүйесі басқармасы маңынан газ иісі мүңкіп тұрғанын байқадым. Сол маңдағы ауа сапасын тексересіздер ме?

- Иә, 5 қарашадан кейін табиғат қорғау прокуратурасымен бірге шығып, сіз айтқан нысанның санитарлық қорғау аймағынан сынама алдық. Күкіртсутектің нормадан асу фактісі анықталды. Сондықтан АМУ-ге жоспардан тыс кешенді тексеру жүргізілмек.

- Қала ішінде ластаушы көздердің картасы болса, жел бағытына қарай ауаны кімнің ластап отырғанын білер едік.

- Ондай карта қазір жасалып жатыр. Жоба – «Атырау қаласының шекті рауалы шығарындылар жиынтық томын жасақтау» деп аталады. Тапсырыс беруші – облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы. Орындаушы – «Nomad Eco» ЖШС. Шатаспасам, облыс орталығында 411 ластаушы көз бар. Оның ішінде, жылыту қазандықтары бар дүкен, мейрамханалар да бар. 

- Атырау Қазақстан картасында экологиясы қолайсыз аймақ деп танылған. Қоғам белсенділері өңірімізді ресми түрде солай деп тану туралы петицияға қол жинап жатыр. Сіздің ойыңыз.

- Бұл үкімет деңгейінде шешіледі. Ол үшін өңірде кешенді экологиялық зерттеу жүргізілуі тиіс. Содан кейін ғана шешім шығады.

Айнұр САПАРОВА

Сурет пен бейнежазбаны түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

23 қараша 2020, 16:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.