Атырау, 21 желтоқсан 03:46
 бұлттыВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Жайық Жемнің тағдырын қайталауы мүмкін

4 337 просмотра

«...Жайық бассейнінде миллиондаған тонна өнеркәсіп қалдықтары, соның ішінде, байыту фабрикаларының қалдықтары, аршыма тау жыныстары мен қоршаушы жыныстар жиналып қалған. Өнеркәсіп қалдықтарын сақтау үшін полигондар мен үйінділерге мыңдаған гектар жер бөлінген... ».

Қазақстан мен Ресей сарапшылары Жайықты зерттеу нәтижелері туралы жақында жарияланған бірлескен баяндамасында осындай сұмдық мәліметті жариялады. Қазір біз жыл өткен сайын өзеннің таяздап бара жатқанына алаңдап отырмыз, егер оған ластануды қоссақ, нағыз экологиялық апатқа ұшыраймыз. Мұның 2016-2017 жылдардағы мәліметтер екенін ескеретін болсақ, қазір ахуалдың нашарлағаны түсінікті.

Сарапшылар А.Кеншимов, М.Шортанбаев (Қазақстан), Ю.Нестеренко және С.Левыкиннің (Ресей) материалдарына сәйкес, өзен бассейнінде атмосфераны ластайтын заттардың жалпы көлемінің 10%-ынан астам зиянды шығарынды шығаратын өнеркәсіптік кәсіпорындар бар. Мысалы, «Магнитогорск металлургия комбинаты» ААҚ жыл сайын атмосфераға ММК мәліметі бойынша 219 100 тонна зиянды заттар шығарады. Магнитогорск атмосферасындағы күкірт сутегі, этилбензол, азот диоксиді, фенол сияқты зиянды заттардың концентрациясы рұқсат етілген шекті деңгейден 13-20 есе асып кетеді.


БӘРІНЕ АДАМ КІНӘЛІ

Өткен ғасырдың 70-жылдарынан бастап Жайықтағы су ағынының көлемі біртіндеп азая бастады - бұл әсіресе 2006 жылдан бастап байқалады. Сарапшылар бұған өзендердегі су тапшылығы кезеңдерін жиілететін климаттық факторлар, бассейндегі ағынды суларды реттеу, жердің жыртылуына және ормандардың кесілуіне байланысты гидрографиялық тораптың жағдайының нашарлауы себеп болды дейді.

«Бассейнде 12 ірі су қоймасы (көлемі 10 млн текше метрден астам) және күрделі құрылымдары бар 80-ге жуық гидротораптар салынды. Бұдан басқа, бассейннің барлық кішігірім өзендерінде 3100-ге жуық топырақ бөгеттері ретсіз салынып, Жайықтың су көлеміне орны толмас зиян келтірген», - делінген құжатта.

Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарындағы мұнай-газ кәсіпорындары өзен төңірегіндегі экологиялық жағдайға кері әсерін тигізуде. Олар суды ауыр металдар мен хлорорганикалық пестицидтер қосылыстарымен, ал адамдар қоқыспен, қалдықтармен ластайды. Нәтижесінде, судың мөлшері азаяды, арнасы лайланады, жағалау сызығы бұзылады, жайылмалы орман жойылып, сәйкесінше биоресурстар азаяды.

Нәтижесінде, су деңгейі төмендеп, арна лайланады, жағалау сызығы бұзылады, жайылма орман жойылып, сәйкесінше биоресурстар азаяды.


СУСЫЗ ҚАЛУ ҚАУПІ БАР

Жайық пен еліміздің батыс бөлігіндегі оның салалары халықтың 70%-ын сумен қамтамасыз етеді, қалған 30%-ы Қиғаш өзенінің су ресурстарын пайдаланады. Бұл жерде басқа ауыз су көздері жоқ екені түсінікті.

«Өзен жүз мыңдаған адамның көз алдында тайызданып барады, егер шұғыл шаралар алынбаса, онда Жайық ұзақ жылдар бойы Каспий теңізіне суы жетпей тартылған Жем өзенінің тағдырын қайталауы мүмкін.... Гидрологиялық режимнің қолайсыз өзгерістері және басқа факторлар балық қорының өсіп-өнуіне кері әсер етті. Бұрын бекіренің дүниежүзілік қорының 33% -ы Жайықта мекендеп, 40% -ға дейін қара уылдырық осы жерде өндірілді», - делінген зерттеуде. Ал енді ластанған және таяз жерлерде балық табиғи уылдырық шашатын және қыстайтын жерлеріне жете алмайды. Кейбір мәліметтер бойынша, бекіре тұқымдас балықтар 30 есеге азайған. Бұл жерде 2018 жылдың желтоқсанында 100 тоннадан астам бекіре тұқымдастар мен 14 тоннадан астам қара балықтың жаппай қырылғанын айтпай кетуге болмайды.


ЗАУЫТТАР КӨП

Ресей Федерациясының аумағындағы Орал бассейнінде барлығы 2,5 миллион адам тұрады, ал қазақстандық бөлігінде үш облыстың тұрғындары, ҚР Статистика агенттігінің мәліметрі бойынша, 2014 жылғы 1 қаңтарда 2,6 миллион адам болған.

Орал бассейнінде қатты пайдалы қазбалардың кен орындары қарқынды түрде игеріліп, мұнай мен газ өндіріліп жатқаны баршаға аян. Іс жүзінде бассейннің бүкіл аумағында ауыл шаруашылығы жерлері пайдаланылуда. Өнеркәсіптік кешенде қара және түсті металлургия, химия өнеркәсібі мен электр энергетикасы, машина жасау мен металл өңдеу, сондай-ақ, тамақ және жеңіл өнеркәсіп дамыған.

Сарапшылардың зерттеуінде бассейннің қазақстандық және ресейлік бөліктеріндегі компаниялардың, кәсіпорындардың тізімі көрсетілген. Ресейлік аумақта Магнитогорск металлургиялық комбинаты, Ириклинск МАЭС-і, «Газпром-добыча-Оренбург», «Оренбургнефть», «Орскнефтеоргсинтез» ЖШҚ, «Южуральникель» комбинаты, Гай кен-байыту комбинаты, Орск-Халилов металлургия комбинаты, Медногорск мыс-күкірт комбинаты және т.б. орналасқан. Башқұртстан Республикасында 86 тау-кен кәсіпорны, Самара облысында - 51, Орынбор облысында - 23 кәсіпорын орналасқан.

Қазақстандық бөлікте Ақтөбе облысының аумағында «CNPC-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «Қазхром» ТҰҚ» АҚ филиалы - Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, «Ақтөбе хром қосылыстарының зауыты» АҚ, «406-ГA авиажөндеу зауыты» АҚ, «Актюбрентген» АҚ сияқты ірі кәсіпорындар орналасқан. Атырау облысында 62-ден астам кен орны бар, ең ірілері - Теңіз бен Қашаған кеніштері. Атырау мұнай өңдеу зауыты мұнай өңдеу саласымен айналысады. БҚО-да ірі Қарашығанақ мұнай-газ конденсат кен орны бар.

Бассейннің Ресей бөлігінде оның аумағының 80%-дан астамын ауылшаруашылық жерлері алып жатыр, бұл жазық рельефпен, құнарлы топырақтың болуымен және өсімдік шаруашылығы үшін жауын-шашынның жеткілікті мөлшерде түсуімен байланысты. Қазақстандық бөлігінде ауыл шаруашылығы астық пен мал шаруашылығы өнімдерін өндіруге мамандандырылған.

Қазіргі уақытта Жайық өзені бассейнін қалпына келтіру бағдарламасы әзірленіп, қол қоюды күтіп тұр. Бағдарлама алдағы 3-5 жылға арналған бірқатар шараларды, соның ішінде антропогендік әсерді, төгінділерді азайтуды және іргелес аумақты тазартуды қамтиды.

Дайындаған Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

17 қараша 2020, 23:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.