Атырау, 7 мамыр 02:58
 ашықВ Атырау +20
$ 439.43
€ 473.31
₽ 4.82

Теңіздегі инженеріміздің шетелдік маманнан қай жері кем?

3 076 просмотра

Атырау облысында экспаттар бұрынғыша жергілікті тұрғындардан бірнеше есе көп табыс табады. Мысалы, Теңізде қазақстандық инженер 307 мың теңге, ал сол лауазымда экспат 1 миллион 300 мың теңге алады.

Биыл Атырау облысында ішкі еңбек нарығын қорғау үшін шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы 17000-нан 10567-ге дейін қысқартылды. Дегенмен, жалақының теңгерімсіздігіне қатысты жағдай өзгермей тұр.

- Жыл басынан бері 43 компания тексерілді. Қазақстандық жұмысшыларды жалақыға қатысты кемсітудің 109 дерегі, шетелдік жұмысшылардың берілген рұқсатқа сәйкес келмейтін мамандық бойынша жұмыс атқарған 167 жағдайы, сондай-ақ шетелдік жұмысшылардың білімінің атқарып отырған лауазымдарына сәйкес келмеуінің 114 фактісі анықталды, - деп хабарлады Атырау облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының бастығы Игілік ӘУБӘКІРОВ «АЖ» газетіне.

Мысалы, қазақстандық супервайзердің жалақысы (жүк көтеру жұмыстары бойынша) - 750 мың теңге, ал осы лауазымдағы шетелдік жұмысшылардың жалақысы - 1 миллион 100 мың теңгеден бастап 3 миллион 400 мың теңгеге дейін. Тағы бір мысал: бақылау-өлшеу аспаптары мен автоматика инженері лауазымындағы қазақстандықтың жалақысы 307 мың теңге болса, сол лауазымдағы шетелдік жұмысшы 1 миллион 300 мың жалақы алады.

- Құқық бұзушылықтарды жою үшін жұмыс берушілерге 24 ұйғарым шығарылып, 264 әкімшілік іс қозғалды, жалпы сомасы 96 миллион теңге айыппұл салынып, уәкілетті органға шетелдік жұмыс күшін тартуға берілген 262 рұқсатты қайтарып алу және одан әрі ұзартпау туралы хат жолданды, - дейді Әубәкіров.

Ол үкіметтің шетелдік жұмыс күшін тарту кезіндегі тәуекелдерді бағалау критерийлеріне өзгерістер енгізгенін, бұл еңбек инспекциясына бұрын анықталған бұзушылықтар ескеріле отырып жасалған жоспар бойынша жыл сайынғы профилактикалық бақылау шеңберінде тексерулер жүргізуіне мүмкіндік беретінін атап өтті. 2020 жылға арналған профилактикалық бақылау жоспарына шетелдік жұмыс күшін тартатын аймақтағы 10 ірі кәсіпорын енгізілген. Тексерулер барысында жалақы және өндірістік-тұрмыстық жағдайлар бойынша кемсітушілік мәселелері, сондай-ақ бұрын анықталған бұзушылықтарды жою сапасы қаралады.

Өткен жылы Жылыой ауданының әкімдігі вахталық ауыл аумағынан Теңізге арнайы бекітілген еңбек инспекторларының жұмыс жасауы үшін орынжай бөліп, олар үнемі кен орнына барып жүрді. Бірақ қазір қатаң карантинге байланысты мұндай сапарларға шектеу қойылды.

- Көбіне өңіріміздің мұнай-газ саласындағы қызметкерлер төтенше жағдай және карантин кезіндегі еңбек жағдайына және жалақыға байланысты сұрақтар қояды, соның ішінде, кадрлардың қысқаруы, жұмыстың тоқтап қалуы, ақысыз еңбек демалысын беруге қатысты, - дейді Әубәкіров.

Айтпақшы, жұмыс тоқтап қалғандықтан Теңіздегі көп мердігер қызметкерлерін 42500 теңге немесе жалақының 50%-ын төлей отырып, ақысыз күнге жіберді. Кейін жұмысшылар бұл ақшадан да құр қалды.

Фархат ӘБІЛОВ

13 қараша 2020, 10:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.