Атырау, 6 мамыр 16:02
 ашықВ Атырау +14
$ 441.66
€ 475.14
₽ 4.86

Мал азығын көршіден аламыз

2 978 просмотра

Биылғы қыстың қарсыз, жазы жаңбырсыз өтуі ауыл шаруаларын тығырыққа тіреп тастады. Күз де ылғалсыз өтуде. Жайылыстың аздығынан жылқылар босып кетті деп мұң шағады ауылдық шаруалар. Ендігі басты мәселе алдағы қысқа дайындық.

Облыс бойынша 176 мың ірі қара, 572 мың қой–ешкі, 87 мың жылқы, 32 мың түйе қыстайды деп күтілуде. Оларға 508 мың тонна мал азығы қажет. Бүгінде 512 мың тонна мал азығы дайындалған, ауылшаруашылығы басқармасындағылардың айтуынша, жеті ауданда шөп дайындау толық орындалған. Бұл ретте айта кету керек, бес аудан шабындық шөпті дайындау үшін Құрманғазы, Қызылқоға аудандарына және Ақтөбе облысына барған. 

- Шалғай ауданға екінің бірі бара алмайды, амал жоқ жеке секторлар тасымал пішенді сатып алуға мәжбүр. Бізде қазір бір орам шөп 10 мың теңге, - дейді доссорлық Ғазиз ҒАБДУЛЛИН.

- Әрине, аудан шаруалары алдымен мал азығын өздері дайындауға тырысады. Теңіз жағалауынан және «Атанақ», «Кеңарал» учаскелерінде пішен бригадалары еңбек етуде. Сонда да сырттан келетін, әсіресе көрші Ақтөбе облысы, Байғанин ауданынан шөпті сатып алуға тура келеді, - дейді Жылыой ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұртас ҚУАТБАЕВ.

- Қазір екпе шөптердің көлемін ұлғайтуға басым көңіл аударылуда. Былтыр екпе шөп егу, бір жылдық шөп, болмаса көп жылдық жоңышқа 3 гектарға егілген болса, биыл 3300-ге жетті. Егіншілерді ынталандыру мақсатында екпе шөп еккендер пайдаланған судың 80 пайыз шығынына, ал жоғары сортты тұқым ексе, 50 пайыз субсидия қарастырылған, - дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Қайрат НҰРЛЫБАЕВ.

- Көлтабандарға су шығару субсидиясы шешілді ме? Ірі сабақты мал азығын дайындаушыларға  субсидия беру мәселесі қалай болып жатыр?

- Былтыр көлтабандарға су шығару шығындарына төленетін субсидия тоқтап қалды. Айта кету керек, АШ Министрлігіне бұл мәселе бірнеше рет қойылып, Парламент депутаты Ғұмар Дүйсембаевтың араласуымен биылғы жылы бұл субсидия төленетін болды. Ал ірі сабақты мал азығына кеткен шығын субсидиясы соңғы үш жылда тоқталып қалғаны жасырын емес. Қазір ол субсидия жергілікті бюджеттен төленетін болды. Ол барлық шаруашылыққа берілмейді, мал асылдандырумен айналасқандарға, аналық мал басына төленетін субсидия.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор

13 қараша 2020, 10:36

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.