Қазақстандық өнімді сатып алу үшін қалтаң қалың болып, оны іздеуге де біршама уақыт табу керек. «Қазақстанда жасалған» деген белгісі бар азық-түлікті, тұрмыстық химия тауарларын және өзіме киім сатып алмақ болған әрекетімнен кейін осындай тұжырымға келдім.
Мұның бәрі интернеттен көйлек сатып алғанымнан басталды. Оның қазақстандық бренд екенін білгенде таң қалдым. Жалпы, қазақстандық дизайнерлердің киімін отандық өнім деп айту қиын. Өйткені оны тігу үшін матадан бастап фурнитурасына дейін бәрін басқа елден сатып алады. Дизайнерлеріміз өз өнімін дайындау үшін сапалы материалдарды қолдануға тырысады. Алайда олардың өнімі көп болмағасын, жаппай брендтермен бәсекеге түсе алмайды.
Әділдік үшін айта кету керек, бізде толықтай түпнұсқалы қазақстандық өнімдер - киізден, былғарыдан жасалған керемет заттар: сыртқы киім, бас киім, аяқ киім, аксессуарлар, сувенирлер және декор бұйымдары бар. Бірақ, қолдан жасалған санаттағы кез-келген өнім сияқты, олардың бағасы да арзан емес және оларды көп жағдайда сыйлыққа және ұлттық кәдесый ретінде сатып алады. Иә, мен олардың шынайы құндылығын жақсы түсінемін. Бірақ қазір әңгіме әділ баға туралы емес, кез-келген қазақстандықтың тек жергілікті тауарды сатып алып, өз елінде өмір сүру міндетінің қаншалықты қиын екендігі туралы болып отыр. Сондықтан бірнеше жүз мың теңгеге әдемі пальто мен дизайнерлік аяқ киім сатып алуды кейінге қалдырдым.
ӨЗІМІЗДЕН ШЫҒАТЫН ҰНТАҚ ҚАЙДА КЕТТІ?
Келесі демалысымда азық-түлік пен жуу құралдарын алуға шықтым. Тәжірибем дұрыс болу үшін бірінші кездескен дүкенге немесе базарға барған жөн еді. Бірақ менің сынағым сол жерде аяқталған болар еді деп ойладым. Қазақстандық өндірушілердің сүті, шайы, тәттілері мен майынан басқа сатушылардың маған ұсынары жоқ. Сондықтан үлкен супермаркетке бардым. Кір жуатын ұнтақ сатып алуым керек болды, сонымен бірге өзімізден шығатын тіс пастасын, сабын, ванна мен ас үйге арналған тазалағыш құралдарды алуды жөн көрдім. Бірақ ұнтақты таппадым. Әріптестерімнен мүмкін мен басқа жерден іздеп жүрген болармын, қаланың бір жерінде қазақстандық ұнтақ бар шығар деп сұрадым. Әріптестерім ойланып, туыстары мен таныстарынан сұрастырып, кері қоңырау шалуға уәде берді. Сөйтіп, олар жеті жыл бұрын Құрманғазы ауданының Қиғаш ауылында жергілікті кәсіпкерлер «Айнадай» кір жуғыш ұнтағын шығара бастағанын естеріне түсірді. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында олар 6 миллион несие алып, өз қаражатына орынжайды жалға алған. Шикізатты Татарстан мен Германиядан алуға тапсырыс берген. Сол кезде кәсіпкерлер 10 тоннаға дейін экологиялық таза, аллергия туғызбайтын өнім шығарамыз деп жоспарлапты.
Әрі қарай өндірістің не болғанын білмеймін, бірақ олардың өнімдерін сатылымда көрмедім. Сондай-ақ, сөрелерден Қазақстанда жасалған тіс пастасын, сусабын, душ гелі, күйеуіме қырынуға арналған көбік пен ұстараны таппадым. Есесіне ваннаға арналған көлемі 500 мл, бағасы 649 теңгеге, әйнек сүртуге арналған сол көлемдегі 539 теңгеге, унитазға арналған 450 мл 479 теңгеге түрлі тазалағыш құралдар, сантехникаға арналған 579 теңгелік, кілемге арналған 669 теңгелік тазартқыш гель қойылған «Қазақстанда жасалған» деп жазылған тұтас стендті таптым. Сол өндірушінің сұйық сабынының бір литрі - 579 теңге екен. Қазір бактерияға қарсы сабын өте қажет болып тұр, оның 270 мл шағын құтысы - 379 теңге. Бағалар бәсекеге қабілетті. Бірақ басқа сауда желісінде бұл өнімдер жоқ. Есесіне қазақстандық сабын, майлық және дәретхана қағазы барлық жерде сатылады. Өкінішке орай, бет пен денеге арналған кремдер таппадым.
ПИТЕРДЕ НЕ ТАНЫМАЛ
Азық-түлік бөлімінде таңдау мүмкіндігі әлдеқайда көп. Бағымызға орай, ет өзіміздікі. Қазақстандық фирмалар тауық етін филе, аяғы немесе қанатына байланысты әр түрлі бағамен ұсынады. Қазақстанда шығарылатын екі келілік ұн пакеті ресейлік бәсекелестеріне қарағанда 50-60 теңгеге қымбат. Ал қазақстандық фирмалардың күріші мен бұршақтың бағасы шетелдіктерге қарағанда жоғары. Мысалы, біздің 700 грамм күріштің пакеті - 699 теңге, осындай мөлшердегі бұршақ – 372 теңге, ал ресейлік өндірушінің 800 грамм күріші - 508 теңге, бұршағы – 324 теңге. Бәсекелестер салмағы көп өнімге арзан баға ұсынады.
Бірақ бізде сөреміздегі қант пен тәттілер бәсекелестерді ығыстыра алады. Елімізде қант бағасы ресейліктерге қарағанда төмен және өзіміздің танымал шоколад пен тәттілер маркасының сапасымен мақтана аламыз. Айтпақшы, осы материалды дайындау кезінде «ең танымал қазақстандық тауарлар» тақырыбын іздестірдім. Шоколад, коньяк пен шай көш бастап тұр екен.
Сыртқы түрінің тартымдылығы, жақсы сапасы, брендтің танымалдылығы әріптестерге, туыстарға және басқа елдегі жаңа таныстарға керемет сыйлық болады. Айтпақшы, шетелге тұрақты қоныс аударған бұрынғы отандастарымыз нағыз қазақтың асы - қазы мен жайманы қатты сағынады. Ресейдегі іскер азаматтар бұл сағынышты керемет бизнес-идеяға айналдырып, ақша жасап отыр. Қазақстандық тауарлар сатылатын дүкендер Челябинскіде, Краснодарда бар. Тек Санкт-Петербургтің өзінде Қазақстанның тамақ өнімдеріне мамандандырылған танымал желінің 20-дан астам дүкені жұмыс істеп тұр. Олардың ассортиментінде 25 өндірушіміздің 1500 тауары - кондитерлік өнімдер, ет өнімдері, ірімшіктер, ұлттық өнімдер, шай, мұздатылған жартылай дайын өнімдер, сусындар, дәмдеуіштер мен кәдесыйлар бар.
БІР КЕЗДЕРІ СҮТ ЗАУЫТЫ БОЛДЫ
Макарон өнімдері қойылған сөрелерде көптеген қазақстандық, оның ішінде Атырау өнімдері де бар. Біздің өз шұжықтарымыз, ет консервілері (Атырауда дайындалғаны да) бар. Олар сырттан әкелінгендерге қарағанда арзанырақ. Жалпы, ірімшік - қымбат өнім, беларуссиялық ірімшіктердің бағасы 3100 теңгеден басталса да олардың өз тұтынушылары бар. Қазақстандық ірімшіктер арзандау – бір келісі 2600-2800 теңгеден, дегенмен бұл өнімді сатып алушылардың көпшілігі үшін қолжетімді деп айта алмайсың.
Сүт өнімдері қойылған сөрелерге келгенде, тәжірибемнің қаншалықты қиындағанын түсіндім. Өйткені өңіріміз Ресеймен көршілес болғандықтан, сол жақтың тауары көп. Ал ыждағатты әйелге тауардың құрамы мен салмағын зерделеуге біраз уақыт жұмсауға тура келеді. Өйткені, қазір сүт 900, 950, тіпті 930 мл қаптамада сатылады. Бағасы құрамына да байланысты: тартымды бағадағы пакетте сүт емес, «сүт өнімі» болуы мүмкін. Айтпақшы, бір кездері бізде Атырауда өзіміздің сүт зауыты болды. Мен олар дайындайтын айранды ұнататынмын.
Табиғи сары майға келетін болсақ, ресейлік тауарлардың бағасы неғұрлым тартымды. Ресейдің танымал маркасының майы ең арзан қазақстандық маймен бірдей - 680 теңге, бірақ оның консистенциясы көпшілікке таныс. Есесіне біз бағасы бойынша анағұрлым тиімді өсімдік майын ұсына аламыз - 0,9 литр үшін 412 теңге, ал ресейлік май – 551 тг және 1 литрі 569 теңге.
Біздің шырындарға жақсы таңдау жасай аламыз, бағасын да сырттан әкелінген тауарлармен салыстыруға болады. Бірақ консервіленген көкөністерге қатысты нашарлау – баға жағынан олар шетелдік өнімдерге қарағанда тартымды, бірақ таңдау көп емес әрі барлық супермаркеттерде сатыла бермейді. Көпшілігі импорттық маринад пен тұздалған өнімдерді сатады.
Қазақстандық өндірушілерді шынымен қолдағым келеді, өнімнің көбі сапалы. Бірақ көп тауар бойынша таңдаудың шектеулі екені және бәсекелестермен салыстырғанда бағаның жоғары болғаны көңіл көншітпейді. Әрине, өндірушілеріміздің тамақ өнімдерімен ғана шектелмей, жеңіл өнеркәсіппен айналысып, киім-кешек, үй ішіне арналған бұйымдар шығара бастағанын қалаймыз.
Зульфия ИСКАЛИЕВА