26 желтоқсанда вице-премьер Қырымбек КӨШЕРБАЕВ бастаған үкімет делегациясы Құлсары қаласына ат басын тіреді. Олармен бірге Атырау облысының әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ, оның орынбасары Ғұмар ДҮЙСЕМБАЕВ және басқа да жергілікті шенеуніктер келді.
ЫСТЫҚ ФИН ҚҰМЫ
Олар Батыс Қазақстандағы тік және көлденең резервуарлар дайындайтын бірден бір кәсіпорын – «Қарашүңгіл» ЖШС-нің шағын зауытына аяқ басты. Содан соң жылына толық қуаттылықа қосылғаннан кейін 150 тонна ет пен 185 млн жұмыртқа өндіруді жоспарлап отырған «Атырау-Сауда» ЖШС құс фабрикасында болып қайтты. Айтпақшы, екі кәсіпорын да Жылыой ауданына танымал әулет ағайынды Балжігітовтерге тиесілі.
«Қарашүңгіл» ЖШС директоры Миржан БАЛЖІГІТОВ резервуарлар өндіретін зауыттың несиеге салына бастағанын, бірақ дағдарыс салдарынан оларды қайтаруға қатысты проблемалар туындағанын әңгімеледі. Сондықтан «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының екінші бағыты бойынша мемлекеттің қолдауы (субсидиялау) үлкен демеу болған:
– Қазір тендерлер бойынша бізде тек Маңғыстау мен Ақтөбе облыстарында екі ірі тапсырыс беруші бар. Қалғандары – бізбен тікелей жұмыс жасайтын ұсақ тапсырыс берушілер. Мұнай компанияларының тапсырыс төлемдерін аудару процесі ұзақ уақыт алатындықтан жұмысшылардың жалақылары 1-2 айға кешіктіріліп берілетінін жасырмаймыз. Қазір осы жерде 80 адам жұмыс істейді. Барлығы да жергілікті тұрғындар. Ал жазда жұмыс қызған шақта олардың саны 250-ге дейін барады. Бізде Жылыойда Теңіз кенішіндегі шетелдік компанияларда тәжірибе жинақтаған жергілікті кадрлар, көптеген мамандар бар. Бизнесті дамыту үшін жергілікті өндірушілерге тек тапсырыстар қажет.
Бастапқыда-ақ «ТШО» ЖШС-нің жергілікті өндірушілермен және жеткізушілермен жұмыс істегілері келмейтіндігі төңірегінде әңгіме қозғалғандықтан, Көшербаев кезінде Батыс Қазақстан облысында әкім боп тұрған кезде кәсіпкерлерде осыған ұқсас проблемалар болғандығын есіне алды:
– Мен сол кезде шетелдік компаниялардың құмды Финляндиядан әкелетінін білгенде қатты таң қалған едім. Олар маған, иә, сіздердегі Нарын құмы керемет, бірақ оның ISO стандарты жоқ деп мәлімдеген еді. Бақтықожа Салахиденұлы, келешекте осыны ескерерсіз.
– Иә, бұл маған жақсы таныс, – деді Б. Ізмұхамбетов. – Жергілікті компанияларға қойылатын талаптардың тізіміне олар (шетелдік фирмалар) үнемі орындалмайтын бірер шартты әдейі қосып қояды.
– Білемін: бізге сіздің шаш үлгіңіз ұнамайды деген секілді ғой, - деп әзілдеді вице-премьер.
«ҚАЛАЙСЫЗДАР МА?» – «ИӘ!»
Құлсары қаласында моноқаланы дамытудың кешенді жоспарын жүзеге асыру жөніндегі өткізілген жиналыста Теңізшевройлдың отандық өндірушілерді елемейтіндігі туралы әңгіме ТШО-ның топ-менеджерлерінің қатысуымен қайта жалғасын тапты.
ТШО бас директорының орынбасары Әнуарбек ЖАКИЕВ«Игілік» бағдарламасы аясында (жыл сайын 20 млн доллар) аудан орталығының сумен қамту жүйесін кешенді қайта жарақтау жобасына компанияның 62 млн доллар қаржысы жұмсағанын мәлімдеді:
– 2013 жылдан бастап «Игілікке» жылына 25 млн доллардан қаржы бөлінетін болады, серіктестермен осы соманы әрі қарай көбейту жөніндегі мәселе талқылануда.
Қалған әлеуметтік шараларды (Көшербаев тек солар туралы ғана айтуды өтінді) компания тек өзінің жаңа жобаларымен, атап айтқанда, Келешек кеңею жобасымен байланыстырып отыр. Естеріңізге салсақ, қазақстандық тараптың технологиялық сызбалар бойынша да, қазақстандық қамту тұрғысында да оларға қояр талаптары бар болатын.
– Егер жобаларды барлық мемлекеттік органдар мақұлдаса, онда Атырау облысында құрылыс кезеңінде 10 мыңнан астам жұмыс орны құрылатын болады. Әрі біз облыстық әкімдікпен құрылыс жұмыстарына тек Атырау облысының тұрғындарын ғана тарту туралы меморандум жасағымыз келіп отыр. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін тұрақты 500 жұмыс орны құрылмақ. Ірі модульдер шоғырландырылатын Маңғыстау облысының әкімдігімен де осы секілді меморандумға қол қойғымыз келіп отыр. Ол жерде 5 мың жұмыс орны құрылады. Әрине, біздің тарапымыздан білікті кадрларды дайындау жұмыстары жүргізіледі.
– Жобаның үшінші кезеңі бойынша үкімет сіздерді қолдаса дейсіз ғой. Сіздер осыны қалайсыздар ма?- деп сұрады Көшербаев.
Жакиев: Иә.
Көшербаев: Ендеше, естеріңізде болсын, ТШО‑ның осы кеніштегі әлеуметтік тұрғыдағы: салық базасын кеңейту, жаңа жұмыс орындарын құру, әлеуметтік мәселелерді шешу қызметі жөнінде үкімет принциппен мәселе қойып отыр. Атырау облысының халқы бірінші орынға қойылады. Ықпалды мемлекеттер арқылы келісім-шартты ұзартуға қол жеткіземіз деп ойламаңыздар, олай болмайды. Жобаларыңыздың тағдыры осы жерде өмір сүретін адамдардың қолында. Адамдар «мұнайдың ортасында өмір сүріп жатырмыз, енді оның пайдасын қашан көреміз» дейді.
Мұнай және газ министрлігі сіздердің қызметтеріңізді өндіріс тиімділігі бойынша бағалайды. Ал қызметтің жалпы бағасын үкімет береді де, бұл туралы президентке баяндайды.
АҚ ЖӘНЕ ҚАРА ТІЗІМДЕР
Б. Ізмұхамбетов ТШО басшылығымен таяудағы келіссөздердің ауыр болғанын айтты:
– Мен ТШО–ның жұмысын мұнай және газ министрлігінде, ҚМГ-де жұмыс істегендіктен жақсы білемін. Біздің проблемамыздың көпшілігі ТШО-мен жасалған келісім-шартта бастапқыда көптеген маңызды нәрселердің енбегендігімен байланысты болып отыр. Мәселен, Теңізде өндірілген мұнайдың бірде бір тоннасы біздің МӨЗ-ге жіберілмейді. Содан соң, әлеуметтік жобаларға шартта бірде бір доллар қарастырылмаған. Ал «Игілік» бағдарламасы бойынша қаржылар көлемі (ТШО-ның ерікті міндеттемесі) ТШО жылына 12 млн тонна өндіргенде де, 25 млн тонна өндіргенде де бір деңгейде қалып отыр. Екінші – «Игілік» бағдарламасының шарттары бойынша биылғы жылы игерілмеген қаржылар келесі жылға қалдырылмайды, босқа күйіп кетеді. Бар мәселе мынада, 1997 жылы осы қаржыларды игеруге қатысты жемқорлық жанжалдарынан кейін ТШО жобаларды жасауды, тендерлер өткізіп, құрылысты бақылауды өз қолдарына алатынын жария етті. Сөйтіп, биыл жобаларды дайындау мен оларды мемлекеттік сараптау желтоқсанға дейін созылып кетті. Яғни, тендерлерді өткізіп үлгермейді, 10 млн доллар күйіп кетеді, ал жобалар жүзеге асырылмай қалады. Таяуда Тим МИЛЛЕРМЕН (ТШО бас директоры) және Жакиевпен кездесу кезінде: егер қаржыны келесі жылға қалдыру мәселесін шешпесеңіздер, сіздерде проблема туындайтын болады деп айтқан едім. Менің екінші шартым – қаржыларды қайда жұмсау мәселесін бірге шеше отырып, жобаларды біз дайындайтын боламыз. Тендер нәтижесі бойынша біз кепілдік беретін жергілікті құрылыс компанияларын тартып, құрылысты өздері сала берсін.
Көшербаев әкім ұсынысымен келісіп, мердігер компаниялардың «ақ» (адал) және «қара» (сыбайлас жемқорлыққа қатысты айыбы ашылған) деген екі тізімін жасау қажеттігін мәлімдеді.
– Біз қара тізімді жасап жатырмыз! – деді әкім.
– Онсыз болмайды,–деп басын изеді вице-премьер.
Жергілікті компания өкілдері ТШО тендерлеріне қол жеткізудің мүмкін еместігіне шағымданды: жұмыс көлемі он шақты «өз» компанияларының араларында бөлінеді екен.
– Иә, бұл солай. Естеріңізде болсын, мұны Шеврон менеджерлері емес, ТШО-ның қазақстандық менеджерлері жасап отыр. Жергілікті қаржы полициясы басшылығының ауысқанын бәріңіз де білесіздер. Біз тексеру ұйымдастырамыз, ал сыбайластық жемқорлық бойынша әшкереленгендерді қара тізімге енгіземіз. Әнуарбек (Жакиевке қарап), өз басшылығыңа солай деп жеткізерсің, - деген Ізмұхамбетовтің сөзіне жергілікті бизнесмендер ду қол соқты.
АҚША КЕСТЕСІ
Құлсарыны моноқала ретінде дамыту жобасы бойынша: қала әкімі Шәкір КЕЙКИННІҢ айтуынша, оны 2013-2015 жылдары жүзеге асыру үшін 8,7 млрд теңгедей қаржы бөлінбек. Оның 7,4 млрды – республикалық бюджет қаржысы. Жылдар бойынша сома былай бөлінеді: 2013 жылы 2,3 млрд, 2014 жылы 2,5 млрд, 2015 жылы 3,8 млрд теңге.
Мәжілістен кейін үкімет делегациясы Атырауға ұшып кетті. Атырауда бірнеше нысандарға ат басын тіреп, балық саласы бойынша өткізілген кеңес пен қорытынды активке қатысты.
ҚАРАМА-ҚАЙШЫЛЫҚТАР
27 желтоқсанда Қ. Көшербаев Атыраудағы облыс активіне қатысты. Б. РЫСҚАЛИЕВ әкімшілік етіп тұрған кездегі осындай сапарларға қарағанда, бұл жолы бәрі басқаша болды Ол кезде қорытынды активте ду қол шапалақтаған қошеметпен жетістіктер тізбеленетін. Облыс әкімі Б. Ізмұхамбетов істің көңіл жабырқатар нақты көрінісін сипаттады. 2012 жылы 11 ай ішінде облыста 3 трлн 785 млрд теңгеге мұнай мен газ өндіру есебінен өнеркәсіптік өнімдер өндірілген. Өткен жылмен салыстырғанда, ТШО өндіретін мұнай көлемі азайған, соның ішінде тамыз айында 12 күнге күрделі жөндеуге тоқтатылғандығы да себеп болды.
2012 жылы шикізат емес секторда тек 4 инвестициялық жоба жүзеге асырылды: Солтүстік Каспий мұнай төгінділеріне қарсы экологиялық әрекет ету базасы («Теңіз Сервис» ЖШС), Құлсарыдағы құс фабрикасы («Атырау Сауда» ЖШС), макарон өндіруші цех («Спик-А» ЖШС) және шпагат пен полиэтилен қапшықтар шығаратын зауыттың жаңартылуы («КазХим» ЖШС).
Негізгі капитал инвестициялары 936 млрд теңге құрады – бұл 2011жылға қарағанда аз. Оның азаюы Солтүстік Каспий жобасы бойынша жұмыстың аяқталуына байланысты болып отыр. Осы себепті салықтар мен басқа міндетті төлемдерді жинау бойынша жылдық жоспар 91,4%-ға (324 млрд теңгеге) орындалған. Тарифтердің өсуіне байланысты облыста инфляция деңгейі орташа республикалық көрсеткіштен жоғары (6,1%-ғақарсы 5,3%). «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасы іс жүзінде жүзеге аспады: бағдарлама бойынша 2013 жылға жоспарланған 7,6 мың шаршы метр арендалық баспананың бірде-бір шаршы метрі тапсырылмайтын болды. Ал жоспарланған 12 мың шаршы метр ипотекалық баспананың тек 8 мыңы ғана салынған. Б. Ізмұхамбетовтің айтуынша, оған бүкіл құрылыс және жөндеу жұмыстарының барлық көлемінің екі компанияға бөлінгендігі себеп болып отыр. Ал бұл компаниялар оны толықтай қосалқы мердігерлерге берген. Бұған қатысты әкім жай ғана:
– Мұның шет-шегін таба алмайсың, - деді.
1-ден 6 жасқа дейінгі бүлдіршіндердің балабақшалармен қамтылуы 54 пайызды, 2-ден 6 жасқа дейін - 77 пайызды құрап отыр. Республика бойынша бұл өте төмен көрсеткіштер.
ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ
2012 жылы «Болашақ» зауытының құрылысынан босатылған 3,9 мың атыраулықтардың 2,3 мыңы жұмысқа орналастырылған. Қалғандарына әлеуметтік көмек көрсетіліп, оларды жұмысқа орналастыру жұмыстары жүргізілуде.
Ал Аджип ККО компаниясының ақпараты бойынша, 2013 жылдың 1 қаңтарында «Болашақ» зауытынан 1,7 мың адам, ал теңіз кешенінен 2013 жылдың 1 тоқсанының аяғына дейін 5,5 мың адам (олардың 52 пайызы жергілікті жұмысшылар) тағы босатылатын көрінеді. Бұдан басқа, басталар жылда 3 мыңнан астам жоғарғы және орта оқу орындарының түлектері, сонымен қатар осындай мөлшерде өз еркімен, еңбек келісім-шартының аяқталуына байланысты жұмыстан босатылғандар, әскерде болып қайтқандар және т.б. еңбек нарығына келеді екен.
Ізмұхамбетовтің айтуынша, жұмысқа барлығы 11,6 мың адам мұқтаж болады. Облыста жасалған 2013-2015 жылдардың жұмыспен қамту картасына сәйкес, оларды келесі нысандарға орналастыру жоспарланған: 4 000 адам – Батыс Ескенедегі теміржол тармағының құрылысына («Аджип ККО»); 1 225 – АМӨЗ-дегі хош иісті көмірсутек өндіру кешенінің құрылысына; 569 – Мақат стансасындағы вагондарды жөндейтін сервистік орталық құрылысына; 520 – индустриялық-инновациялық даму жобаларына. Бұдан басқа, «Жұмыспен қамту-2020» және «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламалары шеңберінде ұйымдастырылған әлеуметтік жұмыс орындарына 5,1 мың адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған.
ОСЫНДАЙ МҰРА ҚАЛДЫ
Атырау облысының жаңа басшылығына аяқталмаған 29 нысан «мұраға» қалды. Олар үшін алақол мердігерлерге 11,8 млрд теңге аударылған, оның 9 млрды – республикалық бюджет қаржысы.
– Қазір осы нысандар бойынша барлық материалдар сотқа жолданды, олардың үшеуі бойынша сот шешімі шығарылды, - дейді Б. Ізмұхамбетов. – Егер бұл нысандар аяқталмаса, онда біріншіден, оларды ұрлап бітіреді, екіншіден, олар жауын-шашынмен бүлінеді. Жасалынған бүкіл жұмыс зая кетеді. Сондықтан республикалық трансферттерге салынған нысандарды аяқтауға қосымша қажылар бөлуді сұраймыз. Жергілікті бюджетте мұндай қаржылар жоқ. Республикалық бюджеттен алу үлесі 4,7 млрд теңгеге өсіп, 44,2 млрд теңге құрап отыр.
Көшербаев әкімді қолдады:
– Облыстық әкімдік әр жоба бойынша техникалық аудит пен сараптама жүргізуі тиіс. Және әрбіреуі бойынша сот шешімі болуы керек. Біз өз тарапымыздан бұл мәселені қаржы министрлігімен қарастырамыз. Әрбір жоба жеке қаралатын болады.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА
Суретті түсірген автор