Атырау, 29 қараша 17:46
 ашықВ Атырау -4
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Құпия сақтау ойыны

4 620 просмотра

Соңғы 20 жылда еліміздің жер қойнауынан бірнеше жүздеген миллион тонна мұнай өндіріліп алынды. Осы игіліктің басым бөлігі экспортқа кетті. Қазақстанға өндірілген және сатылған мұнай табыстарының қандай бөлігі тиесілі, ал оны өндіретін және сататын компанияларға ше? Біздің еліміздің мұнайдан, металдан, ураннан түскен табыстары туралы толық көрсетілген баптарды көргендер бар ма? Қаржы министрлігінің ресми сайтынан ештеңе таба алмайсыз. Бұл соңғы жиырма жылдықтағы басты құпия болып отыр. Бұл құпияның таяу арада ашыла қоюы неғайбыл.

НОРВЕГИЯЛЫҚТАРДЫ ҚҰРМЕТТЕЙДІ

2000 жылы мұнай секторының кәсіпорындарынан тікелей салықтар (корпоративтік табыс салығы, үстеме пайда салығы, бонустар, пайдалы қазбалар өндіру салығы, экспортқа арналған ренталық салық, жасалған келісім-шарттардағы өнім бөлінісі бойынша ҚР үлесі және т.б.) түсетін ҚР Ұлттық қоры құрылды.

Дағдарыс пен мұнай бағасының құбылуына қарамастан, 2020 жылға қарай қазақстандық билік қор қаржысын 90 млрд АҚШ долларына дейін көбейтпекші болып отыр. Бірақ қазір Ұлттық қорда орасан зор қаржы – 66 млрд доллардай (10 трлн теңге) шоғырланған. Алайда Ұлттық қордағы қаржы түсімдері мен оның бөлінуі туралы басты ақпарат жабық.

Мәселен, Норвегияда елдің мұнай қоры туралы толық ақпарат әрбір норвегиялық азаматқа қолжетімді. Олар үшін салық төлемдерінен бастап, мұнай компанияларының топ-менеджерлері мен қожайындарының жалақысына дейінгі мәліметтердің бәрі ашық ұсынылған.

 

ӨСАБ ДЕГЕН НЕ?

2004 жылы Сорос-Қазақстан Қорының бастамасы бойынша біздің елімізде Қазақстанды ӨСАБ (Өндіруші салалардың ашықтығы бастамасы) қозғалысына қосу идеясы жүзеге асыра бастады. Сол кезде «Мұнай табыстары – қоғам бақылауына!» атты Қазақстанның ҮЕҰ-ры Коалициясы құрылды. Осы бастамаға АҚШ, Ұлыбритания және басқа елдердің елшіліктері, Дүниежүзілік банк өкілдігі қолдау білдірді. 2005 жылдың маусымында ел президенті Н.Ә. НАЗАРБАЕВ Қазақстанның ӨСАБ-ға қосылғандығы туралы жариялады.

Шындығына келгенде, бұл ӨСАБ бүкіл көзір қарсыласының қолында болатын ережесіз карта ойынына ұқсайды. Өйткені бұл проблема ел президентінің өте қарапайым ғана жалғыз шешімімен шешілетін нәрсе – үкімет сайтына мұнай (және басқа да шикізат өндіруші) компанияларының табыстары мен мемлекетке төлейтін төлемдері туралы толық есепті орналастырса жетіп жатыр. Бірақ... Адамдар ӨСАБ-ны жүзеге асыруға мәжбүр, өйткені егер онымен айналыспаса, онда ешқашан ешқандай ашықтық болмайды.

 

АЛҒАШҚЫ ЖЕҢІС - АТЫРАУДА

Сонымен, билік ӨСАБ-қа қосылуға келісім бергені туралы жариялады. Қазақстандық ҮЕҰ, «Мұнай табыстары – қоғам бақылауына!» Коалициясының мүшелері ӨСАБ-қа қажетті құжаттарды дайындау жөніндегі үкімет жұмысына белсенді түрде кірісіп кетті. Әрі қарай не болды? Бұл туралы «Ақ Жайыққа» ӨСАБ идеясын жүзеге асыруға белсенді қатысушылардың бірі, «Благо» ҚБ (Қарағанды қаласы) директоры, ашықтық және тұрақты даму Ұлттық сараптама кеңесі Хатшылығының жетекшісі Юрий КРИВОДАНОВ (суретте) әңгімелеп берді:

– ӨСАБ-ты жүзеге асыру форматын мақұлдау кезеңі Қазақстанда 2005 жылдың желтоқсанына дейін жалғасып, Меморандумға қол қоюмен аяқталды. Осы жарты жыл бойына әжептәуір күрес жүрді. Үкімет компаниялармен бірігіп біздікінен көп ерекшеленетін Меморандумның өз нұсқаларын жасады. Ал біз жасаған Меморандумда барлық тарап (билік, компаниялар және ҮЕҰ) шешім қабылдау процесіне тең дәрежеде қатысады, бұл шешімдер үш тараптың барлығының келісімі бойынша қабылданады және олар үшін міндетті боп табылады деп қарастырылған.

Айтпақшы:

«Мұнай және газ ақпараттық-талдау орталығы» АҚ мәліметтері бойынша, Қазақстанда 2011 жылы газ конденсатын қосқанда 80,06 млн тонна мұнай өндірілген. Анағұрлым көп көлем – өндірілген мұнайдың үштен бір бөлігінен астамы ТШО еншісінде.

Кедендік бақылау комитетінің мәліметтері бойынша, Қазақстан үстіміздегі жылдың қаңтар-қазан айында шикі мұнай және газ конденсатының экспортын 58,2 млн тоннаға дейін,48,2 млрд доллар сомаға (2011 жылдың осы мерзімімен салыстырғанда саны бойынша 0,8 пайызға, құны бойынша 6,5 пайызға көп) көбейтті.

Қазақстан мұнайын ірі сатып алушылар: Италия – 12,5 млрд доллар сомаға 15 млн тонна, Қытай –230 млн доллар сомаға 8,4 млн тонна, Нидерланды – 6,1 млрд долларға7,2 млн тонна, Франция – 4,9 млрд долларға 5,8 млн тонна, Румыния –2,5 млрд долларға 3,2 млн тонна және Швейцария – 1,8 млрд долларға 2,3 млн тонна.

Үкімет атынан сол кездегі энергетика және минералды ресурстар министрі Владимир ШКОЛЬНИК ҮЕҰ-мен келісімге келе алмай немесе келісімге келгісі келмей, Коалицияны ауыстыру үшін белсенді әрекет жасады. Меморандумның өздері жасаған нұсқасына қол қою үшін үкімет анағұрлым иі жұмсақ ҮЕҰ-дарды іріктеп, Атырауға чартерлік рейс ұйымдастырып, «Теңізшевройл» ЖШС кеңсесінде жалған конференция өткізді. Бірақ бұған біздің атыраулық әріптестеріміз (Махамбет ХАКИМОВ, Тоқжан ҚИЗАТОВА, Серік ҚУАНЫШ, Әсел НҰРҒАЗИЕВА, Мәлік ИСАБЕКОВ және т.б.) белсенді түрде қарсылық көрсетіп, оларды халықаралық бақылаушылар қолдады. Нәтижесінде Коалиция ұсынған Меморандум нұсқасына қол қойылды. Соған сәйкес ӨСАБ бойынша мүдделі тараптардың Ұлттық кеңесінің (МТҰК) құрамы жасақталды. Оның құрамына үкіметтен, парламенттен, компаниялар мен Коалициядан үш өкілден кірді.

 

АУЫР ЖҰМЫС – БАТПАҚПЕН ЖҮРУ

МТҰК шеңберінде 2006 жылдан бастап 2008 жылға дейін үлкен, көп еңбекті қажет ететін, бірақ қалың көпшілік үшін қызығы аз жұмыс жасалды: компания мен үкіметтің есеп беру формасы мақұлданып, жетілдірілді, оларды толтыру мен салыстыру әдістемесі жасақталды және т.б. 

Бұл жұмыстар Қазақстандағы ӨСАБ принциптерін жүзеге асыруға кедергі келтіретін бірқатар проблемаларды анықтады:

а) үкімет пен компания есептемеде бейнеленетін салықтар тізімін кеңейтуге және барлық өндіруші компаниялардың есебін толық қамтуға өте құлықсыз келісті. Нәтижесінде, 2005 жылдағы алғашқы есептеме тек мұнай-газ секторындағы 38 компанияны, ал 2006 жылғы екінші есептемеде мұнай-газ және тау-кен секторындағы 106 компанияны ғана қамтыды. Мұнда өндіруші салада қанша компанияның жұмыс жасайтынын ешкім нақты айта алмады. 450, 600, 700 деген түрлі цифрлар айтылды, алайда ресми мәліметтер ұсынылған жоқ.

Есептемеге енгізілетін, бюджетке түсетін салықтық және салықтық емес төлемдер тізіміне келер болсақ, бұл тізім кеңейе берді, бірақ ресми ақпараттың жоқтығынан - дайындалған есептемелердің осы төлемдердің қандай бөлігін қамтығанын анықтау мүмкін болмады;

ә) ҮЕҰ-дың белсенді бөлігінің есептеме шегін кеңейту және оған компанияның әлеуметтік жобаларға бөлетін шығындары мен мемлекеттік компаниялардың өз меншік иелеріне төлейтін дивидендтерін бейнелейтін көрсеткіштерді енгізу ұсыныстары үкімет пен компания тарапынан қолдау таппады. Ал біздің есептемеге компанияның адамға, қоғамға және табиғатқа тигізетін әсерін бейнелейтін көрсеткіштерді қосуға шақырған үндеуіміз тіпті Коалицияның анағұрлым кертартпа мүшелерінің тарапынан қарсылыққа ұшырады;

б) Дүниежүзілік банк тапсырысы бойынша жасалған коммуникация стратегиясы (Қазақстанда ӨСАБ-ты көпшілікке тарату жобасы осылай аталды) өте төмен сапада жасалған боп шықты. Сондықтан МТҰК аясында осы Стратегияны толықтай қайта жасап шыққан Жұмыс тобы құрылды. Алайда ұсынылған нұсқаны МТҰК қабылдамады. Нәтижесінде, ҮЕҰ пікірінше, ӨСАБ-ты жүзеге асыру процесі берік негізін жоғалтып алды, бұл содан кейін айқын болды.

 

БІЗ ҚАЙТА ОРАЛДЫҚ

ҮЕҰ-дың анағұрлым радикалды бөлігінің (оның ішінде мен де бармын) мұндай белсенділігі теріс реакция тудырып, нәтижесінде алдымен Коалицияның Үйлестіру кеңесінің құрамы ауыстырылып, Коалиция құрамынан атыраулық екі белсенді ҮЕҰ шығарылды. Содан соң Коалиция тау-кен өндірісі аймақтарының белсенді әрі принциптік ұстанымдағы барлық ҮЕҰ-дардан толық тазартылды. 2009 жылдың маусымында біз қазіргі уақытта Қазақстанның 8 облысындағы ҮЕҰ-ның 45 өкілін біріктіріп отырған «Азаматтық Құрылтай – Гражданское Собрание» Қауымдастығын құрдық. Оның стратегиялық мақсаты – Қазақстанның тұрақты дамуы мен ашықтығын қамтамасыз ететін Сараптама кеңесінің жүйесін (ЭСПУР жүйесі) құру. 2010 жылы біздің әдістемеміз «Арселор Миттал Теміртау» АҚ мониторингісін жүргізу кезінде қолданылды. Сол кезде ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігімен және Дүниежүзілік банкпен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі жобасының мониторингін ұйымдастыру туралы келіссөздер басталып, ол үкіметпен, компаниялармен және «Азаматтық Құрылтай – Гражданское Собрание» Қауымдастығымен арадағы өзара түсіністік пен әріптестік туралы үшжақты Меморандумға қол қоюмен аяқталды.

 

КӨКТЕМДЕ КӨП УӘДЕ БЕРІЛДІ

2011 жылдың наурызынан бастап мен Қауымдастық өкілі ретінде ӨСАБ хатшылығымен белсенді түрде өзара әрекет жасай бастадым.

Оның қызметі ҚР индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне жүктелген болатын. Өзара әрекет табысты болды деп есептеймін. 2011 жылдың сәуірінде бізге ӨСАБ бойынша есептеме ұйымдастырудың жаңа тәсілдерін жасақтау үшін қажетті барлық мәліметтер ұсынылды. Осыған дейін мұндай мәліметтер мүлдем жабық болғанын ерекше айтып өткім келеді. 

Біз әр компанияның төлемдері туралы мәліметтерді жеке бейнелеу қажеттігіне үкімет пен компания өкілдерінің көздерін жеткіздік. Тағы бір жетістік – мемлекет меншігіндегі компаниялар төлейтін дивидендтер туралы мәліметтерді есептемеге енгізу жөнінде келісімге келу болды. Компаниялардың әлеуметтік жобаларға бөлген шығындары туралы мәліметтерді ашуда қол жеткізген жетістіктерімізді айрықша атағым келеді.

Осы жаңалықтарға сәйкес, мен есеп беру формаларын, оларды толтыру жөніндегі нұсқаунамалар мен 2011 жылдың мамырында индустрия мен жаңа технологиялар тете-министрі А. РАУДЫҢ төрағалығымен өткізілген МТҰК отырысында қабылданған компаниялар мен үкімет ұсынған мәліметтерді салыстыру нұсқаунамаларын қайтадан біршама өңдеп шығардым. 

Айтылған нәрселердің барлығы Қазақстанның ӨСАБ бойынша есеп беруде нақты прогреске қол жеткізген ТМД елдерінің ішіндегі ең алғашқы ел болуына әкелер еді, алайда бұдан кейін осы процесс толықтай тоқтатылды.

 

ӨСАБ ТЕРЕҢ ҰЙҚЫҒА КЕТТІ

2011 жылдың маусымында ӨСАБ басшылығы индустрия және жаңа технологиялар жөніндегі басқа тете-министрдің құзырына берілді. Республикалық  геологиялық ақпарат орталығының жетекші қызметкерлері жұмыстан босатылды немесе қатты қысымшылықта болды, Ұлттық есептеме дайындау жөніндегі бүкіл жұмыс тоқтатылды, ал МТҰК тектен-тек өз жұмысын тоқтатты. Осынау терең ұйқыдағы күй бір жылға жуық уақытқа созылды.

Осындай көріністі көрген біз премьер-министрге жүгініп, оған ӨСАБ жобасын жүзеге асыруға жетекшілік етуді тікелей үкіметке жүктеу қажеттігіне көз жеткізуге тырыстық. Содан кейін премьер-министр процеске басшылық етуді өзорынбасары Қ. КЕЛІМБЕТОВКЕ жүктеді. Бұл ӨСАБ-қа жақсы түрткі болып, бірқатар шешімдер қабылданды. Атап айтқанда, 6-шы және 7-ші Ұлттық есептемелерді дайындау процесі іске қосылды.

Осы жерде де мүлдем адам сенгісіз оқиғалар орын ала бастады. Мен МТҰК жанындағы үш Жұмыс тобының құрамына кіргеніме қарамастан, «Азаматтық Құрылтай – Гражданское Собрание» Қауымдастығының ұсыныстарын қарауды тоқтатты, менің электронды мекен-жайымды таратутізімінен алып тастады. Содан соң мамырдың аяғында, мен жоқ кезде МТҰК отырысы өткізіліп, онда Қауымдастық өкілдері МТҰК құрамынан шығарылып тасталды.

Бізді шығарғаннан кейін Ұлттық есептемелерді дайындауға Техникалық тапсырма қабылданып, онда біз өңдеген нұсқаның «түгі де қалмай», МТҰК қызметі қайтадан жабық қалды.

 

2012 ЖЫЛДЫҢ ҰЛТТЫҚ ЕСЕБІН КҮТЕМІЗ

– Желтоқсанда бүкіл мұнай өндіруші компаниялар салықтар бойынша жеке-жеке есеп беретін болады деп уәде беріп отырған сияқты. Бұл ақпарат қаншалықты дұрыс?

– Біз жасақтаған Техникалық тапсырмаға сәйкес, солай болуы тиіс. Ұлттық есептемеде әр компанияның төлемдер/түсімдер сомасы салықтар түріндегі бөлініссіз бейнеленеді, ал есептеменің электронды түрдегі қосымшасында - әр салық бойынша және төлемдер бойынша мәліметтер жеке бейнеленеді деп жорамалданған еді. Алайда белгіленген мерзімдер бұзылды. Оның үстіне, Ұлттық есептемелер толықтай жарияланбайды және бізге тек олардың көпшілікке мәлім әрі едәуір қысқартылған нұсқасы ұсынылады деген үлкен қаупім бар.

Компаниялар ӨСАБ енгізу процесін тежеп отыр деп айтуға болмайды. Тек бір «Статойл» компаниясынан басқасы бұған жағдай жасап отырған жоқ деп есептеуге болады.

– ӨСАБ принциптері кімге тиімсіз?

– Мұның кімге тиімсіз екендігін айтқым келмейді. Одан да толықтай жүзеге асырылған Ашықтық бастамасы кімге тиімді екенін айтайын. Ең алдымен – бүкіл Қазақстан азаматтарына тиімді. Өйткені бізде мемлекеттің өндіруші салалардан алатын табыстарына және олардың қалай жұмсалатындығына бақылау жасау үшін тиімді құралдар, сонымен қатар біздің мемлекет істерін басқаруға конституциялық құқығымызды қамтамасыз ететін механизмдер пайда болады. Мемлекет пен компанияларға да тиімді, өйткені бұл жағдайда сыбайлас жемқорлық, әлеуметтік және экономикалық тәуекелдер азайып, олардың қызметтерінің тұрақтылығы артады, демек, олардың активтерінің де құны өседі. Қазақстанның шетелдік саяси, қаржылық және іскер серіктестеріне де тікелей тиімді, өйткені ашық елмен жұмыс жасау олардың қызметтерінің барлық көрсеткіштеріне жақсы әсер етеді.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

Саша ДЕНИСОВТЫҢ коллажы

27 желтоқсан 2012, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.