7 қазанда Мәскеуде «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Алик АЙДАРБАЕВ пен «ЛУКОЙЛ» ЖАҚ Президенті Вагит АЛЕКПЕРОВ «Әл-Фараби» жобасы бойынша келісімге қол қойды.
Бұған дейін Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасына өзгерістер енгізіліп, соған сәйкес «I-P-2» учаскесінің атауы «Әл-Фараби» жер қойнауы учаскесі болып өзгерді. Енді көмірсутегі шикізатын барлау және өндіру бойынша келісімшартқа қол қойылады деп күтілуде.
ҚМГ баспасөз қызметінің хабарлауынша, қол қойылған құжатта болашақ жер қойнауын пайдаланушының қызметіне қатысты ҚМГ және ЛУКОЙЛ компаниясының құқықтары мен міндеттері айқындалған. Келісім ҚМГ жер қойнауын пайдалануға келісімшарт жасасу арқылы жер қойнауын пайдалану құқығын иеленген соң және ҚМГ-ға 50,01%, ал ЛУКОЙЛ-ға 49,99% үлесі тиесілі бірлескен кәсіпорынды құру бойынша ҚМГ мен ЛУКОЙЛ арасында жоспарланып отырған мәміле аяқталғаннан кейін өз күшіне енеді.
Қазір ҚМГ Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігіне «Әл-Фараби» учаскесінде жер қойнауын пайдалану құқығын алу бойынша тікелей келіссөздер жүргізуге өтінім беруді жоспарлап отыр.
Әл-Фараби учаскесі Каспий теңізінің қазақстандық секторында орналасқан, учаске ішіндегі судың тереңдігі 150-500 м, жағалауға дейінгі қашықтық 100-130 км. Ең жақын порт - Ақтау 130 км қашықтықта. Алаңның ауданы 6 мың км2-ден асады. ЛУКОЙЛ компаниясының алдын-ала бағалауы бойынша, учаскеден өндірілетін болжамды ресурстар - 15,1 млн тонна.
Бұл тандем «Жеңіс» Солтүстік Каспий блогын барлаумен айналысады. 2019 жылдың сәуірінде барлау және өндіру жөніндегі келісімшартқа қол қойылды. Блок маңындағы теңіз тереңдігі - 42-150 метр. Үлес тең бөлінген - әрқайсысына 50%-дан. Келісімшартқа сәйкес, барлау мерзімі 9 жыл, ал өндіру кезеңі 25 жыл. Болжамды өндірілетін ресурстар - 65,1 млн тонна.
Сарапшылар «Лукойл» 2018 жылдан бастап қайраңдағы жұмыстар бойынша Қазақстанның салық заңнамасының жеңілдеуіне байланысты теңіз учаскелеріне қызығушылық танытып отыр, бұл «оның күрделі кен орындары бойынша табысты болуына мүмкіндік береді» деп атап өтті. Енді тарихи шығындарды, пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық пен артық пайда салығын өтеу үшін төлемнің орнына мұнай бағасының құбылмалылығын ескеретін икемді мөлшерлемесі бар баламалы салық әрекет етеді. Барреліне 50 доллардан төмен баға болса, салық нөлге тең болады, әрі қарай ол бір баррелі 90 доллар және одан жоғары бағамен әрі кеткенде 30%-ға дейін бағамен бірге өседі.
Дайындаған Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА