Қашаған кенішін игеретін NCOC компаниясы «Қашаған кен орны нысандарын жайластыру. Теңіз кешені. Теңіз кемелері қатынайтын арналар» жобасы бойынша онлайн режимінде қоғамдық тыңдау өткізді. Соған сәйкес теңіз түбін тереңдету арқылы жалпы ұзындығы 56 километр болатын екі канал қазылады.
Соңғы бірнеше жылда Каспий теңізінің солтүстік-шығыс бөлігінде судың орташа жылдық деңгейінің төмендеуі байқалады. 2005 жылдан бастап бұл бөлікте теңіз деңгейі 1 метрден көп төмендеді. Осыған байланысты, NCOC мамандарының пікірінше, аралдарға кірме арна төсеу қажеттігі туындаған. Теңіз операцияларын қолдау жасанды аралдарға персоналды, отынды, жабдықты, химиялық реагенттерді, тамақ өнімдерін және өндіріс пен тіршілік әрекетін қолдау үшін қажетті басқа да материалдарды жеткізетін кемелер арқылы жүзеге асырылатыны белгілі.
- Мұзжарғыш кемелердің қауіпсіз навигациясын және апатты эвакуацияны қамтамасыз ету үшін NCOC Қашаған аралдарының айналасына тереңдету жұмыстарын жүргізу қажеттігін анықтады, - дейді NCOC-тің мұзды және гидрометеорологиялық ахуал бөлімінің бастығы Борис КИМ.
Жоба үйлестірушісі Оксана ГОЛУНОВАНЫҢ айтуынша, бастапқыда теңіз кешеніне қызмет көрсетудің бірнеше нұсқасы қарастырылған - әуе жастығындағы кемелер мен баржалар/көмекші инфрақұрылым; өте аз мөлшердегі мұзды жаратын мұзжарғыштар мен апаттан құтқару кемелері; өндірістік аралдарға дейін баратын құрлықтағы көлік жолдары және теңіз кеме қатынасы каналдары (ТКҚК).
- Бұл нұсқалар оңтайлы ұзақ мерзімді шешімді анықтау үшін жеке және құрамдаса қарастырылды. Нәтижесінде ТКҚК жобасы таңдалды, ол пайдалану бойынша ағымдық операциялар мен 2022 жылы жоспарланған-алдын алу жұмыстарын жүргізуді қамтамасыз етеді, - деді Голунова.
ТКҚК жобасы 2 құрылыс кезеңіне бөлінеді - D аралына дейін Батыс жақындату каналы және D аралын аралдармен пилотсыз байланыстыратын ішкі кәсіпшілік канал. Каналдың ені 80 метрден 115 метрге дейін болады. Жобаға диаметрі 325-тен 380 метрге дейін болатын 10 бассейн жасау да кіреді. Теңіз түбінен барлығы 18,5 миллион текше метрден астам топырақ шығарылады.
Тереңдету жұмыстары 2021 жылдың басынан бастап 2022 жылдың соңына дейін жоспарланған (құрылыс жұмыстары - екі жыл ішінде 1 сәуірден 15 қарашаға дейін). Консорциум өкілдері сендіргендей, теңіз түбіне аз әсер ететін, сондай-ақ үйінді алынған жерлердің ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ету мүмкіндігі бар ең заманауи жабдықтар пайдаланылады...
СҰРАҚТАР МЕН ЖАУАПТАР
Тыңдауға қатысқан жергілікті қоғамдық белсенділер сұрақ қойды, олардың кейбірін назарларыңызға ұсынамыз.
- Ғалымдар канал салу кезінде техникадан шығатын діріл мен шу бекіре тұқымдас балықтарды қоса алғанда, кәсіпшілікпен ауланатын балықтардың қалыптасып қалған қоректену орындарының жоғалуына әкеледі деп алаңдайды. Құрылыс жұмыстары кезінде және одан кейін ихтиофаунаның жағдайына қатаң бақылау жүргізуді ұсынамыз.
- Біз тереңдету жұмыстары кезінде шудың, дірілдің болатынын жоққа шығармаймыз. Бірақ бұл уақытша, тек каналдарды салу кезеңінде болады, - деді NCOC өкілі. Оның айтуынша, компания құрылыс жұмыстары кезінде жануарлар әлемін бақылау процедурасын әзірлеген, атап айтқанда кемелерде тәуелсіз бақылаушылар болады.
Компания өкілдері жобаның құны туралы сұраққа жауап бермей, мұның әзірге алдын ала жасалған смета екенін, оның үстіне коммерциялық құпия екендігін айтты.
- Жобаны жүзеге асыру барысында қанша жұмыс орнын құру жоспарланған, жергілікті және шетелдік кадрдың ара салмағы қандай болады?
Бұл сұраққа NCOC компаниясының сыртқы байланыс жөніндегі менеджері Жағпар ЕГІЗБАЕВ жауап берді. Оның айтуынша, бүгінде компаниядағы басшылар арасында 82%, инженерлік құрам арасында 95% және жұмысшылар арасында 100% қазақстандық бар екен.
- Қазіргі жобада да олардың ара салмағы шамамен осындай болады, - деді Егізбаев.
Сұрақтар көп болды, тыңдау уақыты шектеулі болғандықтан оған компания өкілдері кейін жауап беруге уәде берді.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА