Атырау, 26 сәуір 19:31
 ашықВ Атырау +18
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Әбділда Мұқашев тірі болса, 60 жасқа толар еді

4 748 просмотра
Әбділда Рахметжанұлын біз, ақжайықтықтар, осылай жиі көретінбіз және осы қалпында есімізде қалды.

30 қыркүйекте «Ақ Жайықтың» негізін қалаушы Әбділда Мұқашев 60 жасқа толар еді. Оның осы мерейтойға жете алмағаны, өзінің және өзгелердің қуанышын бөлісу үшін тағы бірнеше жыл өмір сүрмегені қандай өкінішті. Оның жарқын бейнесі оны білетін, жақсы көретін, құрметтейтін жандардың мәңгі есінде.

«Ақ Жайыққа» жол ашқан жұлдыз жорамал

«Ақ Жайық» сонау 90-жылдардың бірінші жартысында ескі технология бойынша облыстық баспаханадан басылып шығатын. Таралымы аз еді, КамАЗ жалдап, Ресейден газеттің қағаз орамын өзіміз әкелетінбіз.

Өзіміз деп отырғаным – газеттің негізін салушы, сол кездегі өрімдей жас директор Әбділда Мұқашев пен жүргізуші Женя еді. Жолда түрлі оқиғаларға тап болатынбыз, 90-жылдар шынымен де қиын кезең еді. Бірде олар Нижегородск облысындағы Балахна қаласынан таудай орамдарды тиеп әкеле жатады. Олар көлікті кезекпен жүргізіп, тар кабинада ұйықтап алады екен. Тамбов облысынан өтіп, жол полициясының стационарлық пунктіне сәл аялдайды. Бәлкім, ең болмаса көлікте жайбарақат ұйықтап алу үшін жолдағы ең қауіпсіз келесі пунктке дейін жол ұзақ па деп сұрау үшін шығар. Сөйтсе, шамамен екі сағаттық жерде екен.

Бір сағаттай уақыт өткен соң оларды «Жигули» басып озып, жолға кесе көлденең тұра қалады. Жергілікті төрт жігіт қазақстандық нөмірге, көліктен түскен ұзын бойлы күлімсіреген қазаққа зер сала қарайды. Трассамен өткені үшін жүру ақысын төлеу керектігін қонымды етіп түсіндіріп, қомақты сома сұрайды. Әбділда қағаз сатып алудан үнемделген (жеткізушімен тікелей жұмыс істеу және қолма-қол ақшамен төлеу кейде орамдардың келесі партиясына ақшаны үнемдеуге мүмкіндік беретін) бірнеше жүз долларды кабинаға тығып үлгерген еді. Сөйтіп жергілікті «бригадаға» аз-мұз ақша беріп құтылуды ұйғарады. «Жігіттер, бары осы» деп, жолда ішер тамағына жұмсайтын аз ғана рубльдер салынған әмиянын көрсетеді. Жігіттер кімсіңдер, немен айналысасыңдар деп сұрайды. Гурьевте жеке газет басып шығарамыз дейді. Бутерброд оралған газеттің ескі нөмірін көрсетеді. Жігіттердің арасында көзі ашық жігіт бар екен. А2 форматындағы ақ-қара түсті, төрт беттік «Ақ Жайық» басылымын мұқият қарап шығып, тіпті, шығу деректері мен таралымын, сыбайлас жемқорлық, браконьерлік, ыстық сусыз қала және т.б. тақырыптарды оқып шығады.

«Леха, мында, тіпті, жұлдыз жорамал да жоқ екен» - деді «сарапшы» бригадирге қарап. «Міндетті түрде жұлдыз жорамалды да қосамыз», - деп абайлап әзілдейді Әбділда, сол маңға жақын аудан орталығының жігіттері ақшаның иісі жоқ екенін ендігі түсінген шығар деген оймен. Бригадир қабағын түйіп, мыжылған рубльдерді санап шығып, қолын сілтейді де, қазақстандық жүк көлігін өткізіп жібереді…

Кейін Әбділданың өзі айтқандай, бұл күлкілі оқиға жолда оның көңіл-күйін көтеріпті. Бұл редакция кассасындағы үнемделген 500 долларға қатысты емес. Оның ішкі түйсігі оған алдағы жылдары жұмысының жақсы үйлесіп кететінін сездірген еді. Тек сол ұзақ жолда кездесетін қиындықтарға шыдау керек.

Сабыр ҚАЙЫРХАНОВ

***

Есімде

60 жас мерейтойын атап өте алмаймыз, еске аламыз.

Әбділда ешқашан туған күнін тойлаған емес, мерейтойын да. Оны қажетсіз, артық нәрсе деп санайтын. Мұндайда ол: «Не, мен 100 жасқа толдым ба, әлде сондай ұлы адаммын ба?» деп қалжыңдайтын. Мүмкін достарымен атап өтетін шығар, біз тек телефон арқылы құттықтаумен шектелетінбіз. Оның өзі бәрімізді ұмытпай, құттықтап отыратын.

Тек бір рет, өмірінің соңғы жылы 58 жасқа толғанда, өзі: «менің туған күніме кездесіп, отырайықшы» деп ұсыныс айтты (ауыр дертке шалдыққанын екі күн бұрын білген еді). Сол күні қалада тек ағасы мен екі әпкесі, отбасы ғана болды.

Құттықтадық, бойындағы дерті туралы тіс жармадық, бірақ бәріміздің көкейімізде «бұл қалай болды, інім-ау?» деген бір ғана ой тұрды.

Әбділда өз газетін ашуға жұмыстанғанда, мұны уақытша, тіпті, ақылға қонбайтын нәрсе деп қабылдадық. Әкем уайымдап, онымен сөйлесші деген өтінішіне мен: «Оның мінезі сондай ғой, бұдан ештеңе шықпайтынына көзі жеткенде ғана бас тартады. Байқап көрсін. Қазір жастардың заманы ғой» дедім.

Содан соң газет шығару ісі жолға қойылып, бір ізге түскеннен кейін «30 жастағы жігітке өз газетін шығару деген ой қайдан келген?» деп жиі ойлайтын едім.

Әбділда бұл істі таныстарының қалжыңымен, жалғыз өзі бастады. Шынымен де, бастапқыда газеттің өзі де «Компаньон» деген түсініксіз атауы бар бір парақ болатын.

Әлі есімде, бірде әке-шешемнің үйінің есігін біреулер қағып, «Компаньонды» сатып алуды ұсынды. Сатып алып, «тіпті, үйге де жеткізіп береді екен» деп күліп алдық. Содан бері бүкіл отбасымыз сатып алып жүрдік, содан соң газетіне жазылдық. Ол ешқашан газет әкелмейтін, «сатып алыңдар» дейтін еді.

Оның өзіне сенімі, табандылығы, ішкі батылдығы, бүкіл қадамын алдын-ала ойластыра білуі көздеген мақсатына жетуіне көмектесті деп ойлаймын.

90-жылдардың ортасында газет грант жеңіп алып, өз баспаханасын ашуды ұйғарды, бірақ ақша бәрібір жетпеді. Жанындағы жігіттер пәтерін кепілге салып, несие алды. Тәуекел етті... Әбділда осындай еді.

Сол жылдары газеттің қандай қиындық пен кедергілерге тап болғанын Әбділданың әңгімелерінен көбінесе кездейсоқ естіп қалатынмын. Кейде «ақылға» келтіруге тырысатынмын, сонда ол: «Біз адал жұмыс істейміз, шындықты айтамыз, егер мұны жасамасақ, онда бұл газеттің не қажеті бар?» дейтін.

Әбділда Алматыға келгенде, міндетті түрде біздің үйге соқпай кетпейді. Онымен сағаттап отырып әңгімелесеміз. Әрине, негізінен жұмысы туралы. Ол «Ақ Жайықтың» жоғары рейтингте тұрғанын мақтанышпен жеткізіп, алдағы жоспарымен бөлісетін. Әрине, отбасылық мәселелерді де қозғаймыз. Әбділда үнемі бәрінен хабардар болып, кеңес беріп, көмектескісі кеп тұратын. Бәрі де өз қолдары өз ауыздарына жеткен ересек адамдар ғой деп, кейде бұған ашуланып аламыз. Бірақ біздің проблемаларымызды өзі ғана шеше алатындай, өзінің ғана қолынан келетіндей көретін. Ұзақ жылдар бойы үлкен ұжымды басқарғандықтан да осындай жанашыр болған шығар.

Әбділда да, басқаларымыз сияқты, мінезді еді. Ол кейде қатал, кей кездері айтқанынан қайтпайтын, бірақ әділ әрі принципшіл, сөзіне берік, антына адал болатын. Ең бастысы, болмысынан мейірімді еді, қайтымы тез, көп нәрсені кешіре алатын. Бірақ сатқындықты, алдағанды ешқашан кешірмейтін. Уайымдап, неге олай болғанын түсіне алмай, қатты қапаланатын.

Әбділда өз қателігін мойындай білетін, егер өзінікі бұрыс болса, кешірім сұрай алатын. Кейде біз онымен ұзақ дауласып, әрқайсымыз өзіміздікі дұрыс деп дәлелдеп әлек боламыз. Бірде ол өзінің қателескенін мойындап: «Сенікі дұрыс екен, мұның бәрін қайдан білесің?» деді. Мен оған: «Мен сенен 11 жас үлкенмін ғой, демек, 11 жасқа ақылдырақпын!» дедім. Кейінірек, осындай жайттар болғанда, ол: «Иә, сен 11 жасқа ақылдысың ғой» деп күлетін...

Әбділда екеуміз өте жақын болдық, көп жеріміз ұқсас, бір-бірімізді жақсы түсінетінбіз. Бәлкім, жас кезімізде 4 жылдай бірге тұрғасын шығар. Ол өзінің журналистік мансабын менің көз алдымда бастады: университеттің журналистика факультетіне оқуға түсті, өлең шығарып, әңгімелер жазды, кеш сайын маған оқып беретін, сол кезде «Ленинская сменаға» алғашқы еңбегі жарияланғанда да менің жанымда болған еді...

Бүгін Әбділда арамызда жоқ, енді бауырымды ешқашан көрмеймін, сөйлеспеймін деген ойды қабылдай алар емеспін. «Уақыт емші» деген бос сөз секілді...

Гүлжан Мұқашева, әпкесі

***

Болмысы бөлек бауырым еді

Ардақты да асыл інім Әбділда туралы өткен шақта айту оңай емес. Біз үшін ол әрқашан қамқор, сыйлы, тірегіміз, қолдайтын сүйенішіміз еді. Әсіресе менің отбасыма, балаларыма деген қамқорлығы бөлек болатын. Балаларым да, өзім де онымен үнемі ақылдасып отыратын едік. Балаларымның осы өмірде жеткен жетістіктері, қай істі де өздері шеше білуі - Әбділданың еңбегі. Олар үшін жұмысына жауапкершілікпен қарап, айналасындағы адамдардың ықыласына бөленген, қойған мақсатына табандылықпен жету керектігін дәлелдеген жарқын жан, лайықты үлгі-өнеге болды. Олармен әңгімелесіп, бағыт-бағдар беріп, қолдау көрсете білетін. Сол үшін ініме ризашылығым шексіз. Оның кемелденген шақта бақи өмірге аттанғаны бәріміз үшін орны толмас қаза болды.

Туғанына 60 жыл толу қарсаңында Әбділдамыздың өмірдегі жарқын сәттерін ауыр болса да, ерекше сүйіспеншілікпен, жылылықпен еске аламыз. Әбділда сүйікті де асыл бауырымыз ретінде жадымызда мәңгі сақталады.

Райса Мұқашева, әпкесі

***

Бәрімізді қанатының астына алған асыл азамат

Өмір, өмір... Өмір ұзақтығымен өлшенбейді, мазмұнымен өлшенеді демекші, қысқа ғұмырында мазмұнды, мәнді өмір кешіп өткен біз үшін ұлы адам - нағашымыз Әбділда аға тірі болса 30 қыркүйекте 60 жасқа толар еді. Әттең келте ғұмыр-ай! Әбекең жайлы, ол кісінің халыққа жасаған жақсылығы, өзінің қарамағындағы қызметкерлеріне көрсеткен көмегі, берген ақыл-кеңестері жайлы бірнеше кітап жазуға болады деп ойлаймыз. Тағдырдың жазуымен, әрине ағамыздың көмегімен біз де Әбекеңнің өзі құрған "Ақ Жайық" мекемесінде 20 жылдай еңбек еттік. Қаншама адамды, ағайын-туысты бауырына тартып, қанатының астына алды. Қанша адамға баспаналы болуға, жоғары білім алуға көмектесті. Ақыл-кеңесін беріп, бар білгенін үйретті, науқас жандарды ақысын төлеп емдетті. Қаншама адам Әбекеңнің мектебінен өтіп, ағайдың арқасында үлкен жетістіктерге жеттік. Өрімдей жап-жас боп келіп, "Ақ Жайық" атты өмір мектебінен білім нәрімен сусындап, үлкен өмірге жол тарттық. Бәрі көз алдымызда өтті. Ағай, жарықтық, өте кішіпейіл, салмақты, данышпан, жанашыр, ішкі дүниесі келбетіне сай өте көркем еді. Алға қойған арман-мақсаттары көп болатын, әттең, өмірі қысқа болды. Шындықты шырқырап жазып, халқының қамын ойлап жүріп, аққан жұлдыздай жарқырап өмірден өтті. Ағайдың ауыр науқасқа шалдыққанын естігенде есеңгіреп қалып едік, әлі күнге дейін бұл қалай болды дейміз. Жаныңыз жаннатта болсын, Әбділда аға! Халыққа жасаған бар жақсылығыңыз ұрпағыңыздың алдынан, бауырларыңыздың алдынан шықсын, жан аға! "Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған" демекші, сіз біз үшін өлген жоқсыз, Әбеке! Ел есіндегі есіміңіз аспандағы жұлдыздың бірі боп жарқырай берсін! Сізге деген алғысымыз шексіз. Сіз мәңгі есіміздесіз!

Жиен қарындасы Гүлсім

***

Ұмыта алмаймыз

... Облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінің редакциясы. 90-шы жылдар... Бүкіл ұжымға кір жуатын ұнтақтың бір орамын берді. Кімге түседі деп, жеребе тастадық. Сонда Әбділда тұрып: «Бұл ұнтақты Лена Есенғаринаға берген дұрыс деп есептеймін, себебі оның анасы ауыр халде жатқан науқас. Бізге қарағанда соған керек» деді. Оның бұл сөздері жеребенің нақты шешімі болды. Нарықтық қарым-қатынастың қатаң талабына бейімделу керек деген өзі бір түсініксіз кезеңде де, ол өзінің бойындағы ең бір жақсы қасиетін жоғалтпай, қиналған адамға сүйеу болды. Оның елгезек жүрегі бір тыным таппайтын. Пейілі кең, ақжарқын еді. Бірде жаңа жыл қарсаңында 30 әлде 31 желтоқсан күні мен бір үлкен шырша алып келе жатқанмын. Әбділда ұлымен маған қарсы шықты, балабақшадан үйге асығып келе жатқаны байқалады. Маған қарады да: «Регина, сен не Кремльде тұрасың ба, мына шыршаны қайда қоясың? Жүр, орнатып берейін!» деді. Үйге келіп, шыршаның жан-жағын жонып жіберіп, табанына орнатып берді де: «міне, енді бәрі үйлесті!» деді. Мен оның ұлының сөмкесіне ойыншықтар салып жібердім... Сол жаңа жыл есімде сақталып қалды. Мен оны өмір бақи білген адамдаймын. Журналистік жолда сапарлас болдық. Оның мейірімділігі мен адамдарға деген риясыз көңілі туралы көп мысал келтіруге болады. Ол менің есімде сондай ақжарқын, әркез көңілді, өзіне тән әзілқойлықпен есімде қалды. Ол қазір де біздің жанымызда.

Регина Валишева, журналист, Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі

30 қыркүйек 2020, 10:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.