Атырау, 24 қараша 03:35
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Мұнда біреулері түнеу үшін, ал біреулері өмірін өзгерту үшін келеді»

Сурет
5 387 просмотра

Күн суытқан сайын «Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендіру» орталығы панасыз қалғандарға тола бастады. Ал, қыс айларында мұнда жататын орын табылмай, дәлізге түнеп шығатын кездер болады. «АЖ» тілшісі аталған орталықтың тынысымен танысты.

- Бізге келетін  түрлі тағдырларды екі топқа бөліп қарауға болады, - дейді орталық директоры Мереке ЖАҢБЫРБАЕВ. - Біріншісі -қоқыстан тамақтанып, көшеде қайыр сұрап тапқанына арақ ішетін үйсіз-күйсіз адамдар. Олар мұнда кешкісін түнеп кетуге келеді. Қанша жерден қамап ұстасаң да даланы аңсап тұрады. Екінші тобы - адам болсам, қоғам қатарына қосылсам деп талпынатындар. Бұл топтағылардың көбісі бұрын ішімдікке салынып, қателікке ұрынғандар, сотталғандар, отбасынан ажырасып өзін жоғалтып алғандар. Туыстары қабылдамаған соң барар жері жоқ, осында келеді. Енді бәрі өздеріне байланысты. Біз де қолдан келгенше көмектесеміз.

50 адамдық орталықта қазір жатқан 20 тұрғын және түнеуге келетін 9 адам бар. Тұрғындардың 80 пайызы бұрын сотталғандар.

Бұл жерде бір жылға дейін тұра алады. Осы уақыт ішінде орталық қызметкерлері олардың туыстарын іздестіріп, құжаттарын жасап, тұрақты жұмысқа орналастырып, пәтер жалдап күн көруіне көмек көрсетеді.

Өмірі қиын жағдайға тап болған екі жанмен сөйлестім. Бірі - Шапағат, 58 жаста. Оның айтуынша, кезінде жоғары оқу орнын аяқтап, заңгер мамандығын алған. Кейін Атырау мен Жаңаөзенде мемлекеттік қызметте басшылық қызмет атқарған. 

- Түнде жұмыстан келе жатқанымда дәлізде екі адам шабуыл жасады. Мен де қайратты болатынмын. Қарсылық көрсетіп, айналғанда тонаушылардың бірі сол жерде цементке басын соғып, тіл тартпай кетті, екіншісі ауруханадан бір шығып, сотты болдым. Одан келген соң отбасыммен ажырастым, - дейді Шапағат. - Соңғы қызметім Теңізде еді. Сол кезде жүрегім сыр беріп, ес-түссіз ауруханадан бір шықтым. Ұзақ емделіп, ауруханадан шыққан кезде баратын жерім болмады. Ауылдағы інім қайтыс болды. 4 баламен отырған келінімнің қасына баруға ыңғайсызданып, осы жерге келдім. Қазір емханаға күзетші болып орналастым. Ол жерде 90 мың теңге жалақы аламын. Одан бөлек, мүгедектігіме байланысты жәрдемақым бар. Бұл жерде киім, тамақ, жатын орын, бәрі тегін. Осыны пайдаланып, ақшамды жинап жатырмын. Мемлекет тарапынан жасалған түрлі бағдарламаларды пайдаланып баспана алсам деймін.

Бағыт есімді 58 жастағы әйел адамды патрульдік полиция көктемде көшеде жатқан жерінен алып келген. Бірнеше күн тамақ ішпей ашыққан одан қан сынамаларын алу да қиынға түскен.  

- 20 жасымда тұрмыс құрғанмын. Енеммен бірге тұрып, жақсы өмір сүріп жаттық. Бірақ күйеуімен арада перзент болмады. Үш жыл өткен соң күйеуім өкпесін айтып, ақыры кикілжіңге ұласып, мені үйден қуып жіберді, - деп әңгімелейді Бағыт. - Сөйтіп әке-шешемнің қолына келіп тұрдым. Кейін олар қайтыс болған соң, шаңырақ інімде қалып, аға-жеңгеммен тұрдым. Бірақ оларға да сыймадым. Жұмыспен қамту орталығы арқылы үш жылдай қалалық полиция бөлімінде еден жуушы болып жұмыс істеп жүрдім. Одан қысқарып қалған соң көше кезіп кеттім. Қазір бұл жерде киімім таза, үш мезгіл тамағымды уақытында ішемін. Осында аула сыпырушы болып жұмысқа орналастым. Қолыма 60 мың теңге еңбекақымды аламын. Ақшамды жинап жатырмын. Ертең шығарып жібергенде пәтер жалдауыма қажет.

КЕЙДЕ ОЛАР ҚАЙТА ОРАЛАДЫ

Орталық директорына сауалдар қойдым:

- Бағыт секілді жандар бұл жерден шығарып жіберген соң қайтадан бұрынғы жолына түсіп кетпей ме?

- Қайтадан келіп жататындар бар. Бірақ біз олар қайтадан көше кезіп кетпесін деп қадағалап отырамыз. Алдымен жұмысқа орналастырамыз, содан соң жақын маңнан арзан пәтер қараймыз.

- Карантин сіздердің жұмысыңызға қалай әсер етті? Коронавирус жұқтырғандар болды ма?

- Карантин басталысымен ұтқыр патрульдеріміз көшедегі қаңғыбастардың бәрін орталыққа жинады. Осы жерде тест сынамалары алынып, үш ай ешқайда шығармай ұстадық. Тест сынамалары кезінде 6 адамнан Covid-19 инфекциясы анықталды. Оның екеуі қызметкеріміз - мейірбике мен шаруашылық қызметкері болды. Қызметкерлер үйлерінде, қалғандары Береке ықшам ауданындағы карантин орталығында емделді.

- Қазір сіздің мекеменің жартысы толды. Қыста жағдай өзгеретін шығар?

- Иә, қыста бұл жерде орын болмай қалады. Дәлізге жиналмалы кереует қоюға тура келеді. 1977 жылы салынған ғимарат қазір тозығы жетіп, ылғал тартып тұр. Екі қатарлы жаңа ғимарат салу үшін жобалық құжаттама дайындалды. Құрылыс келер жылы басталады деп үміттенеміз.

Мен тағы бір мәселеге тоқталғым келеді. Біздің міндетімізге қамқорымыздағы жандардың құжаттарын қалпына келтіру және ресімдеу кіреді, бірақ бұл мақсатқа қаражат қарастырылмаған. Мысалы, ресейлік азаматтардың құжатын жасау үшін Орал қаласындағы консулдыққа бару қажет болады, ал бұған іссапар шығындары қарастырылмаған. Жақында бір тұрғынды Қарттар үйіне орналастыру кезінде дәрігерлерден анықтама алу үшін 6000 теңге төлеу қажет болды. Оны қызметкерлер болып қалтамыздан жинап шығардық.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суреттерді түсірген автор

25 қыркүйек 2020, 17:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.