Атырау, 20 сәуір 16:37
 ашықВ Атырау +26
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

ҚЫРГҮЙЕК, ШЕГАРА, КӨГӨНІС... Жаңа емле неге қолдау таппады?

4 350 просмотра
Фотоколлаж: Нұрсұлтан Жорабаев

Қыргүйек, шегара, көгөніс. Биыл Қазақстандағы жаңа оқу жылы аталған сөздерге қатысты даумен басталды. Көпшілік оқулық парақтарын суретке түсіріп, әлеуметтік желілерде жарыса жариялап, қате жазылғанын айтады. Алайда қазақ тілінің кейбір сөздерінің жазылуына қатысты ережеге өзгерту осыдан бірнеше жыл бұрын енгізілген. Халық санасына сіңіп қалған емлені ауыстыру не үшін қажет болды? Мәселені Azattyq Rýhy тілшісі мамандардан сұрап көрді.

«БІР ӘРІП БАЛАНЫҢ БОЛАШАҒЫНА БАЛТА ШАБУЫ МҮМКІН...»

Ережеге өзгерту енгізілгенімен, одан мұғалімдер түгілі, зиялы қауым өкілдері де бейхабар. Оқулықтарда да «даулы» сөздер түрліше жазылып жүр. Екі ортада қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін айыра алмаған ата-ана мен бала әлекке түсті.

Гүлнәр Қалиева – Петропавл қаласының тұрғыны. Тұңғышы Жансая орта мектептің 4-ші сыныбында оқиды. Ол орфография заңдылықтарына өзгерту енгізу – ешқандай пайдасы жоқ бос әурешілік екенін айтады.

«Баламның сабақ үлгерімі жақсы болуын өзім қадағалаймын. 1-2 сыныпта оқығанда «қыркүйек сөзі «к» әрпі арқылы жазылатынын айтып ұқтырдық. 3-ші сыныптың оқулығында бұл сөз басқаша таңбаланған. Бұл – үлкен қателік. Біріншіден, бала шатасады, екіншіден, мамандар халыққа мұндай өзгертудің енгізілуінің нақты дәлелдерін көрсетіп, себебін айтуы тиіс еді. Орфоэпияның өз, орфографияның өз заңдылықтары бар. Оны өзгертудің қажеті шамалы. Қалыптасқан ереже сол қалпында сақталуы тиіс. Бір ғана әріп қателігі баланың болашағына балта шабуы әбден ықтимал. Мәселен, оқушы зияткерлік олимпиадаға қатысып, дәл осы сөздер кездесіп, қалай жазарын білмей қателікке ұрынып жатса, болмашы дүниеден опық жеп қалады. Сол сияқты сынақхат жазғанда бағасы төмендеп қалуы мүмкін», - дейді ол.

«ОРФОЭПИЯЛЫҚ НОРМАНЫҢ БҰЗЫЛУЫНА ЖУРНАЛИСТЕР КІНӘЛІ...»

Елімізде екі жыл сайын қазақ тілінің орфографиялық сөздігі жарық көреді. ҚР Білім және ғылым министрлігі ғылым комитетінің Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты шығаратын әр басылымнан түрлі жаңалық кездестіруге болады. Сондықтан аталған мекемеге көптің басын қатырған сауалды жолдауды жөн санадық. Ұзақ күттірмей жеткен ресми хатта Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Нұргелді Уәлидің жауабы жазылған.

«Филология ғылымдарының докторы, академик Рәбиға Сыздықова апайымыз айтқандай, радионың құлағын бұрап қалсаңыз да, теледидардың тетігін басып қалсаңыз да, қыздарымыздың әп-әдемі әуезді есімін әншілеріміздің өзі Меңді[қ]ыз-ау, Меңдіқыз деп «қа-қалап» айтатыны әдетке айналған еді. Сөз ішіндегі дыбыстардың үндесімі мен үйлесімі бұзылды. Мектеп өмірінде Аманкелді, Жанкелді деген тұлғалар есімін -келді мен «ке-келеп» айту әдетке айналып та кетті. Осы тұста сөздердің айтылу нормаларын көрсететін Р.Сыздықованың «Сөз сазы», Қ.Неталиеваның «Қазақ тілінің орфоэпиялық сөздігі» де жарық көрді. Қазақ сөзінің айтылу нормаларының бұзылуы жайында лингвистикалық оптимизм мен бірталай өткір мақалалар да жарияланды. Бірақ нәтиже ойдағыдай бола қоймады. Осындай жағдайда жиілігі жоғары, күнде естіп жүрген сөздердің жазылуында түбір қуалап жазудан «шегініп», орфографиялық сөздіктерде қыргүйек, көгөніс, шегара сөздерін сындырып жазуға тура келді», - дейді Нұргелді Уәли.

Ғалымның сөзіне қарағанда, журналистердің орфоэпиялық нормаларды бұзуы – орфографиялық ережені өзгертуге мәжбүр еткен.

ЖАҢА ЕРЕЖЕНІ МҰҒАЛІМДЕР ТҮГІЛІ, ЗИЯЛЫ ҚАУЫМ ӨКІЛДЕРІ ДЕ БІЛМЕЙДІ

Республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында талай жылдар еңбек еткен тәжірибелі журналист Өмір Есқали ғалымдардың бұл пікірімен келіспейді, тіпті оның ақылға қонымсыз екенін алға тартады.  

«Кеңесбаев, Ақанов, Серғалиев, Балақаев сынды тағы басқа тіл ғылымының корифейлері арасында кезінде үлкен талас болған. Аманкелді - Амангелді. Бөрік - бөркі-бөрігі сынды сөздердің түбірі сақтала ма, жоқ па деген дау болды. Қазақ тілі грамматикасының ілгерінді ықпал, кейінді ықпал нормаларын өздерінше түсіндіріп, халықты әбден шатастырып, зардабын енді тартып  жатырмыз. Иә, Ахмет Байтұрсынұлы тұсында «қыргүйек» деп жазылған. Өз басыма қыркүйек қонымды. Қос сөзден құралған. Әрқайсысының мағынасы анық. Ал қыргүйек ше? Мағынасы екіұшты. Асхана. Енді асқана деп жазғаннан не ұтамыз? Халық санасына сіңгені өз алдына, оны әдеби тіл нормаларына енгізудің өзі үлкен күш. Сосын айтылу, жазылу заңдылықтары бар. Амангелді –  айтылуы. Аманкелді – жазылуы. Аман және келдінің қосындысы. Дәлелді. Нанымды. Шегара - не мағына береді? Шекара – заттық мағынасы айқын», - дейді журналист.

Осы мәселе бойынша пікірін білу мақсатымен мектеп мұғалімдеріне де хабарластық. Сұхбат беруден бас тартқан педагогтердің бірі кейбір сөздердің жаңа емлесі жайында білсе, екіншісі бейхабар. Бұл аталған ереженің халыққа тиісті деңгейде жеткізілмеген аңғартады.

Ал А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Құралай Күдеринова ақпараттық агенттіктердің біріне берген сұхбатында емле ережелеріне түзетулер енгізілсе де, емле сөздіктері жарық көріп жатса да, оны басшылыққа алатын құзырлы орган жоқ екенін айтқан. 

«Сөздердің жаңа тұрпаттары «Емле және тыныс белгілері», «Қазақ тілі анықтағышының» 1957, 1975, 1996, 2000 жылғы басылымдарының бірегей авторы, «Қазақ тілі орфографиялық сөздігінің» 1978, 1988, 2001, 2005, 2007 жылғы басылымдарының редакторы, профессор Рабиға Сыздықтың ұсынуымен бұдан 20 жыл бұрын пайда болған еді. Тек 2018 жылы жаңартылған бағдарламамен оқулықтар легі шығарылғанда және латын графикасына негізделген жаңа жазуға көшерде ғана бұл емле білім мекемелерінің өзіне «жаңалық» болып шықты. Оның бірден бір себебі – Қазақстан Республикасында емле нормаларының заңдық күші болмауы, Емле ережелеріне түзетулер енгізілсе де, Емле сөздіктері жарық көріп жатса да, оны басшылыққа алып, сүйеніп отырған ЕЛДІҢ болмауы, сақтауды талап етіп отырған ҚҰЗЫРЛЫ ОРЫННЫҢ болмауы», - дейді профессор.
17 қыркүйек 2020, 14:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.