Атырау, 7 мамыр 05:39
 ашықВ Атырау +20
$ 439.43
€ 473.31
₽ 4.82

​Атырау облысының экологиялық мәселеcін шешуге арналған «Жол картасы» нені көздейді

3 840 просмотра

Атырау облысының экологиялық мәселесін кешенді шешу бойынша «Жол картасы» дайын болды. Оны толықтай іске асыру мерзімі – 2023 жылға дейін белгіленген. Облыс әкімі Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВТЫҢ келісімімен «Жол картасын» экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм МЫРЗАҒАЛИЕВ бекітті. Ал, енді ол қандай мәселелерді қамтиды?

Естеріңізге сала кетейік, 29 шілдеде Мағзұм Мырзағалиев жергілікті қоғам мүшелерімен, ірі кәсіпорын мен мемлекеттік орган басшыларымен онлайн-кездесу өткізді. Онда әңгіме Атырау облысы үшін Министрлікте әзірленіп жатқан экологиялық «жол картасы» аясында  өрбіді. Кездесу барысында экология белсенділері бірқатар ұсыныс енгізіп, олар кейін жоба дайындау барысында ескерілді.

«Жол картасы» жеті тарауға бөлінген: атмосфераға ластаушы заттардың эмиссиясын қысқарту; көгалдандыру; қалдықтарды басқару; су ресурстарын реттеу; автокөлік шығарындыларын азайту; жер ресурстарын қорғау; экологиялық мәдениетті арттыру.

Облыстық экология департаментінің басшысы Әлібек БЕКМҰХАМЕТОВТЫҢ айтуынша, онда 40 түрлі іс-шара қарастырылған. Ол «АЖ»-ға ең ірі және қазірдің өзінде басталып кеткен жұмыстар туралы айтып берді.

Атырау қаласының теңгеріміндегі сол жағалаудағы «Сасық сай» булану алаңының бір бөлігін (476 га) қалпына келтіруге ЖСҚ әзірленуде («Сасық сайдың» жалпы ауданы - 1336 га). АМӨЗ теңгеріміндегі «Сасық сайдың» 860 га жерін қалпына келтіруге ЖСҚ әзірленуде. «Сасық сайды» 2023 жылдың қарашасына дейін толық қалпына келтіру жоспарланған.

Атыраудың оң жағалауындағы «Квадрат» булану алаңын қалпына келтіруге ЖСҚ әзірленуде. Бұл жердегі жұмыстарды 2023 жылдың желтоқсанына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Осы жылдың қараша айында I санаттағы ірі кәсіпорындардың басшыларымен бірқатар кездесу өткізу және шығарындыларды түбегейлі азайту бойынша жоспар әзірлеу көзделуде.

Қолданыстағы қатты тұрмыс қалдықтары полигонын рекультивациялауға ЖСҚ әзірленеді. Бұдан басқа, жеке инвесторды тартып, Атыраудың сол жағалауында жаңа ҚТҚ полигонын салу жоспарлануда, оны 2022 жылғы шілдеге дейін жүзеге асыру керек.

Атырау аумағында жасыл желектерді отырғызу үшін I санаттағы кәсіпорындарға учаске бөлу жұмыстары басталды. Атап айтқанда, олар NCOC, «Теңізшевройл», АМӨЗ, «Ембімұнайгаз» АҚ. Ағашты отырғызғаннан кейін кәсіпорындар оларға күтім жасауға міндетті болады.

«Жол картасына» сәйкес Атыраудың сол жағалауындағы кәріз тазалау қондырғысының құрылысы 2021 жылдың шілдесіне дейін аяқталуы тиіс. Оң жағалауда кәріз тазалау қондырғысын қайта жаңартуға ЖСҚ әзірленуде.

Қоршаған орта сапасына мониторинг жасау станцияларының санын екі есеге (4-тен 8-ге ) дейін арттыру көзделген: «Қазгидромет» РМК филиалы бұл жұмысты 2021 жылдың соңына дейін орындауы тиіс. 

Дайындаған Айнұр САПАРОВА

17 қыркүйек 2020, 10:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.