Коронавирус экономиканың бүкіл саласына, әсіресе қазақстандықтардың едәуір бөлігі күн көріп отырған мұнайгаз секторына қатты әсерін тигізді. Мұнай кен орындарына қызмет көрсететін компаниялардың қазіргі жағдайы қалай, алдағы уақытта не күтуге болады? «АЖ» осы сұрақтармен Қазақстан мұнай сервистік компаниялары одағы президиумының төрағасы Рашид ЖАҚСЫЛЫҚОВҚА жүгінген еді.
ШЕТЕЛДІК КОМПАНИЯЛАР БАСЫП АЛМАС ҮШІН
- Карантиннен кейінгі жағдай туралы айтуға әлі ерте, біз осы күрделі жағдайда жұмыс ырғағын сақтауды енді ғана үйрендік. Бүкіл әлем коронавирустың екінші толқынына дайындалып жатқанын ұмытпау керек, - дейді Р.Жақсылықов. – Ал біз қалай күресіп жатырмыз – бұл басқа мәселе. Пандемия мұнай-газ саласына қатты соққы берді - нәтижесінде сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдігі бұзылып, айырмашылық жер мен көктей болды.
Біз мұның салдарын әлі де көріп жатырмыз. Менің ойымша, күздің соңына қарай мұнай бағасы барреліне 30 долларға дейін құлдырауы мүмкін. Ал үкімет - қазір мұнай бағасы түскенімен, кейін қайта көтеріледі, сонда жоғалған пайда орнына келеді деген көзқарасты ұстанады. Бірақ біз мұндай тәсілмен алысқа бармаймыз, қазірден бастап келешекті болжап, байыпты шаралар алуымыз керек.
Ең алдымен ірі мұнайсервистік компанияларын сақтап қалу керек. Мен нені меңзеп отырмын? Егер ахуал қалпына келсе, онда 2022 жылға қарай мұнай сервисіне үлкен сұраныс болады, өйткені барлығы 2020-2021 жылдары пандемия салдарынан іске аспай қалған жобаларды қолға алады. Егер біз қазір бүкіл мұнай сервис компаниясын жоғалтсақ, мұның бәрін кім жүзеге асырады? Ал бізге кім жақын? Әрине, Ресей мен Қытай. Бірақ сол кезде мұнай сервисі саласын Ресей мен Қытай бизнесі басып алды деп ашуланамыз. Сондықтан ірі компанияларымызды сақтап, оларды шетелдік компанияларға тиесілі келісімшарттармен қамтамасыз ету; қорғаныс белдеуін, яғни, олардан пайда көретін орта және шағын компанияларды құру маңызды.
Өкінішке орай, бүгінде Қазақстанның мұнайсервис саласында зәкірлі инвестор – бастан аяғына дейін бүкіл жұмысты орындай алатын ірі компания жоқ. Қазір осындай компания құратын кез келді.
МҰНАЙ СЕРВИС САЛАСЫН ҚАЛАЙ ҚОЛДАУҒА БОЛАДЫ
Одақ өз тарапынан мұнайсервис саласына 3 деңгейлі қолдау көрсетуді ұсынды.
Біріншісі – үкімет салықты азайтуға немесе кейінге шегеруге, «жеңіл ақшамен» көмектесуі керек, санитарлық қорғау шараларын мемлекеттік қаржы есебінен қолдауы қажет.
Екіншісі – жергілікті әкімдіктер. Жергілікті жерде жұмыс түрлеріне өте көп тендер өткізіледі, бұған мұнайсервистік компанияларының көбірек қатысуын қамтамасыз ету керек, өйткені олар тез бейімделеді.
Үшінші – ірі операторлар. Олар қиын кезеңде әлеуметтік тұрғыда жауапты болуы керек.
Біз операторлардан қолданыстағы келісімшарттарды оңтайландырмауды, мөлшерлемелерді төмендетпеуді талап еттік, бірақ, өкінішке орай, олай болмай отыр. Бүгінде шетелдік компаниялар ұсынып отырған құны 50 миллион долларға дейін болатын бүкіл келісімшарттар мен қызмет түрлерін біздің компанияларға беруді де, өндірісті қысқартқан немесе тоқтатқан жағдайда қазақстандық компания жұмысшыларының жалақысын сақтауды да өтіндік. Қазіргі уақытта, өкінішке орай, NCOC пен ҚПО біздің өтінішімізді «үшке», ал «Шеврон» «төртке» орындады. «Шеврон» біздің мемлекет жасамаған жұмысты жасады. Жарты жыл бойы олар 50 мың жұмысшының жалақысын сақтап отыр. Жақында Шевронның Еуразия жөніндегі басшысы Джон БАЛТЦ мырзамен әңгімелестік, ол мұндай қолдау жыл соңына дейін жалғасатынын айтты.
Бүгінде, өкінішке орай, мұнайсервис саласы мемлекет тарапынан нақты қолдау көріп отырған жоқ. Оның үстіне, бұл сала біздің елімізде тіпті экономикалық кластер ретінде тіркелмеген. Алайда 2019 жылы біз 500 миллиард теңге салық төледік, бұл жалпы ҚР бюджетінің 5,2%-ы және банк секторынан 2 есе көп. Біз мол сүт беретін сиырға жақсы күтім жасауымыз керек. Біздің үкімет елемейтін қарапайым формула осы.
- Неге бұлай болып жатыр?
- Карантинде мұнай саласы төңірегіндегі қарбаласта бізде үкімет бар екенін, бірақ жекелеген министрліктердің бір-бірімен келісімге келе алмайтынын түсіндім. Мысалы, Энергетика министрлігінің мақсаты - өндіріс көлемін ұлғайту, мұнай-газ өнеркәсібі мен мұнайсервис саласын сақтау, ал Қаржы министрлігінің мақсаты - көбірек салық жинау.
Бұдан басқа, қазақстандық компаниялардың тендерде шетелдіктерден ұтылу себептерінің бірін әлі күнге дейін жоя алмай келеміз. Мұның формуласы қарапайым - шетелдік компания өз жерінде 3-4 пайызбен, ал біздікілер - 20-30%-бен несие алады. Біз баға ұсынысын берген кезде оған міндетті түрде банк пайызын қосамыз. Содан кейін шетелдік инвесторлар қазақстандықтар қызметті үнемі жоғары бағамен ұсынады деп наразы болады. Бұдан басқа, шетелдік компаниялар тауар әкелу кезінде салықтан босатылады, ал біздікілерге ҚҚС салынады. Бұл да тендер өткізу кезінде біздің мүмкіндігімізге кері әсер етеді.
ЗАҢ ШЕТЕЛДІКТЕРГЕ ҚОЛАЙЛЫ
Ірі оператор мен инвесторлар қазақстандық компанияларды көлемді тендерлерге жақындатпайды. Неліктен? Себебі ұзақ уақыт бірге жұмыс істеп келген сенімді компанияларға бәсекелес компания шығару олар үшін тиімсіз.
Бірақ оны шешуге болады. Қалай? 100 миллион долларға дейінгі құрылыс жұмыстарын қазақстандық компания, құны 100 миллионнан астам жобаларды бірлескен кәсіпорындар 50/50 орындауы керек. Бұдан басқа, құны 50 млн долларға дейінгі жобалар тек Қазақстанда ғана орындалуы тиіс. Бұл өте маңызды, өйткені жобалау кезеңінде тек іргетасы мен материалдары емес, сонымен қатар жұмысты орындайтын және материал мен жабдықтарды жеткізуші компаниялар қалыптасады. Егер жоба Лондонда немесе Хьюстонда әзірленген болса, олар Қазақстанда мұндай компания бар екенін білмейді де, өздеріне таныс компанияларды көрсете салады.
Қазақстандық қамтуды арттыруға кедергі келтіретін тағы бір себеп – қазақстандықтарға қарағанда шетелдік компаниялардың жайлы сезінуіне мүмкіндік беретін заңдар. Бізде қазақстандық компанияның мәртебесі нақты анықталмаған. Егер компанияда қызметкер санының 95%-ы Қазақстан азаматы болса, онда ол қазақстандық компания болып саналады. Бірақ, акционер шетелдік азамат болуы мүмкін - ол табыс тауып, қазақстандықтарға жалақы төлейді, бірақ пайданы еліне әкетеді де сонда өз бизнесін дамытады. Егер ол Қазақстан азаматы болса, онда ол осында жұмыс істейтін еді. Мұны тоқтатып, әрқайсысын өз орнына қоятын кез келді - қазақстандық өз елінде шетелдік азаматқа қарағанда биікте болуы тиіс. Ал шетелдік, егер біздің елге жұмыс жасауға келген болса, онда ақшасын салып, ғылым мен технологияны енгізіп, кәсіпорынды дамытуы тиіс. Содан кейін кетіп көрсін.
Біздің компаниялар әлі де өзін жарнамалауды үйреніп, жолға қоймаған, ал мекеменің имиджін қалыптастыру - бұл ең маңызды іс.
«БҰРҒЫЛАУ САЛАСЫ ТОҚТАП ТҰР»
- Карантин кезінде қанша қазақстандық компания кірістен айырылды?
- Іс жүзінде 60%. Қазір бүкіл бұрғылау саласы тоқтап тұр, өйткені бұрғылау мүлдем жоқ, инвесторлар инвестиция салмайды. Егер қандай да бір жұмыс жүргізіліп жатса, оны қытайлықтар жүзеге асыруда. Мәселен, олар Маңғыстау және Ақтөбе облыстарындағы қазақстандық бұрғылау компанияларын басып озды. Осы жері қиындау. Ірі операторлар қазір тек өндірісті қолдау үшін жұмыс істеп тұр. Көптеген шағын және орта бұрғылау компаниялары алдағы жыл жарым уақытта жұмыс болмайтынын түсініп, әртараптана бастады.
Одақтың дерегі бойынша, бүгінде мұнай сервисінде 20 мыңға жуық адам жұмыссыз қалды, әлі де көбеюі мүмкін. Енді осы жұмыссыз адамдар жұмыс сұрап операторға емес, жергілікті әкімдікке барып, үкіметке жүгінеді. Олар әлеуметтік қамсыздандырылмаған адамдардың қатарын толықтырады, ал бұл ел үшін үлкен жүктеме.
- Сіз «НКОК» пен ҚПО-ның экономикалық қиын жағдайдағы жұмысын «үшке» бағаладыңыз. Неліктен?
- Себебі олар бүгінде отандық бизнесті қолдау бойынша ешқандай тұжырымдама берген жоқ. Тіпті, уәдесін орындамаған.
- Сіз қазақстандық қызметкерлердің салынып жатқан полипропилен өндіру зауытына ҚХР азаматтарын әкелуге наразылығын түсіндіре аласыз ба?
- Бұл бүгін пайда болған мәселе емес. Қытайлықтардың бизнес саясаты мынадай - егер олар бір құрылыс көтеретін болса, олар ақшасын салып, мейлінше көп ақшаны Қытайға кері алып кетеді. Олардың экономикалық стратегиясы сондай. Олар өз жұмысшыларынан бөлек өзінің тауарын сатып алуға мәжбүр етеді. Біздің үкімет келісімшартқа отырған кезде олар ертең қалай әрекет етеді деп ойлауы керек еді. Қазір аталған жобаның қазақстандық қамтуы бар болғаны 10 пайызды құрайды. Бұл біздің аңғалдығымыз. Егер біреу Қазақстан азаматын жұмыс орнымен қамтамасыз етсе, біз қуанамыз. Бұл аз. Кәсіпорындар құрылса қуануымыз керек. Сонымен қатар, олар бірінші кезекте өздеріне қолайлы заң аясында жұмыс істейді, өкінішке орай. Кез-келген заңнан жоғары тұрған ӨБК бар. Ал ұтылатын кім? Тағы да біз.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА