Бүгін, 14 қыркүйекте әлеуметтік желіде шамамен Қарабатанда жанып жатқан алаудың суреті пайда болды. «AЖ» облыстық экология департаментінің бастығы Әлібек БЕКМҰХАМЕТОВПЕН хабарласқан еді. Ол шығарынды дерегі тіркелгенін және алаудың NCOC компаниясына тиесілі екенін растады.
- Біздің мамандар ауаның ластану деңгейін анықтау үшін Қарабатан аумағындағы санитарлық аймақта ластаушы заттар концентрациясын өлшеуде. Прокуратураға хабарладық, енді жоспардан тыс тексеру жүргіземіз, - деді А.Бекмұхаметов.
Кейінірек экология департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, ведомство қызметкерлері жылжымалы мобильді зертханамен Қарабатан аймағына барған.
Шығарындылардың (қара түтіннің) көзі "Болашақ" МГКДҚ зауытының шырақты қондырғысы екені анықталды. Департамент қызметкерлері зауыттың санитарлық-қорғау аймағы шекарасында атмосфералық ауаны өлшеді. Осы өнеркәсіптік объектіге жоспардан тыс тексеру жүргізілетін болады, оның нәтижелері туралы қосымша хабарланады.
Кейін NCOC баспасөз қызметі «АЖ» сауалына өз жауабын ұсынды: «Жабдықтың жұмысындағы технологиялық ауытқуды жою жұмыстарын жүргізу кезеңінде «Болашақ» зауытының газ қондырғысының алау құрылғысында газ жағылды.
СҚА-да орнатылған ауа сапасын бақылау станцияларында ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясының артуы тіркелмеді. «Болашақ» МжГКДҚ штаттық режимде жұмыс істеп тұр».
Айнұр САПАРОВА