Атырау, 13 сәуір 00:58
 ашықВ Атырау +17
$ 433.40
€ 515.83
₽ 5.60

Шатырға шығып оқимыз

3 111 просмотра

Мақат ауданы Ескене және Таскескен елді мекенінің оқушылары ұялы байланыс машақаты салдарынан бірнеше сағатын үй шатырының үстінде өткізуде. Ала жаздай қамсыздық танытқан биліктегілерге  елді мекен тұрғындары наразы кейіпте.

- Менің екі жиенім қашықтан білім алғанға дейін Доссордағы М. Шәріпов атындағы мектеп-интернатта оқитын. Енді онлайнға көшкелі үйден оқуда. Несіне жасырамыз, былтыр оқып жарытқандары шамалы. Біздегі басты проблема - ұялы байланыстың жоқтығы. Оқу жылы басталғалы бері мектеппен байланысқа шыға алмай отыр. Бұл не масқара?! Бұдан он күн бұрын аудандық әкімдік ауылда жиналыс өткізген, онда айтқаны «Қазақтелекоммен» келісе алмадық деді. Сонда ала жаздай не бітірген? Қашықтан оқитыны алдын ала айтылды емес пе. Біз осы қай ғасырда өмір сүріп отырмыз, - дейді күйінген Ескене ауылының тұрғыны Серік ТҰРЛАНОВ.

Ауыл ішін аралап келе жатқанда шатыр үстінде отырған оқушыларға көзіміз түсті. Енді біреулері көрпелері мен кітап, дәптерлерімен саты арқылы шатыр үстіне шыға бастады.

- Балалар, байланыс бар ма?

- Жоқ, апай.

- Күнде осылай шатыр үстінде отырасыңдар ма?

- Күнбе-күн интернет қосылды ма деп күтіп отырамыз. Берілген тапсырманы орындадық, енді оны Wats App арқылы апайға жіберуіміз керек еді...

- Үйден ұялы байланыс ұстамайды, балалар ұстаздарымен байланысқа шығу үшін үй шатырының үстіне шығуға мәжбүр. Олар шатыр үстінде бес-алты сағаттап, кейде кешке дейін отырады. Көрпелерін ала кетеді. Күн де суытып келеді, енді балаларым сырқаттанып қалмаса деймін. Отбасымдағы үш балам мектепте, ал үлкені - студент. Айтпақшы, студенттерге Zoom-мен білім алу мүмкін емес, - дейді Тазагүл.

Таскескенде де дәл осы жағдай.

- Ескене елді мекенінде 22, Таскескенде 6, ал №441 разьезде 2 оқушы бар. Бұл ауылдарға ұялы байланыс жылдамдығын арттыру үшін бастапқыда «Қазақтелекоммен» келісімге келгенбіз. Енді олар бас тартып отыр, олар үшін аз үйге желі жүргізу күлдей шығын екен. Енді «Казтранском» АҚ осы елді мекендерге интернет тартып беруге келісіп отыр. Ескене ауылындағы сегіз үйге қосылды. Бұл жұмыс қазанға дейін жүреді, - дейді Мақат ауданы әкімінің орынбасары Азамат ШАНҒАЛАЕВ.

- Сонда осы айдың аяғына дейін оқушылар осындай азапты күй кеше ме? Ал жағдайы төмен отбасылар неліктен ұялы телефон, компьютер ала алмай отыр?

- Қазір жағдайы төмен отбасыларға үкімет тарапынан әр балаға 25 мың теңгеден көмек беруде. Әр үйде 2-3 баладан болса, сол ақшаны біріктіріп, ұялы телефон сатып алуларына болады ғой.

... Елді мекендерден қайтарда 6 сынып оқушысы Аружан:

- Ұялы байланыс ұстамайды, мен әлі апайыммен сөйлескен жоқпын. Тапсырма да алғаным жоқ. Мектебімді сағындым...

Ләззат КАРАЖАНОВА

Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор

5 қыркүйек 2020, 18:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 707 37 300 37 нөміріне және editors@azh.kz поштасына жібере аласыз.