2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда парник газдарының шығарындылары үшін квоталар саудасының механизмдері іске қосылады. Осыған байланысты Атырауда Батыс Қазақстанның ірі кәсіпорындары өкілдерінің қатысуымен ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі мен БҰҰ даму бағдарламасы ұйымдастырған семинар болып өтті. Бизнеске тиімді болу үшін өнеркәсіптік кәсіпорындардың шығарындыларды қалай азайта алатындығы туралы талқыға салды.
ІСТІ ҚОЛҒА АЛУ
Адам басына шаққанда парник газдарын шығару көлемі бойынша Қазақстан дүние жүзінде 17-ші орында тұр. Бұған көмір, мұнай және газ пайдаланатын энергетика секторы анағұрлым көп «үлес» қосады. Осы ресурстардың әрі қарай бақылаусыз пайдаланылуы климаттың анағұрлым қарқынды жылынуына, шөлді алаңдардың көбейіп, экожүйенің нашарлауына әкеп соғады. Семинарда, айтпақшы, Қазақстанның осы зардаптарды шөлді және жартылай шөлді аймақтардың кеңеюі, су ресурстарының сарқылуы, су тасқыны мен сел тасқыны белсенділігінің күшеюі түрінде бастан өткеріп жатқандығы аталып өтті.
2009 жылы Қазақстан Киото хаттамасын бекітіп, жаһандық жылынудың алдын алу жөніндегі бүкіл дүниежүзілік қозғалысқа бірікті. Еліміз өзіне 2020 жылға қарай атмосфераға парник газының шығарындыларын 15 пайызға, ал 2050 жылға қарай 25 пайызға азайтуға міндеттеме алды. Ол үшін Қоршаған ортаны қорғау министрлігі (ҚОҚМ) БҰҰ даму бағдарламасымен бірігіп, Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшу стратегиясын жасақтауда. Мұнда АҚШ, Еуропа, Оңтүстік Корея және Аустралия елдерінің тәжірибесі негізге алынған.
ҚАМШЫЛАУ ЖӘНЕ АРБАУ
Эмиссиялық квоталарды сату идеясын 1968 жылы канадалық экономист Джон ДЭЙЛС ұсынған. 2003 жылы еуропалық парламент ЕО шеңберінде парник газдарының шығарындылары үшін квоталар саудасының сызбасын белгіледі. Эмиссиялық квоталар саудасы жөніндегі ірі биржа -Чикаго климаттық биржасы боп табылады.
«Жасыл» экономикаға көшудің негізгі компоненттерінің бірі парник газдарының шығарындыларын реттеу боп табылады. ҚОҚМ осы шығарындыларға квоталар бөлудің Ұлттық жоспарын жасады. Квоталар көміртектің қос тотығы шығарындылары жылына 20 мың тоннадан асатын энергетикалық, металлургиялық және басқа салалардың ірі кәсіпорындарына берілетін болады. Қазақстанда мұндай 178 кәсіпорын бар, еліміздегі парник газының бүкіл шығарындыларының 80 пайызы солардың еншісіне тиеді. Олардың қатарына өз қызметін Атырау облысында жүзеге асыратын ірі мұнай өндіруші компаниялар, сондай-ақ АМӨЗ бен АЖЭО кіреді.
Көміртектің қос тотығы шығарындыларының квоталарын саудалау механизмі туралы ҚР ҚОҚМ-нің төмен көміртекті даму департаментінің бас сарапшысы Аида МАҚАЖАНОВА әңгімеледі:
– 2010 жыл квоталарды есептеу үшін негіз етіп алынды. Әрбір кәсіпорын өз қондырғыларының төлқұжатындағы мәліметтердің қорытындылары бойынша парник газдарын шығаруға ҚОҚМ-нан сертификат алады. Қалдықтарды азайту жөніндегі өз міндеттемелерін озық қарқынмен орындайтын және артық квоталары бар кәсіпорындар оны кестеден қалыс қалған кәсіпорындарға сата алады. Бұл жүйе «жасыл» технологияны қолдану есебімен шығарындыларды азайтуға мүмкіндік беруі тиіс. Квотаға «сыймайтындарға» «жоспардан тыс» бір тонна үшін 10 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Пилоттық деп белгіленген 2013 жылы айыппұлдар қолданылмайды.
НАРЫҚ КӨРСЕТЕДІ
Квоталар саудасы әзірге ішкі нарықта жүзеге асырылатын болады, алайда, ҚОҚМ-да сендіргендей, Қазақстанның халықаралық алаңға да шығуға бүкіл мүмкіндігі бар екен. Квотаның үнемделген бөлігі қандай бағамен сатылатындығы әзірге белгісіз. Бұл сұраныс пен ұсыныстарға қарай белгіленетін болады. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, осынау стандартты емес тауардың бағасы - Еуропада парник газының бір тоннасы 10-15 еуро, Жапонияда 150 еуроға дейінгі аралықта екен.
–Біз осындай семинарларды бүкіл аймақтарда өткізіп жатырмыз. Кәсіпорындар жаңа жүйені қолдап, оны жетілдіру бойынша өз ұсыныстарын енгізуде, - деп атап өтті БҰҰ даму бағдарламасы жобасының менеджері Сәулет СӘКЕНОВ.
ТШО, НКОК және АМӨЗ өкілдерінің семинарға қатыспағанын айта кеткен жөн.
Тамара СУХОМЛИНОВА