«…Қартайған кезде, - деді ол, - менде созылып кеткен көнетоз шалбар, беліме дейін түсетін бурыл тартқан бұрымым және аэрозоль бояулар құтысы салынған сөмкем болады... Ал әзірге жасым 23-те, мен әлемді өзіме ұнайтын бояулармен әдемілеп бояймын».
КІЛТТІҢ ОРНЫНА
Мирас ЖАШИЕВ бірден өзіңді баурап алатын немесе мүлдем жаныңа жолатқың келмейтін сирек тұлғалардың қатарына жатады. Бірақ оған бәрібір. Шығармашылық жандардың көпшілігіне мұндай қасиет тән және оларға бұл кешірімді де.
– Мен суретші болғандықтан емес... – дейді ол баспалдақ алаңында темекісін тұтатып тұрып. – Бұл кез келгеннің қолынан келеді. Фотошопқа қиялыңды, ықыласыңды қоссаң болғаны. Мен де арнайы оқыған жоқпын. Бұл бағыт поп-арт деп аталады. Атырауда осындай тек мен сияқтымын, солай ма?
… Содан соң ол ішке кіруге шақырды. Өзінше сыпайылық көрсетіп жатыр: күртемді шешуге көмектесті де, оны сол сәт бір бұрышқа тастай салды.
Бөлмедегі жалғыз ғана орындыққа пирсингтелген, татуаж салынған ғажайып құс секілді қонақтай кетті. Қайта-қайта шынашағындағы сантиметрге жетіп қалған тырнағын ұстай беріп, көзінің қиығымен бақылап отыр. Кілемді басып, отыра кеттім. Қолыма қойын дәптерімді алдым. Үнсіз отырмыз. Қызық, бірақ ешқандай ыңғайсыздық сезінбедім.
–Сіздің тырнағыңыз өсіп кетіпті ғой...
– А, иә, бұл... есіктің кілтін жоғалтып алғанмын, ашуға ыңғайлы. Шаруашылыққа пайдалы нәрсе. Қане, музыка қосайын ба, әйтпесе, іш пысып кеткен сияқты.
МҰНАЙ - ҚАН,ӨМІР - ЛАБИРИНТ,ТЕКШЕЛЕР - ДЖОЛИ
Бір күні Мирасқа өзгеше түс еніпті. Оянар алдында оны әрі-сәрі күйде жадына құйып алып, шабыттанып кетті. Әсерге берілген күйі қолына қағаз алып, сурет сала бастады. Салып болған кезде, таң қалды. Жаман шықпапты.
Дағдыланбағандықтан аздап тыпыршып кетті... содан соң тәулік бойына, тамақ ішпестен, картинаны бірінен соң бірін сала берді.
– Қане, не салғаныңды көрсетші…
Ұйқыдан оянғандай селк етті. Ол ақыры өз ойының тұңғиығынан сүңгіп шығып, көрсете бастады.
– Алдымен авторлық картиналарды, жарай ма? Міне, мынау Атырау туралы. Саған түсінікті ме? Не көріп тұрсың?
– Тербелме. Жүрек... Ммм… Түсіндірші?..
– Иә, тербелме – ерсілеу шығар. Ол Атырау жерінің жүрегінен мұнай сорып жатыр. Мынау жүрек. Оның түбінде аз қалды. Мұнай - қан. Түсінесің бе?
– Түсінбейтін несі бар...
– Мен де соны айтамын – бәрі түсінікті, қолжетімді. Ал мынау, қарашы – адам өмірі. Жоғарғы жағында тұмсығына сәбиді іліп алған ләйлек (аист) лабиринтке кірер ауызда тұр. Өмір деген осы – күрделі, шырмалған лабиринт, одан бәрімізге өтуге тура келеді. Шығар ауызда оны шалғы ұстаған ажал шыдамдылықпен күтіп отыр. Ерте ме, кеш пе, бәріміздің де өлетініміз хақ.
– Фаталист…
– Жоооқ. Өмірді қатты сүйемін. Ақырзаман туралы әңгіменің бәрі түбіме жетіп болды. Бәрінің белгілі бір айтулы күні өлетіні топастық қой... Адамзат бұған лайық емес. Сандырақ. Ендеше оның мәнісі неде? Жалпы менің жойқын жоспарым бар. Саяхаттауды армандаймын. Иығына бояулар салынған арқақап асынған кезбе диуана боламын...
– Ааа, бәсе… Романтик екенсің ғой!..
– Дәл солай.
– Тағы?
– Жанр классикасы – Мэрилин Монро. Мен дайын фотосуретті аламын, оны өңдеп, өз фотомды қосамын. Әдемі әйел. Әдемі болды. Ал мынау - Барак Обама. Мен оған табынамын. Тұңғыш қара президент. Білесің бе, ол американдықтарға үйлерінде қарасора өсіруге рұқсат берді ғой. Керемет. Өзіміздің президентімізді де салғым келеді. Тек... кенет дұрыс шықпай қалса, дұрыс салмағаным үшін түрмеге қамап тастаса немесе айыппұл салса. Бізде солай ғой. Менің картиналарымның бояуын сумен жуып тастаса, ештеңе де қалмайды. Ақ кенеп қана. Маған бұл ұнайды.
…Түрлі-түсті текшелермен салынған Анжелина Джоли, қалпақ киген сары реңді Леонардо Ди Каприо, американдық рэпер Уиз Калифа, Стивен Джобс, Боб Марли, Киану Ривз, Брэд Питт… Әрқайсысы өз түсінде, өз көңіл-күйімен, өзінің ерекше өңделуімен салынған. Содан соң зебралар бар.
«СУРЕТ САЛУДАН ЛӘЗЗАТ АЛАМЫН»
– Түсінесің бе, кейде қайдағы жоқты айтып кетесің? Неге зебралар? Сен картинадан басқа немен айналысасың? Сенің қабырғаңда ілініп тұрған мына қызық нәрселер не? Мынау кімнің роликтері? Басқалар секілді болмағандықтан жалғыздықты сезінесің бе?
– Түсінемін. Өйткені әдемі. Ағаштан мойыналқа жонып жасаймын. Бұл фотосуреттер салынған альбом. Менікі. Үнемі.
– Уффф… Ал енді нақтырақ айтсаң.
– Көпшілігі мені жеңіл ойлы деп ойлайды. Мен сенің есіміңді есіме сақтай алмай-ақ қойдым. Кім еді?.. Бұл баяу қабылдайтындығымнан емес… мен сен кеткеннен кейін есіме сақтаған сол күйі ұсақ-түйекке дейін қамтып, сенің суретіңді сала аламын. Мен өзіме жақын дүниені ойлап отырамын. Ауада жиі қалықтап жүремін. Өз-өзіме ештеңе жасай алмаймын. Бұл жасандылық емес, мен осылай жаратылғанмын.
Зебра туралы айтпай-ақ қояйын, жауап бердім ғой. Ал мойыналқалар - жеке тақырып. Сыйлаймын, сатамын, «жасау» процесінен ләззат аламын. Қабырғада менің фотоальбомым ілініп тұр. Жабылып тұрғанын ұнатпаймын, сондықтан да бәрін ватман қағазға желімдеп қойдым. Мұның бәрі - достарым, құрбыларым, таныстарым. Роликтерге қатты әуеспін. Білесің бе, роликті жақсы тебемін. Бейнежазбаны көрсетейін бе? Қауіпті трюктер жасаймын. Өзім үйрендім, көгала боп жүретінмін. Бірақ менің мақсатым болатын, мен оған жүз пайыз қол жеткіздім. Ал жалғыздыққа келер болсам... Ондай бар. Меніңше, біздің бәріміз жалғыз сияқтымыз. Солай ойластырылған. Сен бұл өмірге жалғыз болып келесің, жалғыз боп кетесің. Біздің қасымызда адамдар толып жүр, бірақ олар да солай... өз өмірлерімен өмір сүреді. Бұл - факт.
Осынау өзгеше сұхбат соңында фотосуретке түсіре бастадым. Менің қолымдағы фотоаппараттың да өз өмірі бар екендігі туралы ойға кеттім. Ол да өзіне қарама-қарсы отыратын жанды қырынан суретке түсіріп алуға бар зейінін салып ұмтылады. Кадрлар әрең түсіріліп жатыр. Жігіт жылға секілді сусып, ширақ қимылдап, дамылдар емес. Талантты екендігінде күмән жоқ. Бір сөзбен айтқанда, өзгеше жан. Жарайды. Шығармашылық адамдарға... Өздеріңіз түсінген шығарсыздар.
Анастасия ПАСТУХОВА