Атырау, 21 желтоқсан 00:12
 бұлттыВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Саясаткер һәм теңіз

8 433 просмотра

Саясаткер Серікжан МӘМБЕТАЛИНГЕ біздің азаматтарымыздың көзқарасы әртүрлі. Ол, өзінің айтуынша, «Мен өз Отанымды сүйемін, бірақ оны басқаратын үкіметті құрметтемеймін» деген саяси ұстанымда. Мәмбеталинмен мен Мәскеуде ресейлік Каспийді құтқаруға қолдау көрсету қоры ұйымдастырған халықаралық конкурс қорытындысы туралы өткізілген таныстырылымнан кейін сұхбаттасқан едім. Ол шараға осы қордың сарапшысы ретінде қатысқан болатын.

«БҰЛ ҚАШУ НЕМЕСЕ БОПСАЛАУ»

- Сіз неліктен ресейлік экология ұйымының сарапшысы болуды ұйғардыңыз? Айтпақшы, ресейліктер Каспий теңізінің экологиялық проблемаларына енжар қарайтындай көрінді. Бұл баспасөз конференциясындағы Мәскеу журналистерінің селқостығынан көрініп тұрды. Ал бізде спикерге жан-жақтан сұрақ жаудырар еді.

- Соңғы үш жылда Каспий теңізімен кәсіби тұрғыда айналысып келемін және өзімді Каспий экологиясының маманымын деп есептеймін. Қазақстанда «жасылдар» партиясына басшылық еткен кезде біз үнемі проблемалар көтеретінбіз. Мен Атырау мен Ақтауға әлденеше рет бардым, мұнай төгіндісіне қарсы әрекет ету базасын салу жөніндегі қоғамдық тыңдауларға қатыстым.  Жалпы, Қазақстандағы мен басшылық еткен партияның идеясы - Мәжіліске өтіп, сол жерден Каспий экологиясына қатысты дабыл қағу болатын. Алайда, билік тарапының бұл проблеманы жете түсінбеуі және трансұлттық мұнай компанияларының ықпал етуі салдарынан бізді сайлаудан заңсыз алып тастап, жасыл партияның қызметіне іс жүзінде тыйым салды.

- Алып Қашаған жобасының төңірегінде көп әңгімелер жүріп жатыр. Ал жақында американдық «КонокоФилипс» компаниясы кенеттен өзінің жобадан шыққанын мәлімдеді. Сіздің пікіріңізше, мұның астарында не бар?

- Бұл компанияның шығуы мен үшін түсініксіз. Бұл жерде екі себеп бар болуы мүмкін. Американдықтар Қашағаннан мұнай өндіруге байланысты тәуекелдің жоғары екенін ұғынып, мұнымен байланысудан айнып қалған. Немесе олар қазақстандық билікті бопсалап отыр. Менің білуімше, батыс компанияларының консорциумы келісім-шарт мерзімін 40-тан 60 жылға дейін ұзартуды қалап отыр. Егер сіздер мерзімді ұзартпасаңыздар, онда біз жобадан шығамыз дегендей. Бірақ Қазақстанның осы үлесті сатып алуға басымдық құқығы бар. Оның «КонокоФилипске» үнділік «ONGC Videsh» компаниясына сатуға рұқсат беру-бермеуі неғайбыл.

- Ал неліктен Қазақстан осы үлесті сатып алмайды?

- Өйткені ҚМГ-нің бұған ақшасы жоқ. 5,5 млрд доллар – үлкен ақша. Оның үстіне бүгінде капиталдың бүкіл нарығы жабық. Әдетте, біздікілер соңғы жылдары: ірі жобаларда қытай ақшасына (несиелер – Л.С.) үлесті сатып алады да, жобаның жартысын қытайлықтарға береді. Бүгінгі күні Қашағанда қалыптасып жатқан ахуал маған әзірге анық емес. Бәлкім бұл елдердің өздері үшін жақсы жағдай жасап, саудаласқысы келетін ресурстық ұлтшылдық көрінісі шығар. Мүмкін, американдықтар Қазақстандағы биліктің ауысуы мүмкін екендігіне байланысты өздерінің саяси тәуекелге баратындықтары жөнінде ойланған шығар. Қалай болғанда да, Қашаған төңірегіндегі ойындар жобаға қатысты бәрі де керемет еместігін дәлелдейді. Міне, қараңыз: «КонокоФилипс» өзінің 8,4 пайызын 5,5 млрд долларға сатады. Сонда бүкіл жобаның құны 50-55 млрд доллар құрайтын болғаны ғой. Дегенмен бұдан бұрын бұл жобаға 136-150 млрд доллар салынды деп айтылған болатын.

 

«БӘРІ ШАРШАДЫ»

- Қазақстанда биліктің ауысуы мүмкін деген сөздерді неге сүйеніп айтып отырсыз?

- Президенттің шаршағаны да, одан халықтың шаршағаны да байқалады. Қазір Назарбаев биліктен кете алатындай жақсы кезең: президент сайлауы өтті, парламент қайта сайланды, олигархтар тазартылды, оппозиция талқандалды. Билікті тапсыру үшін факторлар жеткілікті.

- Үміткер ретінде кімді көріп отырсыз?

- Ешкімді. Соңғы кездері Дариға НАЗАРБАЕВАНЫ жақсы жарнамалап жүр. Айтпақшы, егер ол азаматтық қоғамға сүйеніп, президенттік-парламенттік республика идеясын іске асыратын болса ­– бұл әжептәуір нұсқа. Бұдан басқа, бүгінгі режимнің сақталуына Қарашығанақ, Теңіз және Қашаған кеніштерін игеретін трансұлттық компаниялар аса мүдделі боп отырғанын жиі айтамын. Олар өздеріне тиімді шарттардың сақталу саясатын жалғастыратын адамның келгенін қалайды. Бұл жағдайда Дариға - №1 үміткер.

 

ОСЫҒАН ДА ЖЕТТІК ПЕ?

- Соңғы уақытта Қоршаған ортаны қорғау министрлігі атынан билік Қашаған жобасының шетелдік қатысушыларына бірнеше салмақты әрі жақсы негізделген «шабуыл» жасады. Дегенмен, жергілікті экологтар бұрыннан да осы нәрселер үшін батыс компанияларына сын айтып келеді. Ал соңғы кездері тіпті мұнай саласының «киелі сиыры» - «Теңізшевройл» ЖШС-не де таяқтың ұшы тиіп жүр. Бұл немен байланысты деп ойлайсыз?

- Бұл жақсы ғой. Әйтпесе, бұрын қалай болды: біз экологтармен бірге бір жақтамыз, ҚОҚМ екінші жақта болатын. Бәлкім, ондағылар экологиялық апат болған жағдайда сұраныс өздерінен болатынын түсінген шығар.

- Оның үстіне Қазақстан өнім бөлінісі туралы келісімде (ӨБК) осындай жағдай бола қалғанда мұнай компанияларының жауапкершілікте болатындығы туралы ескертпеген.  

- Иә. Егер салмақты нәрсе бола қалса, Қазақстан көп ақша табудың орнына, Каспий өңірі елдеріне зиян шығынын төлегеннен кейін банкротқа ұшырайды. Бұған мен адамдарды және табиғи ортаға тиетін ауыр зардаптарды қосып отырған жоқпын. ӨБК келісім-шартында консорциум өз адамдарын, жабдықтарын сақтандырып, мұнай төгінділерін жоюға міндеттелді. Және ол төгіндіні жоя алады, мұнайды жинайды, бірақ төңірегіндегі бүкіл тіршілік күкіртсутектен қырылып қалады. Бұл үшін бірде-бір батыстың мұнай компаниясы жауапкершілік алмайды.

 

СОЛТҮСТІК КАСПИЙ –ТЕҢІЗ ҚАЗЫНАСЫ

- Баспасөз конференциясында әңгіменің тек Қашаған туралы ғана болғаны мені аздап таң қалдырды. Алайда, бүкіл Каспий теңізін қорғау жөніндегі тақырып анағұрлым ауқымды болатын.

- Бүл түсінікті, өйткені кеніш орналасқан Солтүстік Каспий - теңіздің ең осал жері. Шартты түрде Каспий үшке бөлінеді – Оңтүстік, Орталық және Солтүстік болып. Оңтүстік сектор - Иран мемлекеті орналасқан теңіздің тереңсулы бөлігі. Ол жерде бүкіл Каспий суының 66 пайызы бар. Түркіменстан мен Әзірбайжан арасында бөлінген Орталық Каспийде судың 33 пайызы жиналған. Тек 1 пайызы ғана Солтүстік Каспийдің (Қазақстан, Ресей, Қалмақстан, Дағыстан) еншісінде. Алайда Каспийдегі бүкіл биотүрліліктің барлығы дерлік осы жерде шоғырланған. Бұл жерде бекіре тұқымдастар қоңданып, Жайық, Еділ өзендеріне уылдырық шашуға шығады, ал бір кездері Жем (Ембі) өзені де Каспийге жететін.

- Бірақ мысалға алар болсақ, Әзірбайжанда да бәрі керемет емес. Баспасөз конференциясында мұнай дақтарының, тіпті, қала жағажайларынан байқалатыны айтылды.

- Иә, бірақ Әзірбайжандағы мұнай басқа. Ол ауыр және өзгеше қысыммен жүреді. Теңіздегі және Теңіз кеніші тобының жалғасы боп табылатын Қашағандағыдай аномальды жоғары емес. Су астында қабаттық қысым одан да жоғары, 800-ден 1000 атмосфераға дейін. Салыстырар болсақ, Мексика шығанағында қысым 160 атмосфераны құрады. Сондықтан, егер Әзірбайжанда мұнай төгіндісі орын алса, онда ол Виктор КАЛЮЖНЫЙ (Ресейдің бұрынғы отын және энергетика министрі – Л.С.) айтқандай, түбіне шөгіп, органикалық қосылыс секілді ыдырайды, оның бір бөлігін балықтар жеп қояды. Бірақ бұл соншалықты трагедия емес. Қашағанға қатысты жағдайда апат зардабы экология үшін де, ел экономикасы үшін де қайтымсыз болмақ.

 

КӨРПЕНІ ӨЗІНЕ ТАРТУ

- Қалай ойлайсыз, неліктен Каспий маңы елдері әлі күнге дейін Каспий теңізінің мәртебесі туралы келісімге келе алмай отыр?

- Өйткені әр ел өзі үшін пайдалы жағын саудалағысы келеді. Сондықтан, Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы, теңіз шекарасын белгілеу туралы келісе алмауда. Бұдан  жершілдік саясаты туындап отыр. Егер өзіміздің секторымыз болса, бөгде проблемалардың бізге қажеті қанша. Мониторинг өткізумен өзіміз айналысатын боламыз. Дегенмен, су ортақ қой. Ал елдер арасындағы келіспеушіліктер салдарынан олар қол қойған Тегеран рамалық конвенциясының бүгінде күші жоқ.

- Ал біз секілді бір теңізді бөлісіп отырған басқа елдердің тәжірибесі қандай?

- Қара және Балтық теңіздері бойынша конвенциялар бар. Бірақ олар, былайша айтқанда, өздері тұратын жерді былғамайтын еуропалық елдер. Ал біз инвестиция тарту үшін, тендер ұтып алу үшін, қысқасы, ешқандай да зардаптарға қарамастан көп ақша алу үшін экологиялық бұзылымдарға көз жұма қараймыз.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

20 желтоқсан 2012, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.