13 желтоқсанда «Ақ желкен» шығармашылық орталығында Батыс Қазақстанның үздік суретшілерін марапаттау салтанаты болып өтті.
Өткен жылы бұл номинация облыстық конкурс мәртебесінде өткізіліп, «Алтын қайық» алтын мүсіншесінің алғашқы иегері болып атыраулық суретші Исім АРЫСТАНОВ атанған еді. Енді конкурс географиясы кеңейіп, Ақтау, Ақтөбе және Орал өңірлерін қамтыды. Бұл қалаларда көрмелер ұйымдастырылып, ұсынылған жұмыстар бойынша 16 үздік суретші таңдалып, финалға шықты.
Атыраудағы шараны ұйымдастырушылар марапатты тапсыру рәсімін салтанатты түрде өткізуге тырысты. Оған қатысушылардың барлығы сол сәттің маңыздылығын сезінген секілді. Суретшілер мен мүсіншілердің өздері шығармашылық жандарға тән демократияшылдықпен – ашық дауысқа салып жеңімпаздарға таңдау жасады (әр адам басқа қаладағы әріптесі үшін дауыс беруге ғана құқылы еді). Нәтижесінде біздің жерлесіміз Әділқайыр ЖАНТАСОВ 3-дәрежелі жүлдегер атанса, екінші орынды ақтаулық Болат БАКИЕВ, үшінші орынды Орал қаласының шебері Төлепберген САРМАНБЕКОВ иеленді. Ал басты жүлде – «Алтын қайық» мүсіншесі үш адамға: ақтөбелік Әділғали БАЯНДИНГЕ, оралдық Ерғали БЕКЕШЕВКЕ және ақтаулық Бағытжан ҚҰЛБАЕВҚА бұйырды.
- Менің қазір шығармашылық тәбетім ашылып жүр: басқа дәнекерлеу әдісімен мүсін жасау туралы кез келген ақпаратты бойыма сіңіріп аламын, сол секілді жұмыстарды мұражайлардан іздеймін, ал олар жоққа жақын, тіпті Қастеев атындағы мұражайда да жоқ боп шықты, - дейді Ерғали Бекешев. Мүсін жасау оның уақытын алып, денсаулығына нұқсан келтірсе де (дәнекерлеу көзді «құртады»), керемет ләззатқа бөлейтіні соншалық ол өзін тоқтата алмайтындай күйде екенін мойындады.
- Махамбет Өтемісұлының мүсінін жасауға екі ай уақыт кетті. Бір тұлғадан тұтас әсер алуға қол жеткізу үшін мен оның бет-жүзін, денесінің әрбір бүгілген жерін қайта-қайта балқытып пісіріп, тегістеп қайрай бердім.
Табысты кәсіпкер Ерғали бизнесін қойып, шығармашылыққа толықтай бет бұрғысы келеді. Гальваниканы жете оқып, күмістен және басқа металдардан мүсін құйып, ағашпен жұмыс жасағысы келеді. Бір сөзбен айтқанда, алдына қойған жоспарлары көп.
Ақпан айында ұйымдастырушылар бүкіл номинанттардың жұмыстарын Астанадағы «Бейбітшілік пен келісім сарайының» көркемөнер галереясына апарып, содан соң халықаралық этномәдени «Дала жусаны – Полынь степи» экспедициясының жобасы аясында Ресейге таныстырғысы келеді.
«Алтын қайық» келер жылы да өз жалғасын табады, дегенмен оның форматы тағы да өзгереді. Гран-при иегері тек бір адам, ал сыйақы қоры 1 млн теңгеден кем болмайды деп белгіленді. Егер бірнеше шеберлер қатарынан үздік деп танылса, онда олардың арасында сыйақы қоры бөлініп, Гран-при тапсырылмайтын болады.
Зульфия ИСКАЛИЕВА