Атырау, 19 сәуір 19:29
 ашықВ Атырау +19
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Түркия мен Қазақстан арасындағы әуе қатынасы 1 қыркүйектен бастап қалпына келеді

2 755 просмотра

Түркия Қазақстанмен әуе қатынасын 1 қыркүйекте қайта бастайды. Бұл туралы Түркияның транспорт және инфрақұрылым министрі Әділ Караисмаилоглуға сілтей отырып Anadolu агенттігі хабарлады. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлайды.

Агенттіктің жазуынша, Түркия әуе қатынасын қалпына келтіру бойынша 92 елмен келіссөз жүргізен. Мемлекет қазір 48 елмен әуе қатынасын жүргізіп отыр.

Коронавирус инфекциясы елге келгеннен екі апта өткен соң Қазақстан үкіметі жолаушы тасымалдайтын халықаралық және ішкі рейстерді тоқтатқан. 1 мамырдан ішкі рейстер біртіндеп қалпына келе бастады. Ал маусым айында бірқатар елге халықаралық рейстер ашылды.

20 маусым күні Қазақстан мен Түркия арасындағы әуе қатынасы екі жарым айлық үзілістен қайта жанданды. Алайда 21 маусым күні Түркияның Анталья қаласына ұшып барған жолаушыдан коронавирус анықталды. Сол күндері Қазақстанда коронавирус пен ауру белгілері бойынша соған ұқсайтын пневмония індеті өршіп тұрды. Сондықтан Түркия 4 шілдеден бастап Қазақстан азаматтарының келуіне тыйым салды.

ҚазАқпарат агенттігінің жазуынша, 28 шілде күні Қазақстан мәдениет және спорт министрлігі туризм индустриясы комитетінің басшысы Дастан Рыспеков Түркия бағытындағы әуе қатынасы 10 тамызда басталатынын мәлімдеген.

Бірақ Түркия Қазақстаннан келетін әуе рейстеріне Рыспеков айтқан күнге дейін-ақ рұқсат берген. Ал Air Astana әуе компаниясы 6 тамызда Стамбұл бағытындағы жолаушы ұшағы ұшуға екі сағат қалғанда Түркияның Қазақстаннан келетін ұшақтарға тыйым салғанын білген. Келесі күні Қазақстан вице-премьері Ералы Тоғжанов пен денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Анкара қаласында Түркияның денсаулық сақтау министрі Фахреттин Қожамен кездескен. Кездесуде Алексей Цой Қазақстандағы эпидемиялық ахуалдың тұрақтағанын айтқан, ал Фахреттин Қожа Қазақстанмен әуе қатынасын қалпына келтіру мәселесі Түркия мемлекеттік комиссиясының күн тәртібіне енетінін мәлімдеген. Түркия тарапы Қазақстаннан келетін әуе рейстеріне күтпеген жерден тыйым салуын коронавирус пандемиясының ұшығуымен түсіндірген.

Ресми мәліметке сай, Қазақстанда эпидемия басталғалы 102 287 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны расталған. Аурудан 1269 адам қайтыс болған. Сондай-ақ коронавирус жұқтырған, бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адам бар. Қазақстан 1 тамыздан бастап белгілері коронавирусқа ұқсайтын пневмония санағын жүргізіп отыр. 1-14 тамыз аралығында пневмонияның бұл түрі 17 494 адамнан анықталған. Екі апта ішінде аурудан 211 адамның қайтыс болғаны белгілі болды.

Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, Түркияда коронавирус 246 861 адамнан табылған. Оның ішінде 5934 адам аурудан айыға алмай қайтыс болған.

15 тамыз 2020, 19:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.